Жұма, 27 Ақпан 2026
Абай мұрасы 98 0 пікір 27 Ақпан, 2026 сағат 12:28

«Тасдиқ» трактаты – Абай ғаламаты

Суреттер: adebiportal.kz, vecher.kz сайттарынан алынды.

Әлқисса (сөз басы). Құрметті оқырман! Абайдың «Тасдиқат» трактатын (қазіргіше 38-ші қара сөз) тәпсірлеуді бісміллә деп қолға алдық. Көпке аян, ол – ойшылдың екінші қолжазба кітабы, ғақлия мұрасы ішіндегі ірісі, ғаламаты. Көшірушілер «Тасдиқ кітабы» деп ат қойған бұл туындыдан цитата келтіру, жеке танымдарын талқыға салу сүйікті ісіміз. Бірақ тұтастық жетіспей жатты. Абайдың мақсұты не, «дүние ойран болмауға» тапқан жолы, іздеген хақиқаты қайсы? Міне, осыған келгенде аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қаламыз. Аталмыш еңбек –  ұлттық брендіміз. Оны қазақ ақыл-ойының шыңы деп мойындау, берісі түркі әлемі, әрісі бүкіл жер шары тұрғындарына таныту, міне, абайтану ілімінің келелі міндеті осы деп білемін. Бұл іске тамшыдай болса да, өз үлесімді қоспақпын. Иә, трактат оңай шағылатын жаңғақ емес, сондықтан оған кіріспе мақала жазып, онда жалпы жәйттерге аялдап, алыстан сермегенді жөн санаған жайымыз бар.  

Еуропа пәлсапасы хәлінен бірер сөз 

Ғажабы, Абай хакімнің «Тасдиқ» трактаты авангард идеяларға толы. Олардың маңызы ерекше. Пәлсапа хәлін соны аңдатуға сөз етпекпін. Болмыс шетсіз, шексіз. Жарық дүние – оның төменгі қабаты, көрінетін бөлігі. Абай бұл дүниені үшінші анық санаған (біріншісі – Жаратушы, екіншісі – о дүние, яки ақирет). Олай болатыны, жер беті, табиғат – адам баласы тіршілік ететін құтты мекен. Алла тағала солай жаратқан. Бірақ, бірақ... жаратылыс сыры, дүние құпиясы, қала қалама, Рух әлемінде! Сол жақта жер бетіндегі барлық тіршілік құбылыстарының жоспары жасалып қойылған. Гәп осы арада.

Адам жан ба, әлде тән бе? Есте жоқ ескі мезгілден адамзат   идеалист және материалист деген екі лагерге бөлінген ғой. Абай ілімі бойынша тән –  төменгі фәни әлемнен, жан – жоғарғы көрінбейтін бақи әлемнен.  Қазіргі адамзат көші адасты. Материализм жолына түсіп, тұтынушылық батпағына батты. Бұл – адасушылық, жан тәнді, сана тұрмысты билеуі керек!  Абай хакім, міне, осы идеяға жұмыс жасаған, үндеген, үйреткен. Шәкірті Шәкәрім «Үш анық» еңбегін: «Тіршілік туралы адам арасында көптен айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар» деп бастап, соңында «жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бір түрлі өмір бар» деген жол дұрыстығын растап береді.

Енді мәселеміз – Еуропа пәлсапасы келейік. Ол айтулы «Ренессанс» дәуірінің талабы мен сұранысын өтеді. Әсіресе, оның  «Құдай жоқ, эволюция заңы бойынша бәрі өздігінен жаралып жатыр» деген парадигмасы дін орнына ғылым ту тігуіне өлшеусіз қызмет етті. Ғылыми-техникалық прогресспен қанаттасқан ілімдер – позитивизм (тек ілгері даму теориясы), дарвинизм және материализм жер бетіне ауадай таралды. Әлемдік ой-сана өлкесін 1894 жылдан қалт жібермей қадағалаған Абай жарықтық: «Ей, шырақтарым, адастыңдар!» деп сан талай бас шайқады, білем. Аталған ілімдер адамзатқа зардаптар  мен қасіреттер әкелетінін көре білгендіктен: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болмақшы» деп ескертеді еуразия ғұламасы. Айтса айтқандай, өткен ғасырда адамзат бұрын-соңды болмаған сан шырғалаңды бастан кешті, шын мәнінде, «ойран болды».

Сонымен, дүние ойран болмау шарты – сананың тұрмысты билеуі. Бұл – Құдай заңы. Міне, Абай идеалистік дейтін осынау заңның, ғылым тілімен айтқанда, доктринаның түпкі себебін анықтап, теориясын тереңдеткен автор. Сондықтан әлем ойының алыбы деуге құқылымыз. Ал, «үш танымақ» ілімі аталмыш теорияны негіздеудің құралы һәм методологиясы болып табылады.

«Үш танымақ» дегеніміз не?

«Тасдиқ» трактаты – өзге қарасөздерден оқшау тұрған, Абайдың барлық ой-толғамдарын бойына тұндырған туынды. Кіріспесін оқиық: «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады». Ол қандай ғылым-білім? Оны ойшыл былайша нақтылаған: «Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана пайдалы мен залалды айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады». Міне, Абай бала үйренсе, білсе деп атап отырған төрт нәрсе – үш танымақтық және бір айырмақлық! Көкірек көзі ашылуы осы төртеуге тәуелді. Білмеген соқыр қалың тұманға тап болған жолаушы немесе ескексіз қайықпен теңізге шыққан пақыр есепті. Ол өмірден тірі өлік боп өтпекші.

Сөйтіп, трактатты ашу кілті – келтірілген тезис. Өйткені, туынды соған сәйкес жазылған, құрамдас төрт бөлімнен тұрады.

Төртеудің соңғысы (пайдалы мен залалды айырмақлық) – іс-әрекет немесе тәжірибелік философия. Оны кейінге қалдыра тұрып, алдымен Абайдың «үш танымақтық» теориясын талқыға салмақпыз. Үш танымақ трактат мазмұнын неліктен көктей өтеді? Осыны түсініп алу маңызды.

«Үш танымақ» дегеніміз – болмыстың үш қабаты (Алла, адам, дүние). Бұл үшеуі «адамның ғылымы» дегеннің бәрін қамтитын абсолют. Онан тыс ештеңе де жоқ. Болмыс бірлігін білген, үйренген баланың санасы сәулелі, есі бүтін болмақ. Абай: «Ең болмаса шала үйренсін» дейді. Әлбетте, ұлттық тәрбиенің іргетасы да осы арада (үш танымнан мақұрым қалған, ең болмаса шала үйренбеген қаншама адамның тағдыры талқан болды десеңізші).

Бірден айтайық, «үш танымақ» жаңалық таным емес. Ғылымда оны «Ұлы үшкіл» («Великая Триада») дейді. Болмыстың құрамдас үш бөлігі (Құдай, адам, дүние) деген мағынада. Кейде макрокосм (үлкен ғалам) және микрокосм (кіші ғалам) делінеді. Макрокосм дегеніміз – рухани және материалдық жақтар тұтас қамтылған шексіздік. Микрокосм деген – жан, рух және тәннен тұратын адам болмысы. Екеуі қос тамшыдай ұқсас. Адам баласы – ұшы-қиыры жоқ ғарыштық болмыстың титтей көшірмесі саналады.

Қорыта айтқанда, «үш танымақ» ілімі – ғылым-білімнің де, тәрбиенің де қайнары. Неге десеңіз, ол болмыс бірлігінің заңы, формуласы. Ес-ақылдың бүтіндігі – оны білу, сезу деңгейімен өлшенбек. Егер бала үш танымды, азды-көпті болса да, үйренсе, білсе аты адам болары һәм дүниеге бір кірпіш боп қаланары шүбәсіз. Үш танымақ ілімі жайлы айтпағымыз әзірге осылар, енді Абай мақсұты дегенге келейік.

Абайдың мақсұты – хақиқатты жеткізу

Жастарға тәрбие берген кезеңде Абай: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» (1887) дейді. Бұл жерде «мақсұт» сөзінің мәні «мақсат» сөзінен өзгерек, ол – адам саналы түрде иығына алатын рухани жүкті (ғылыми лексикада «миссия») білдірсе керек.

Ой-өрісі, санасы шапшаң толысқан жанда мақсұт та өзгермек. Абайдың жаңа мақсұтты көздегені – 1894-1895 жылдар. «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек», «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман – алдыңдағы келер заман»,  «Алла деген сөз жеңіл» секілді пәлсапалық ірі өлеңдер жайшылықтан тумаған. Сонымен бірге, пенделік мінез, адалдық, өзін тану, Алланың хикметін сезу көтерілген  қарасөздер өз алдына бір төбе.

Сөйтіп, жасы елуден асқан Абайға түпкі себеп пен хақиқат (тура жол) пердесі түріле бастаған тегі. Оның ғажайып, яки ғаламат деп айтарлық жемісі – «Тасдиқ» трактаты (арабтың «тасдиқ» сөзінің мәнісі – хақиқатты іздеу). Ол қасиетті кітаптарға негізделген, әлемдік деңгейде – «дүние ойран болмауы» көзделген туынды. Аталмыш рисалада болмысты тұтас қабылдау,  Аллаға ғашықтық мәнісі, пенделіктің кәмалаты, Хақ жолы, діннің ішкі мәні, иманның тазалығы сияқты проблемалар қамтылған және шешімін тапқан.

Осы тұста былтырғы жылғы рухани олжамыз – 1896 жылы священник Леонид Покровский мен Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы арасында болған сұхбатқа бұрайық. Дін – адам мен Алланы байланыстыратын нәрсе. Яғни оның дәні, ішкі мәні – махаббат сезімін ояту һәм көпшілікті Хақ жолына салу. Шіркеу қызметкері мен Абайдың арасындағы сұхбат негізінен осы мәселе төңірегінде өрбіген екен.

Абай бірден-ақ жаңағы терең мәселеге көшеді. Священник Леонидтің өз аузынан естиік: «Большинство изучает магометанство по переводам, и все переводы, в том числе и Г. Саблукова, весьма не правильны. Я, говорил, Ибрагим, работаю над восстановлением истинной религии магометанской в том виде, в каком дал ее Магомет.  ...Магомет, между прочим, никогда не учил о священной войне, он всегда поощрял занятия наукой, проповедывал любовь ко всем людям» (мақала атауы – «Записки Киргизского миссионера священника Леонида Покровского за 1896 год».  – «Православный благовестник» журналы. – Мәскеу, 1897 ж. – №9 ).

Мәтінді оқып отырып, қиырдағы Шыңғыстау баурайында жатқан Абайдың исламның формасы қалған, рухы жоқ, мен соны қалпына  келтірмекпін деген сөзіне қайран қаласыз. Бұдан асқан міндет бола ма адамда? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғылымға іңкәрлік пен адамзаттың бәрін сүюді үйреткен, жеккөрушілік пен соғыс оған жат дегені неге тұрады. Міне, Құранның тәулиіне (шын мағынасына) қанық кісінің сөзі. Амал қанша, Еуропада дінді ғылым жеңгені секілді, ислам формасы ішкі мәнді, қауызы дәнді жеңді. Оған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетінің сүннит және шиит болып екіге жарылуы айдай айғақ.

Бір анығы, Абай киелі төрт кітапты түгел тексерген. Бәріне ортақ нәрсе – Алла тағаланың салған жолы, яғни махаббат пен ғадаләт заңы екенін анықтап алған. «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» дейтіні сол. Бірақ діннің сыртқы формасы жеңіп, Тәңірінің ісі (әмірі, заңы) бастапқы мәнін жоғалтуы мүмкін: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп, дұспандық қару жасар» (Шәкәрім). Осы хәлді көріп-біліп отырған Абай  «Тасдиқта»: «Тәңірінің ісін ойлан» деген хадиске, «Құдай адал адамдарды сүйеді» деген аяттарға ешкімнің ықыласы, көңілі мен ғылымы жетіп құптағанын көргенім жоқ» дейді. Бұл пікір ескірер емес.

Сөйтіп, біз талдау жасаған Абай 1896 жылы священникке айтқан бір ауыз сөзі –  әлемдік ойлау шеңберіне көтерілгенінің айшықты куәсі.

«Үш танымақ» – Абайдың төл ілімі

Айтпай кету жарамас, Абай ілімі, ғылыми жаңалығы десең, болды, бітті, бұл неғылған асыра мақтау, бүлк етпес бөспелік деп бұртия қалатын жандар арамызда баршылық. Оның себебі, рухани езгіге түскен, еңсесі басылған халықпыз, Батыс ілімінің бәрін алтынға балап, ақылға салмай-ақ, оған бас ұруға әзір тұрамыз.  Бірақ шындық – қымбат. Сол шынның көзімен қарасақ, Абай – феномен құбылыс. Ол өзінің туған халқына әулие-хакім болып жіберілген, рухани шыңға шыққан ілім иесі. Ғаламды ең биіктен таныған адам – гений, кемеңгер, ол барлық адамзаттың рухани ұстазы. Міне, Абай, Шәкәрім жайлы осыны айтамыз.

Адамға жанынан ілім шығару бұйырмаған, бұл – аксиома.  Ілім дегеніміз – табиғатта және тылсым әлемінде Жаратушы бар қылып жаратқан, бірақ сырын ішіне бүккен заңдылықтарды ашу.  «Менікі деп жүргеннің бәрі Онікі» (Абай) демекші, адам еншісі – Алланың шексіз хикметтерін біртіндеп ашып, онан пайда алуға саяды. Платон, әл-Фараби, Яссауи, Гегель, Кант, мейлі, Ньютон, Дарвин (эволюция заңы), Маркс (экономика заңын ашқан), Менделеев дейік, қай қайсы да бұрын беймәлім сыр я заңды ашып тарихта қалып отыр емес пе. «Тасдиқ» трактатына қалам тербеген Абай ілім, жүйе жасау дегенді, әлбетте, ойына да алмаған. Тәңірі ерекше ақыл мен өткір сезім дарытқан, ақиқатты қабылдау қабілеті (интуиция) өте күшті гений болғандықтан өзіне ашылған тылсым дүние сырларын қағаз бетіне түсірген. Болды, бітті. Әулие-хакім болудың мәнісі осы арада.

Қала қалама, болмыс сырын түптеп қопару – Тәңірі әмірімен Абайға бұйырған, алайда бұл батыс оқымыстылары түгіл, ислам әлеміне де мәлімсіз жәйт. Қазақ ғылымы бұл жағдайды оңалтуға күш салуға тиісті.

«Үш танымақ» – Абай ілімі деуге дәлелдер қайсы? Осыған көшейік.

Ғалам үш қабат, оның құрамдас үш бөлігі (Алла, адам, дүние) деп ежелден танылғандүр. Оған кім таласар. Алайда аталған үшкіл түптеп қопарылған, олардың бірлігі бұлтартпастай дәлелденген ғылыми трактат бар ма жарық дүниеде? Міне, құпияның көкесі осы арада.

Еуропа пәлсапасы хәліне ілкіде тоқталдық. Гегель, Кант сынды мықты философ бірлі-жарым, өзгелері (Декарт, Фихте, Шеллинг, Фейербах, Дидро, Ницше және т.б.) тылсым сырын меңгере алмағандар  (рух биігіне ақыл мен хауас шарасыз ғой). Мистицизм, эзотеризм, сондай-ақ, экзистенцизм (өмір мәнін іздеушілік) дейтін жүйе, ілімдер, шыны керек, материализмнің әрі жақ-бері жағы ғана. Батыс мақтан тұтатын психология ғылымын Шәкәрім: «Жан жоқ» – дейді психолог, – Сау адам мұны ұғар ма?» деп сынға алады. Сөйтіп, кіндігі прогресске байланған батыстың пәлсапасы тығырыққа тіреліп-ақ отыр. «Еуропаның батуы» («Закат Еуропы») демекші, бұл жағдай оңалар, түзелер деген үміт те шамалы.

Шығыс пен Батыс айырымы неде? Бұл да – қызық.  Батыс әлемі кісіні заң-зәкөнімен тәрбиелейді, тіршілік дамуы маңызды және сыртқы ғылым – нақлия жүйрігі. Шығыстың ерекшелігі – тәлім-тәрбиесі құдайшылық (шариғат, салт-дәстүр арқылы), жүрек тазаруы маңызды, ішкі (батини) ғылым – ғақлия жүйрігі. Бақсақ, рухани тұрғыдан екеуі – екі әлем.

«Ғақлия жүйрігі» дегеннен шығады, «олар ашпаған болмыс сыры, сірә да, жоқ» деп әулиелік статусқа жеткен атақты суфизм өкілдеріне (ибн Рушд, ибн Араби, әл-Кинди, ибн Туфейль, Мәулана Руми және т.б.) жүгінеміз. Бірақта «Тасдиқ» деңгейіндегі ғылыми рисаласы, трактаты кәне? Ғалам тұтастығы, Алла мен адам болмысы, хақ жолы, пенделіктің кәмәлаты сынды хақиқатты Абайдай ұқтырған данышпаның қайсы? Жоқ, көре алмадық (қазір интернет заманы ғой, әркім өзі тексере алады). Мысалға исламның ұлы ғалымы әл-Ғазалидің «Ихия» («Ихия илм ад-дин») атты әйгілі шығармасын «Тасдиқпен» салыстырайық. Алдыңғыға онша қиналмадық, оқып түсіндік, ал соңғыны түсініп көр, шыны керек, ондаған жылды сарп еттік. Неге десеңіз, бұл шығармада священник Покровскийге: «Ендігі жұмысым – мұсылман қауымға дін ислам ішкі мәнін, дәнін түсіндіру» демекші, Абай рухани өріс проблемасын тұтас шешкен. Егер «Тасдиқтың» авторы неміс, ағылшын я араб болса ше, онда баяғыда жер-жаһанды жаулап, адамзат санасына сілкініс әкелер ме еді, сөйтіп, діндерді бұрмалау да тыйылар ма еді шіркін...

Осы айтылғандар «үш танымақ» – Абайдың төл ілімі деуге жеткілікті сияқты. Ол – ғайыптан түскен  «Тасдиқтың» мазмұны. Абай: «Оны үйрен, біл, ең болмаса шала, сонда махаббатың толады, атың адам болады» дейді. Ел болашағы, сөз жоқ, Құдайға қараған, жүрегі таза, Абай арман еткен саналы ұрпаққа тәуелді. Әйтпесе жоқ. Қазақ даналығы да: «Бала бер, бала берсең – сана бер, сана бермесең – ала бер» демей ме.

Сонымен, «Тасдиқ» трактаты – Абай ғаламаты. Ондағы «үш танымақ» (оны «үш анық» десек те орынды) – ғаламдық ғылым-білімнің іргетасы.  Оның «Абайдың үш танымақ ілімі» аталып, жер-жаһанға кеңінен таралып, танылуы мемлекеттік мәнге ие ірі мәселе. Құдай қолдаса, трактат мазмұнын төрт бөлімге бөліп, әрбірін шама-шарқымыз жеткенше талдап, тәпсірлеп шығу алдағы шаруамыз болмақшы.

Асан Омаров, абайтанушы

Abai.kz

0 пікір