Дүйсенбі, 2 Наурыз 2026
Жаңалықтар 98 0 пікір 2 Наурыз, 2026 сағат 15:14

2026 жылдың алғашқы екі айында бюджет кірістері жоспардан асты

Сурет: GOV.KZ сайтынан алынды.

2026 жылдың қаңтар–ақпан айларының қорытындысы бойынша республикалық бюджет кірістері жоспарға сай және тұрақты түрде орындалды, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттің салықтық түсімдері бойынша жоспардың орындалуы 113,7 құрады, бюджетке 2 979,0 млрд теңге түсті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 677,5 млрд теңге немесе 129,4%.

Оң динамика негізгі бюджет құраушы салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша өсу қарқыны 116,9% (+118,0 млрд теңге), Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша 138,8% (+428,6 млрд теңге) құрады.

Сонымен қатар, ақпараттық кеңістікте бұрын 2026 жылдың қаңтар айындағы деректерге негізделген сараптамалық бағалаулар пайда болды.

Айта кету керек, мұндай қорытындылар бюджет кірістерінің шынайы жағдайын толық көрсетпейді. Себебі 2025 жылдың төртінші тоқсанына қатысты кейбір негізгі төлемдер 2026 жылдың 25 ақпанына дейін төленеді.

Тиісінше, түсімдердің едәуір бөлігі дәстүрлі түрде ақпан айының қорытындысы бойынша қалыптасады. Нәтижесінде, 1 наурызға ҚҚС бойынша жоспардың орындалуы 119,8%-ды құрайды немесе жоспар 1 281,0 млрд теңге, нақты түсім 1 534,5 млрд теңге.

— Екі айдың қорытындысы бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуын объективті сипаттайды және кірістердің тұрақты өсуін және алдын ала теріс бағалауға негіздердің жоқтығын растайды. Нақты деректер салық түсімдерінің оң динамикасын және ағымдағы макроэкономикалық жағдайларға сәйкес келетінін көрсетеді, — деп атап өтті комитет.

Бұдан бұрын 2026 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанда арнайы салық режимдерінің жаңа тәртібі күшіне енетінін жазғанбыз. Енді кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үш режимнің бірін таңдауы керек.

Abai.kz

0 пікір