Сейсенбі, 7 Шілде 2026
46 - сөз 560 0 пікір 6 Шілде, 2026 сағат 14:54

Астана – ел жүрегі, домбыра – ұлт үні

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Бүгін – қазақ даласы үшін айрықша күн. Біз еңселі елордамыз Астананың туған күнін тойлаумен қатар, ұлттық рухымыздың жаны, халқымыздың төл болмысының айнасы саналатын Ұлттық Домбыра күнін ерекше ілтипатпен атап өтіп жатырмыз. Бұл қос мерекенің бір күнге тұспа-тұс келуінде терең символдық мән бар. Егер Астана – егемен еліміздің саяси жүрегі, жарқын болашаққа ұмтылған жасампаздығымыздың символы болса, қасиетті домбыра – сол ұлттық діліміз бен бабалар тарихын жүрегінде сақтап, ұрпақтар жалғастығын қамтамасыз етіп тұрған алтын діңгегіміз.

Ұлттық Домбыра күні – тамыры терең мәдениетімізді жаңғыртатын ең қадірлі мерекелердің бірі. Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деген қанатты сөзі осы аспаптың ұлт өміріндегі орнын айқындап бергендей. Қос ішекті қара домбыра – жай ғана аспап емес, ол – ұлтымыздың үні, тарихымыздың шежіресі және рухани жадымыздың сақтаушысы. Қазақ халқының қуанышында да, қиындығында да қасынан табылып, жігерін жаныған, рухын асқақтатқан қасиетті аспап бүгінгі жаһандану заманында төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді. Домбыраның күмбірі естілген жерде елдің рухы оянып, бірлігіміз беки түседі. Осы орайда, халықаралық қауымдастыққа қазақ домбырасының сазды әуенін таныстыру – біздің ортақ парызымыз. Сондықтан да бұл күні өнерімізді дәріптеп, өмірін осы өнерге арнаған күйшілер мен ұстаздардың еңбегін бағалап, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру – өте маңызды міндет. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау алғаш рет Халық Ата заңының негізгі қағидаты ретінде айқындалғаны да осының дәлелі.

Елордамыз Астана да жыл өткен сайын жаңару үстінде. Бүгінде Астана – тек саяси-экономикалық орталық қана емес, сонымен бірге аймақтық және жаһандық саясаттың аса маңызды мәселелері шешілетін алаңға айналды. Қалада масштабты инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, «Tarlan» жеңілрельсті көлік желісінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, Қазақстан темір жолы тарихының мұражайы ашылып, бұрын аяқталмаған нысандарды қатарға қосу және заманауи қалалық ортаны қалыптастыру бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің басшылығымен инфрақұрылымды дамыту, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көгалдандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасауға ерекше мән берілуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, елордамыз «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық этиканың орталығы болуы тиіс.

Астананың мерейі мен домбыраның күмбірі астасып жатқан осы бір маңызды күнде барша отандастарымызды мерекемен құттықтаймын. Ұлттық аспабымыздың қасиетті үні ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақтың рухын әлемге паш ете берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолындағы игі істеріміз әрдайым жемісті болсын. Әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс пен амандық тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын, қымбатты отандастар!

Abai.kz

0 пікір