Сенат Төрағасы: Мемлекеттілікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру – Конституциялық реформаның басым міндеті
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін Жетісу облысының жұртшылығына жаңа Конституцияның маңызы мен мәнін айтып берді. Ол алдағы референдумды еліміздің тұрақты дамуының іргетасы деп атады.

Сурет: Жетісу әкімдігінен алынды.
Сенат Төрағасы 15 наурызда қазақстандықтар референдумда маңызды шешім қабылдайтынына назар аударды. Оның айтуынша, конституциялық реформа елімізді тұрақты дамыту, демократиялық қағидаттарды нығайту және саяси жүйені кешенді жаңарту жолында тарихи әрі стратегиялық маңызға ие.
«Жаңа Конституция жобасына байланысты республикалық референдум – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елді ауқымды әрі жүйелі жаңғырту бағдарын іске асыру жолындағы тарихи кезең. Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдерді азаматтардың таңдауына сүйене отырып қабылдау демократия қағидаттарына адалдықтың айқын көрінісі екені анық. Конституциялық реформаның басым міндеті – Тәуелсіздікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасында заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ, елдің орнықты дамуына басымдық берілген», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сурет: Жетісу әкімдігінен алынды.
Тағы бір маңызды ерекшелік ретінде дамудың негізгі бағдары – адам капиталын жетілдіру, мемлекеттілікті, Тәуелсіздік пен егемендікті нығайту, сондай-ақ, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау Конституция жобасында нақты белгіленгені айтылды.
«Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі оның адамға бағдарлануы екенін айрықша атап өткен жөн. Азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне назар аудару мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып отыр. Ата Заң жобасында адам құқықтары декларативті ереже емес, маңызды қағидаттар және нақты міндеттер ретінде қарастырылған. Бұл – сапалы білімге қолжетімділік, тиімді денсаулық сақтау жүйесі, әлеуметтік қорғау және әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруына мүмкіндік беру секілді бағыттарды қамтиды. Осы қағидаттарды жүзеге асыру барлық институттардың – Құрылтайдың, Үкіметтің, әкімдіктер мен мәслихаттардың, сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен күш-жігерін талап етеді. Мұндай қадамдар – ел игілігі жолындағы ортақ жауапкершіліктің жарқын көрінісі екені анық», – деді Палата Төрағасы.
Сонымен қатар Парламент депутаттары өңірдің белсенді жастарымен, зауыт жұмысшыларымен және фермерлерімен кездесті.

Сурет: Жетісу әкімдігінен алынды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Елдің әл-ауқаты осы саладағы табыспен тығыз байланысты. Бұл бағыттағы ілгерілеу ауылдардың, өңірлердің, жалпы, тұтас елдің дамуына серпін береді. Бүгінде осы және басқа да салаларда жүйелі жаңғыртулар жүргізілуде. Ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуына, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және бүгінгі әрі келер ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Жетісу облысы – еліміздің маңызды ауылшаруашылық, индустриялық, ғылыми және экономикалық орталықтарының бірі. Бүгінде өңірдегі кәсіпорындар осы игі дәстүрді жалғастырып, өсім мен инновацияның нақты драйверіне айналып отыр», – деді ол кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде.
Abai.kz