Арыстандардың айбаты және көкжалдың ырылы
«Арыстанның айбаты» - Израильдің АҚШ-пен бірге Иранға қарсы әскери операциясының атауы. «Арыстан мен Күн» – Иранның 1979 жылғы Ислам революциясына дейінгі рәмізі»
Сонымен, АҚШ пен Иран арасындағы қарулы қақтығыс екі елдің шаруасы болудан қалып барады: Таяу Шығыстағы текетірес аймақтық қана емес, дүниежүзілік сипат ала бастады. Алдымен, Иранның өзі, әскери құрылымдармен қатар бейбіт жұрт атқылаудың астында қалды, қаладағы ғимараттар қирауда, сосын Иран жауап беріп, осы өңірдегі АҚШ әскери базалары орналасқан елдер зардап шекті: қорғаныс амалдарын жасап, олар да әскери жағынан қамданып, тиісті жауабын беруде.
Күнде бір жаңалық, соғыс аумағы ұлғайып барады. Сол себепті ертең не боларын болжаудың өзі мүмкін емес.
Сол себепті мен әзірше дүниені дүрліктірген қарулы қақтығыстың екі басты кейіпкері – АҚШ пен Иранның не істеп жатқаны және не істеуі мүмкін екені туралы жазбақшымын. Өйткені осы екеуінің жоспары, шын мәнінде діттеген мақстаттары, содан туындайтын қимыл-әрекеттеріне бар нәрсе байланысты.
АҚШ президенті Дональд Трамптың не істеп, не қоятынын алдын-ала айту мүмкін емес екенін барша жұрт біледі. «Сегіз соғысты тоқтаттым», - деп жұрттан сүйінші сұраған «Бейбітшілік кеңесінің» төрағасы енді, міне, жаңа соғысты өзі бастап отыр. Бұдан асқан ащы ирония мен сарказм бола ма?!
Сонымен, Трамптың соғысты бастауының басты себептері қандай?
О баста «басты мақсат - Иранның ядролық қару бағдарламасының орындалуына жол бермеу», - деп Трампқа дейінгі АҚШ басшылары жиі айтып келді. Трамп та сол риторикадан айнымады. Бірақ осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ Ирандағы ядролық орталықтарды бомбылап, жермен-жексен етіп тастады емес пе?
Сөз жоқ, Ирандағы теократиялық режимнің өз халқына жасап жатқан қиянаты шаш етектен. Алайда, бір мемлекеттің басқа мемлекеттің билігін әскери күш қолданып, құлатуы, сөз жоқ, халықаралық заңнама нормаларына үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Юриспруденцияда «прецедент» деген ұғым бар, бүгін Венесуэла мен Иранның ішкі ісіне осындай өрескел түрде қол сұққан Трамп ертең басқа елде өз ойына келгенін істемейді деп кім айта алады?!
Қалай болғанда да, соғыс басталып кетті. Оның сұмдық хроникасын біз күнде көріп жатырмыз. Қаншама адам қаза тапты, қаншама ғимарат қирап қалды?! АҚШ пен Израильдің тоқтар түрі жоқ. Трамп күні кеше «әскери операция төрт-бес аптаға созылуы мүмкін», - деп қалды.
Иранға келсек, аятоллалар режимі «өліспей, беріспейміз!», -деп, қорғаныс амалдарымен бірге, АҚШ әскери базалары орналасқан көрші және алыс елдерді нысанаға алып, атқылауда.
Қаза тапқан аятолла Хаменеидің орнына күні кеше жаңа басшы – оның ұлы Моджтаба сайланды.
Жағдайдың одан әрі өрбуі төрт нәрсеге байланысты деп ойлаймын.
Біріншіден, Трамп қаншалықты тегеурінді де табанды бола алады, о баста жариялаған мақсатына жету жолында әртүрлі себептерді пайдаланып, тайқып шыға келмей ме? Қарап отырсақ, оның өз елінде осы соғысқа қарсы кұштер аз емес.
Екіншіден, Иран билігі әлемдегі ең озық әрі жасақталған қос армияның шабуылына қаншалықты төтеп бере алады, жүйе қаншалықты тұрақты бола алады? Билік құрамындағы күштер ауызбіршілік таныта ала ма? Осы күнге дейін жеккөрінішті боп келген билікке қарапайым халықтың көзқарасы қандай болады, өзгере ме? Ортақ қауіп алдында теократтар мен демократтар бірігіп кетпей ме?
Өйткені, ел басына күн туғанда бұрын айтысып-тартысып жүрген саяси күштер уақытша болса да, жалпыұлттық мәмілеге келу мүмкіндігін мүлдем жоққа шығаруға болмайды.
Үшіншіден, соғысты бастаған екі жақ басқа елдердің де қолдауына зәру екені түсінікті. Халықаралық коалицияның қолдау деңгейі қандай болады? Бұл тұрғыдан алғанда, әрине, бүгінде тасы өрге домалап тұрған Трамптың ұпайы түгел болмақ. Оның үстіне Ирандағы теократиялық жүйеге деген көп елдің көзқарасы теріс, оны қолдаса, Ливандағы «Хезболла», Йемендегі хуситтер, Ирактағы шииттік әскери құрылымдар қол ұшын беруі мүмкін.
Төртіншіден, және де бұл ең басты шарт, бар нәрсе Иран халқының өзіне байланысты. Осыған дейін талай рет аятоллалар билігіне қарсы шығып келген еркін ойлы қауым осы тарихи мүмкіндікті пайдалана ала ма? Трамп та, Нетаньяху да «өз тағдырыңды өзің шеш!», - деп Иран халқына үндеу тастап жатыр.
Парсы шығанағындағы соғыстың алыстағы Украинаға да қатысы жоқ емес, бір қиындығы сол: украин-ресей соғысының тақырыбы тасада қалып, әлемдік күн тәртібіндегі кезегінен шегеріліп жатқандай. Оның үстіне бар әскер әлеуетін Иранға қарсы соғысқа жұмылдырған АҚШ ендігі жерде Украинаға қалайша көмек бере алады екен?
Жә, мұның бәрі басқа елдерге қатысты жайттар.
Таяу Шығыстағы күн сайын қыза түскен майдан Қазақстанға қандай әсер етпек? Ол жағын да ойластырғанымыз абзал.
Ол мәселелердің ішіне Қазақстанның халықаралық ұйымдарда мүшелігі, соғысып жатқан елдермен бұрын қол қойылған уағдаластықтары кіреді. Ол құжаттарда бізге жүктелген міндеттемелердің салмағы қандай?
Мұнай мен газдың бағасына телміріп қалған біздің бюджетіміз осы екі шикізаттың әлемдік бағасына тікелей тәуелді екені белгілі. Әскери амалдар мұнай мен газ өндіретін елдер жағында жүргізіліп, Иран әлемдік тасымал арнасы - Ормуз бұғазын бөгеп жатқанда «қара алтын» мен «көгілдір отынның» бағасы шарықтап барады. Бұл жағдай қанша уақытқа созылады? Және одан Қазақстан қаншалықты пайда көре алады?
Соғыс алаңы ұлғайып бара жатқан сияқты: Иран дрондары Еуроодақ мүшес3 Кипрге, Түркиядағы АҚШ әскери базасына жетіп, құлауда. Алуан- түрлі басымдықтары бар елдердің ішінде өзімізге жақын, туыс, діні бір (Қазақстан теңіз арқылы Иранмен көршілес әрі Ислам ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі екенін де ұмытпайық) мемлекеттермен ара-қатынасымызға нұқсан келтіріп алмаймыз ба?
Бір сөзбен айтқанда, арыстандар айқасып жатқанда Қазақстан секілді көкжалдың өз мүддесін ғана қорғайтын ұстанымы мен қимыл-әрекеті болу керек деп санаймын.
Әміржан Қосан
Abai.kz