Атыраудағы іс: Күдіктілер қашан қайтарылады?!
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген ерлі-зайыптыны Индонезиядан қайтару жақын арада жүзеге асатынын айтты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер күдіктілерді шетелден қайтару мерзімі мен аталған отбасының жолғалған тағы екі мүшесін анықтау мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.
- Жақын арада екі күдікті Индонезиядан Қазақстанға жеткізіледі, яғни осы айда алып келеміз, - деді С. Әділов.
Сонымен қатар ол бұл отбасының екі ересек баласын іздестіру әлі жалғасып жатқанын айтты.
- Арнайы тергеу тобы құрылды және олар Атырау облысында жұмыс істеп жатыр, - деді министрдің орынбасары.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде анықталды.
Кейін күдіктінің Индонезияда ұсталғаны мәлім болды.
Abai.kz