Header Banner
Жұма, 6 Наурыз 2026
Әдебиет 209 0 пікір 6 Наурыз, 2026 сағат 14:04

Оймақтай ойлар

Сурет: qazaq1913.com сайтынан алынды.

Пышақ пен қанжар 

Пышақтың жалғыз жүзі бар. Сондықтан ол кесуге бейім. Қанжардың екі жүзі бар. Сондықтан ол тесуге бейім.

Ендеше пышақты үйде сақта, қанжарды қында сақта. 

Аз  емес

Сұмдық, масқара, сойқан деген жағымсыз сөздерді кейде жағымды мағынада қолданамыз. Мәселен, керемет тойды сойқан той, тамаша қызықты масқара қызық дейміз.

Елде болып жатқан кейбір оқиғалар туралы сол сөздерді қолданатын болсақ сұмдығымыз да, масқарамыз да, сойқанымыз да аз емес. 

Ет турағыш

Арамызда елдің жайын ашып айтар жан көп пе? Мына жұртты билік қайда бастайды? Қарап тұрсам Парламент  ет турағыш секілді кесек етті ұсақ қылып турап-турап тастайды.

Адамбыз ғой сүйек, еттен жаралған, басшылардың көбінесе үні өктем.  Ет пен майы араласып тұрсын деп барлық етті ажыратар сүйектен. 

Ұят 

Малыңнан қымбат, мүліктен қымбат, жақыннан қымбат не нәрсе? Сенің кеудеңнің ішіндегі жүректе тұрған ұялап, ақшадан қымбат, мансаптан қымбат, баршадан қымбат ол – ұят!

Қайшылық

Совет Одағы тұсында Коммунистік партияның атына кір келтірген кісі болса ең алдымен партия қатарынан шығарылатын, содан кейін қызметінен босатылатын.  Қазіргі уақытта партия қатарындв болған шенеунік пе, депутат па, жемқорлық айыбымен ұсталған болса партияға сөз келмейді, өйткені сотталғандар жеке тұлғалар. Соттайтындар да сол партияның мүшелері. 

Кімнің дәуірі?

Леонид Брежнев бас болған коммунистік партия Совет Одағын басқарып тұрғанда  қалың ел сол кезеңді атағы әлемге жайылған әнші Алла Пугачеваның дәуірі деп атаған болатын.

Бүгінгі қазақ елін «Аманат» партиясына бас болған Қасым-Жомарт Тоқаев билеп отырған мезгілді қазақ атын әлемге жайған Димаш Құдайберген дәуірі деп айтса да жарасатын секілді.

Жұлдызды көргенде

Портреттерден төсіне төрт жұлдыз таққан Брежнев пен үш жұлдыз таққан Қонаевты көргенде сол кісілерге бір жұлдызын ғана қалдырып, қалғандарын сол жұлдызға лайықты кісілерге бермеді ме деген ой келеді. Кейбір әскерилер мен полицейлердің иықтағы пагондарын көргенде де  соны ойлаймын. 

Ескі ойда

Жиырма тоғызыншы қазан баяғы Комсомолдың туған күні екен. Әлеуметтік желіде бұрыңғы комсомолдар, қазіргі коммунистер бір бірін құттықтап жатыр. «Комсомолдан ажырамаймын!» («Не расстанусь с Комсомолом!»)  деген ән де айтылып жатыр. Коммунистер мен комсомолдың қызығын көргендер біздің арамызда да аз емес екен. Біразы Жаңа Қазақстан құрамыз деп жар салып жүр. Бірақ ескі ойдан шыға алатын түрі көрінбейді. 

Кім артық?

Балықты қармақпен ұстаған балықшының балықтарды аумен аулағандардан қуанышы он есе артық. Қасқырларды тікұшақпен қуып жүріп атып алған аңшылардан жерде жүріп қасқырды атып алған  аңшының қанағат сезімі әлдеқайда артық.

Әлдекімнің сүйемелімен мансабы жоғарылаған қызметкерден сондай мансапқа өз бетімен жеткен кісінің мәртебесі артық. 

Кім болсаң да...

Қайраты мол жас болсаң да, қалың елге бас болсаң да жұмсаратын кезің келер қатып қалған тас болсаң да.

Қайыспайтын піл болсаң да, майыспайтын дүр болсаң да, жалбарынар күнің келер кім болсаң да... 

Пайдасы жоқ

Үйде тұрмысқа жарамайтын, бірақ, лақтырып тастауға қимайтын бұйымдар болады. Соның бәрін қоқысқа тастаған дұрыс.

Қоғамда да сондай жайлар жиі ұшырасады. Лақтыратын мансап иелері бар. Олардың халыққа еш пайдасы жоқ. 

Сөзінің жаны бар...

Абай: «Осы мен өзім  –  қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді» – деп жазды. Шәкәрім: «Партия қуған өңкей қырт» – деді.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Өзінде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ жұртыңда өзге ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа малайлыққа жалданғаннан басқа қолынан келері жоқ» – деді.

Міржақып: «Қасқыр қуып үріккен қойдай ығулы... Су жүрек боп сорлы қазақ бұғулы» – деді. Мағжан да сорлы қазақ деді.

Олардың қай-қайсысы да бұл сөздерді күйінгеннен айтты. Біз де күйінеміз. Не дейміз?! 

Болады

Тайдай тулаған балығы бар өзеннің қойдай шулаған бақасы да болады. Аққулар жүзген көлдің қазы мен үйрегі де болады. Киік жортқан құла түздің түлкісі мен қасқыры да болады. 

Қолдан басқа не келеді?! 

«Жындыханада кез келген кісі Парламенттегі секілді ойына келгенді айта береді». Чех жазушысы Ярослав Гашек осылай деген екен.

Біз болсақ көшеде ойымызға келгенді айта аламыз ба? Айтсақ, ұстап әкетуі мүмкін.

Үйде ғана айтамыз. Айтамыз да қоямыз. Қолдан басқа не келеді?!

Сүлік

Бала кезімізде балық аулауға барғанда су түбінде жатқан тастың астынан сүліктерді тауып алып, қармаққа қадаушы едік. Балық жақсы қабатын.

Қазір халық қанын соратын сүлік секілділер көбейіп кетті. Оларға да біздің бала кезіміздегі әдісті қолдануға болар еді. Сонда сүлік те жоқ болады балық жеген адам да тоқ болады.

Қырық қол

Кейбір жемірлер қырықаяққа ұқсайды. Қырықаяқта қырық аяқ болса, әлгі жемірлердің алып жатқанына қарасаң денесінде екі қол емес, қырық қол бар секілді. 

Бар

Моцарты бар елдің Сальериі  бар.

Абайы бар елдің Оразбайы бар.

Пушкині бар елдің Дантесі бар.

Ақылдысы бар елдің жарымесі де бар.

Алда және артта

Өмірдің қарама-қайшылығы толып жатыр. Концертте көрермендердің едәуір бөлігі алдыңғы орындарды қалайды. Кинода бозбала мен бойжеткен артқы орынға жайғасқанды жөн көреді. Вагонда үстіңгі орынға шығамын деп ешкім таласпайды, керісіңше астыңғы орынды ұнатады. Соғыста алдыңғы шепке жаужүректер шығады. 

Белгілі 

Киімінің арқасына ірі әріптермен «Полиция» деп жазып алған ішкі істер қызметкерлерін көргенде күлкім келеді. Олардың алдынан қарасаң да, іс-қимылдарын көрсең де полииция екені онсыз да белгілі.

Қорғаушы ма, жаулаушы ма?

Ресейдің бір елді мекенінде «Отан қорғаушыларға» деп аталған ескерткіш орнатылыпты. Онда соғыста қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндері жазылыпты.

Бірнеше адам Ауған жерінде, тағы бірнешеуі Шешен елінде, отызға жуығы Украинада қаза тауыпты.

Сонда бұлар қандай Отанды қорғаған деген сауал туады. «Басқа елді жаулаушылар» десе де болады екен.

Қимаймын

Кейбір кісілердің аузынан: «Совет Одағын қимаймын» – деген сөздерді естіп қаламын. Ия, менің де қимайтын кездерім аз емес. Бірақ, Совет Одағын емес, сол  кезде өткен балалық шағымды, жастық шағымды қимаймын. Сондықтан да Совет елі кезінде туғандарды сыйлаймын. Алайда, кем-кетігі болса да қазіргі еркін елім ұнайды.

Кірме сөздер

Қазақ тілі ең бай тіл дейміз. Оған күмән жоқ. Алайда көшеге шықсаң жат сөздер өріп жүр. Орталықты сити, сауданы маркет деп жазып қойған.

Ол аз десеңіз дикторлардың сөзіне құлақ салыңыз. Пиар дей ме, фейк дей ме, кайф дей ма, хайп дей ме, спикер дей ме, пациент дей ме, клиент дей ме, әйтеуір, ересектер түсінбейтін, баланың басын қатыратын кірме сөздер толып кетті.

Кірме сөздер табаны кір аяқ киім секілді. Оларды қазақтың ақ отауына енетін босағадан аттатпаған дұрыс. 

Шамасы жоқ

Дәріні ішкен сырқаттан көрі сол дәріні сатқан кісінің пайдасы көп. Ота жасатқан науқастан көрі ота жасаған дәрігердің пайдасы көп.

Ауырсаң – жүз мың бересің, ота жасатсаң – миллион бересің. Қоғамның мұны бұзар шамасы жоқ.

Ұлттың өркендеуі

Ұлтымның өркендеуі келешекте балаларға байланысты, емес тек ересекте.

Өзгере ме?

Қаттыға тез үйрене ме жұмсақты сезген дене, шүкірлік қөп болса да өмірің өзгере ме?

Кесек 

Коммуна, командир, комендант, компромат деген «ком» деген үш әріптен бастау алатын сөздердің ар жағынан коммунист деген сөздің құлағы қылтиып шығып тұратын секілді. Ком деген орыс сөзі кесек  (кусок) деген мағынада қолданылады. Осы кесектен қорлық көргеніміз өтірік емес. 

Құрғақ уәде

Құрғақ уәде әдемі қағазға оралған тәтті кәмпит секілді. Ауызға түскенше сену қиын. 

Салыстыру

Совет Одағы кезінде өмір сүрген кейбір тұрғындар үнді шайын сағынады. Кейбіреулері орыс арағын сағынады. Қазір шайдың да, арақтың да түр-түрі табылады. Оларды салыстырып не қылады?

Өмір өтіп барады

Орыстың «Вся жизнь впереди» (Бар өмірің алда тұр)  дейтін танымал әні бар. Сол әннің ішінде «Надейся и жди!» (Үміт үзбе, күте бер!) деген жолдар бар. Біздің молдалардың «Сабыр қыл, тәуба де!» деген сөздерімен үндес. Әрине, сабыр түбі сары алтын. Тәубадан артық не бар? Алайда, өмір өтіп барады ғой.

Бірдей емес

Бұл жалғанда соғыс болады, ауру болады, апаттар болады. Бірақ өлгендер туралы әртүрлі айтылады. Дүние салды, мерт болды, өмірден өтті, ғұмыры үзілді, бақиға кетті деп те айтады.

Қайтыс болу мен қаза табу синоним емес, пенделердің қалай өлгенін білдіретін сөздер. Кейбір журналистер осы сөздерді дұрыс қолданбайды.

Шовинистік дерт 

Орыс отаршылдығын қолдаушылар арасында танымал қаламгерлер де болды. Орыстың ақындары да шовинистік дертке ұшырады. Пушкин: «Басынды іи, Кавказ, Ермолов келеді» («Смирись, Кавказ: идет Ермолов!») – десе, Лермонтов өз жерін қорғаған ерлерді залым шешен (злой чечен) деп жазды. Орыс отаршылары жауыздығын  ашып жазған Лев Толстой («Қажымұрат» повесі ) ғана болды.

Жауынгер ме, басқыншы ма?

Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге құрмет көрсетіліп жатады. Олардың қай-қайсысы да бұйрықты орындадық дейді. Өз жерін қорғаған ауғандықтарды өлтіргенін мақтан тұтатындар да бар. Солардың бірде бірі біздің басқыншылық соғысымыз дұрыс болмады деп айтпайды, керісіңше Үкімет тарапынан сый-сияпат күтеді. Бұл біздің ұлттық идеологияның жетімсіздігін дәлелдейді.

Жаңа жыл

Григориан күнтізбесі бойынша жаңа жылды тойладық. Қытай күнтізбесі бойынша жаңа жылдан да өттік. Шырша қойдық. Шырақ жақтық. Шығындалдық. Сүйтіп жүріп Наурызға да жеттік. Енді оны қарсы алуға қаржы таппай отырмыз. 

Үндемейміз

Әдетте ірі қалаларда автобустар, жеңіл автокөліктер және велосипедшілер жүретін жолдар болады. Бұл ережені бұзатындар да табылады. Оларға айыппұл салынады.

Біздің қоғамда да қалыптасқан, бұлжымайтын ережені жиі бұзатындар бар.  Көріп жүрміз, кім екенін де біліп жүрміз. Үндемейміз.

Ертегілер ескірді

Өмір өзгерді. Ертегілер ескірді. Баяғының ертегісіндегі алтын балық табаға қуырылды. Қазақ ертегісіндегі Көлтауысар Аралдың суын жұтып жатыр деген сөз шықты. Ұр тоқпақ Қаңбақ шалды өлтірді. Шығайбайды алдаған Алдар көсе абақтыға қамалды. Ұшатын кілемді жел көтеріп әкетті. Сыпырғыш мінген Мыстан кемпір дронға мініп алды.

Қазаққа жат 

Бір кездері орыс тілі мен әдебиетіне ден қойған зиялылар орыс тіліндегі сөздерді неғұрлым жиі қолданса сауатты болып көрінетін. Сол үрдіс енді араб тілінен де бізге ауысқан сыңайлы. Өйткені, мешіттегі имамдар сәресіні сухур, бесінді зухр, екінтіні аср, ақшамды мағриб, ауызашарды ифтар, рамазанды рамадан деп айтады. Бұл сөздерді біреу түсінсе де, біреу түсінбейді. Керемет, құдірет деген сөздерді мұғжиза десе, Құдайға сенімді ақида дейді. Мәһр деген тағы бір сөз шықты. Атам заманнан қазақта болмаған бұл дәстүрді молдалар неке сыйы есебінде жариялап жүр. Осыған дейін ел ішіндегі кейбір кісілерді орысқұлдар деп айтып келсек енді арабқұлдар деген сөздер пайда болуы осындай сөз қолданыстарына байланысты секілді. Тіл байлығы орасан қазаққа жат сөздерден келер пайда жоқ.

Сөзді ұзарту дұрыс па?

Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Абай туралы: «Жалғыз-ақ міні бар. Ол мін – өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағандық. Оның оқығанда я әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді, мысалы, төселіп, желіп келе жатып шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады» –  деп жазған екен. Абайдың 41-ші қара сөзінде  рақымдылық, мейірбандылық деген сөздер бар. Дұрысы рақым және мейірім ғой. Бұл ойым Абайды сынау емес. Алайда, Абайға еліктеушілер енді сабырды сабырлылық, қиянатты қиянатшылдық дегендей қазақтың сөзіне жалғау қосып, сөзді ұзарта берсе оның несі жақсы?

Тіл бұзу

Қостанайдағы жергілікті «Алау» телеарнасынан  тізгінші қазақ қызы сөйлеп отыр. Аузы аузына жұқпайды. Бір сөзін тыңдасаң, екінші сөзін естімей қаласың. Он минуттай тыңдағанда  оның аузынан «керекпіз», «болып табылады», «ақпараттар аяқталды», «неге хабарламасқа», «неге ой қоспасқа» деген сөз тіркестерін естідім. Қазақ осылай сөйлеуші ме еді? Журналистердің өздері тілімізді  бүлдіретін болса басқаларға не жорық?

Сауал және жауап 

Аудиторияда сөз сөйлеудің де, сұрақ қоюдың да реті бар. Жауапқа көңілің толмайтынын біле тұра сауал қоюдың не қажеті бар? 

Обыр мен тобыр

Обыр тобырды жақсы көреді. Тобыр оған сенеді. Тобыр оған қарсы болмайды. Не істесе де обырды қолдайды.

Ірі мен ұсақ 

Ірі көлемдегі ақша ұсақ тиындарға мұрынын шүйіріп: «сендерден бағым да басым, бағам да артық» – деп мақтанса керек. Сонда ұсақ тиынның бірі: «Оның рас, бауырым! Бірақ, сен қағаздан жасалғансың, жыртылып қалуың да, отқа жанып кетуің де оп-оңай екенін ұмытпа.  Мен болсам тот баспайтын қатты металдан құйылғанмын» –  деген екен.

Миллион және миллиард

Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатының №1 қорының №1 тізбесінде көрсетілген № 1 ісінде 1871 жылы Жітіқара болысында 8635 түйе, 37 мың жылқы, 9 мыңнан астам қой, бес мың ешкі болған деген дерек келтіріліпті. Қазіргі уақытта Қостанай облысына қарасты Жітіқара ауданында бірде бір түйе жоқ. Бұл көрсеткіш нені білдіреді?  Көшсе көлік, жесе азық болған түйе тұқымын құрту сол кездегі саясатың салқыны екені анық. Қазіргі билік  орыс өктемдігінен құтылмаса ендігі кезекте жылқыны да қырып жіберуі мүмкін. Өйткені оларға доңыз өсіру пайдалы. Мәселен, 2023 жылы жылқыға  52,9 миллион  теңге бөлінсе, шошқаға 2,1 милилиард теңге бөлінген. Сүйтіп талпақ танау жылқыдан озып тұр.

Тігу және сөгу

Ертеде әжелеріміз тозған көрпенің тігісін сөгетін. Шешелеріміз жаңа көрпе тігетін.. Мата қат болған соң көрпенің тысы мен астарын басқа қажетке жарататын. Құрақ көрпе енді жоқтың қасы Қазір мата қиқымы қоқысқа тасталады.

Қоғамда тігуді білмесе де сөгуді білетіндер көбейді. Олар ескі матадан құрақты да жасай алады.  Тез тозатынын білсе де  қымбат матаға ақшасын қимайды. 

Секілді

Кейбір ер азамат басына қалпақ киіп бойын ұзартқысы келетін секілді. Кейбір келіншек аяғына биік өкше туфли киіп ел көзіне түскісі келетін секілді.  Аласада да тамаша көп. Болса болды өтімді.

Азамат адал болады 

«Адал азамат» деген ұғым пайда болыпты. Осындай атауы бар бағдарлама да бар екен. Азамат деген сөздің өзінде адалдық деген түсінік бар. Азаматты адал, арам деп бөле алмаймыз ғой. Адал болмаса азамат емес. Азамат деп адалдықты ту қылып көтеретін кісіні айтамыз. Осындай сөз тіркестерін қандай надандар ойлап тапты екен?

Ереже

Футболда допты тебу орнына балтырдан тебетіндер болады. Бокста кіндіктен төмен немесе желкеден ұратындар болады. Төрешілер бәрін жіті қадағалайды.  Ереже бұзылса оларға айыппұл салынады немесе басқа жаза қолданылады.

Өмірде де ереже жиі бұзылады. Алайда оларды бақылайтын төрешілер жеткіліксіз секілді.

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

0 пікір