Инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызы қандай?
Қазіргі кезеңде адам құқықтарын қорғау және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету мәселелері халықаралық деңгейде маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау көптеген мемлекеттердің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі саналады.
Инклюзия – бұл қоғамдағы барлық адамдарға тең мүмкіндік беруге бағытталған әлеуметтік қағида. Ол адамдардың физикалық немесе психологиялық ерекшеліктеріне қарамастан, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған игілікті шара десек артық айтқандығымыз емес.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамның ажырамас бөлігі болып табылады. Олар да басқа азаматтар сияқты білім алуға, еңбек етуге, мәдени және қоғамдық өмірге қатысуға толық құқыққа ие. Дегенмен әлеуметтік ортада кездесетін кедергілер, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және қоғамдағы стереотиптік көзқарастар олардың әлеуетін толық жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін.
Сондықтан қазіргі қазақ қоғамында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты көзқарас өзгеріп келеді. Бұрын бұл мәселе көбіне тек медициналық тұрғыдан қарастырылса, қазіргі кезде қоғам және билік тарапынан әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қолға алына бастады. Осыған байланысты қазіргі қазақ қоғамында инклюзия ұғымы кеңінен қолданыла бастады.
Осы мақаламызда ерекше қажеттіліктері бар адамдар ұғымының ғылыми түсіндірмесіне тоқтала кеткіміз келеді. Ғылыми әдебиеттерде ерекше қажеттіліктері бар адамдар ұғымы әртүрлі тұрғыдан қарастырылады. Жалпы алғанда бұл термин адамның денсаулық жағдайына байланысты белгілі бір шектеулерге ие болғанымен, оның қоғам өміріне қатысу мүмкіндігін толық жоққа шығармайды.
Қазіргі әлемдік және отандық ғылыми көзқарастар бойынша адамның мүмкіндігі шектеулі болуы көбіне тек денсаулық жағдайымен байланысты емес. Көп жағдайда қоғамдағы әлеуметтік кедергілер, қолжетімсіз инфрақұрылым және ақпараттық шектеулер адамның қоғам өміріне қатысуына қиындық туғызады.
Осыған байланысты қазіргі уақытта әлеуметтік модель кеңінен қолданылуда. Әлеуметтік модель бойынша негізгі мәселе адамның денсаулығында емес, қоғамның оған бейімделу деңгейінде жатыр. Яғни қоғам ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолайлы жағдай жасау арқылы олардың әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Инклюзивті қоғам – бұл әрбір адамның құқықтары мен мүмкіндіктері тең қарастырылатын әлеуметтік орта. Мұндай қоғамда адамдардың айырмашылықтары кемшілік ретінде емес, табиғи ерекшелік ретінде қабылданады.
Инклюзияның маңызы бірнеше аспектілер арқылы анықталады.
Біріншіден, ол әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеді. Әрбір азамат өзінің мүмкіндігіне қарамастан қоғам өміріне қатыса алады.
Екіншіден, инклюзия қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады. Әртүрлі адамдар арасындағы өзара түсіністік қоғамдағы төзімділік мәдениетін қалыптастырады.
Үшіншіден, инклюзивті қоғам экономикалық тұрғыдан да тиімді болып табылады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың еңбек нарығына қатысуы қоғамның экономикалық дамуына оң әсер етеді.
Қорытындылай келе, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау және қоғамдағы инклюзияны дамыту – қазіргі заманғы қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Инклюзивті қоғам құру арқылы біз әрбір адамның құқығын құрметтейтін, тең мүмкіндіктер беретін және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін орта қалыптастыра аламыз.
Инклюзия – тек әлеуметтік саясаттың бір бағыты ғана емес, ол қоғамның мәдениеті мен құндылықтарының көрсеткіші. Егер қоғам әрбір адамды құрметтеп, олардың мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасаса, онда ол қоғам тұрақты әрі үйлесімді дамуға қол жеткізе алады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың әлеуетін ашу арқылы қоғам тек гуманистік қана емес, сонымен қатар экономикалық және мәдени тұрғыдан да дамиды.
Abai.kz