Header Banner
Бейсенбі, 19 Наурыз 2026
Мәдениет 239 0 пікір 19 Наурыз, 2026 сағат 14:13

Аңыздың оралуы: Мәмбетов театрының батыл қадамы

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазақ сахарасынан шығып, әлемдік аренаны мойындатқан аңыз тұлға — Қажымұқан Мұңайтпасұлының бейнесі алғаш рет Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында (12-13 наурыз, 2026 жыл) жарық көрді.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Бұл жаңа туынды — палуанның 155 жылдық мерейтойына орай ұсынылған мүлдем бөлек концепциядағы еңбек. Драматургтер Наурызбай Асылбек пен Қазыбек Аманжолдың пьесасы негізінде сахналанған бұл қойылымда режиссер Ақниет Жақсығали дәстүрлі өмірбаяндық драманың шеңберінен шығып, синтетикалық театр эстетикасына жүгінген. Бұл қойылым — жай ғана тарихи шежіре емес, заманауи сценографиялық шешімдер мен иммерсивті тәсілдер арқылы көрерменмен тікелей байланыс орнатқан интерактивті сахналық шоу. Біздің пайымдауымызша, режиссердің басты мақсаты — Қажымұқанды тек «алып күш иесі» ретінде ғана емес, оның ішкі трагедиясын, намысын және адамдық болмысын цирк аренасы мен драма сахнасының трансформациясы арқылы ашу болған. Қойылымның алғашқы минуттарынан бастап-ақ атмосфераның серпінділігі мен актерлердің физикалық дайындығы театртанушы мамандар үшін де, қатардағы көрермен үшін де жаңа эстетикалық әсер сыйлады.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Режиссер Ақниет Жақсығалидың кастингтік шешімі — қойылымның ең ұтымды тұсы. Қажымұқан тұлғасын үш түрлі жас кезеңіне бөлу арқылы авторлар кейіпкердің ішкі метаморфозасын тереңірек аша алды. Бұл жерде тек сыртқы ұқсастық емес, кейіпкердің генетикалық кодының сақталуы басты назарда болған деп ойлаймыз.

Ернар Сылқымбек (Бала Мұқан) — сахналық алғашқы қадамынан-ақ көрерменді өзінің табиғи органикасымен баурап алды. Оның тұнық дауыс бояуы мен болашақ алыптың алғашқы «бұлқынысын» көрсететін батыл қимылдары — Қажымұқанның балалық шағындағы пәктігі мен қайнаған күшін дәл бейнеледі. Оның сырт келбеті мен палуандық стандарттарға сай келуі — кастингтің кәсіби деңгейде өткенінің айқын дәлелі.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Бейбарыс Асқарбеков (Бозбала Мұқан) — кейіпкердің есею, қалыптасу және алғашқы әлеуметтік соқтығыстар кезеңін (жер мәселесі, Янушкинмен қақтығыс) пластикалық тұрғыдан өте ширақ жеткізді. Актер ойынындағы серпін мен физикалық дайындық — оның тек драмалық актер емес, күрделі техникалық тапсырмаларды орындай алатын орындаушы екенін көрсетті.

Бағлан Иманғазинов (Қажымұқан) — спектакльдің драмалық кульминациясын көтерген тұлға. Актер сомдаған Қажымұқан тек физикалық күштің иесі емес, жинақталған даналық пен ішкі трагедияның (әке қазасы, елден жырақта жүру) монументалды көрінісі. Актердің сахнадағы сабырлылығы мен «үнсіздік» монологтары көрерменнің эмоциялық тебіренісін тудырды.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Спектакльдің композициялық құрылымындағы ерекше назар аударатын тұс — кейіпкердің жас ерекшеліктеріне қарай ауысу сәттері. Сахнадағы үш Мұқанның бір-бірін алмастыруы соншалықты табиғи әрі органикалық сабақтастықпен орындалған. Әсіресе, әкесінің бала Мұқанға (Ернар Сылқымбек) «бес рет айналып жүгір» деп тапсырма берген сәтінде, жүгіріс үстінде Бозбала Мұқанның (Бейбарыс Асқарбеков) сахнаға шығуы уақыт пен кеңістіктің пластикалық трансформациясын көрсетеді. Көрермен үшін бұл ауысулар техникалық үзіліс емес, кейіпкер тағдырының біртұтас эволюциясы ретінде қабылданды.

Режиссер Ақниет Жақсығали сахналық кеңістікті тек актерлердің ойын алаңы емес, көрерменмен тікелей диалог орнататын ортаға айналдырған. Әсіресе, спектакльдің цирк аренасына трансформациялану сәтіндегі актриса Сая Саяттың әуе акробатикасы арқылы көрермен залының үстінен ұшып өтуі — қойылымның эстетикалық шарықтау шегі болды. Сахнадан себілген сәулелі шашырандылар (жылтырақтар) мен әуедегі қалықтау сәті көрерменді сиқырлы атмосфераға бөлеп, керемет сезім сыйлады. Спектакльдің темпоритмін сақтауда Серік Мақсотов, Дарын Прекеш және Наурызбай Ерболатов сомдаған «үш сайқымазақ» бейнесі маңызды рөл атқарды. Олардың орындауындағы классикалық буффонада элементтері мен эксцентрикалық қимылдар қойылымның ауыр драмалық жүгін бір теңгерімге келтіріп, оқиғаның серпінді дамуына септігін тигізді.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қойылымның көркемдік қуатын арттыруда жарық концепциясы шешуші рөл атқарды. Жарық суретшісі Әли Бидахмет пен жарық қоюшы мамандар Ибрагим Оспанов пен Елнұр Рахманбергеннің жұмысы спектакльдің эстетикалық деңгейін арттырды. Сахнадағы әрбір атмосфера — мейлі ол қазақ даласының кеңдігі, Петербор циркінің жарқыраған шоуы немесе Мұқанның ішкі толғанысы болсын — жарық арқылы өте дәл әрі әсерлі берілген. Әсіресе, кейіпкерлердің жас ерекшеліктеріне қарай ауысу сәттеріндегі жарық ойындары мен Меккеге сапар кезіндегі интерактивті сәулелік шешімдер көрерменнің назарын бір арнаға тоғыстырып отырды.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қойылымның шоулық деңгейі мен динамикалық екпіні жоғары болғанымен, драматургиялық желідегі кей тұстарды  атап  өткен жөн. Қажымұқанның тағдыры мен тұлғалық қалыптасуында маңызды рөл атқаруы тиіс әйел бейнелері — анасы Қабира (Гульмира Жакилина) мен әжесі Айсарының( Айжан Назарханқызы) кейіпкерлері сахналық кеңістікте өз деңгейінде ашылмады. Олардың бейнесі тек сұлбалық деңгейде қалып қойғандай әсер қалдырады. Режиссерлік концепциядағы «шоу» элементтеріне, акробатикалық нөмірлер мен сыртқы эффектілерге тым басымдық берілуі аталған кейіпкерлердің характерлік тереңдігін ашуға кедергі келтірген.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Дегенмен, қойылымның екінші бөлімінде режиссерлік шешімдер драматургиялық шиеленісті қайта жандандырады. Күрес аренасындағы экшн-сахналарды кәсіби деңгейде баяндап отырған Ермахан Жұмабектің таза дикциясы мен дауыс ырғағы көрерменді нақты жарыс алаңында отырғандай сезімге бөледі. Осы тұста Қажығалидың (Нұржігіт Мүсілімов) Мұқанды Меккеге қажылыққа шақыруы және бұл сапардың интерактивті безендірулер арқылы бейнеленуі — тарихи тұлғаның рухани трансформациясын көрсететін сәтті шешім болды.

Спектакльдің визуалды шешімінде костюм суретшісі Арман Теміртас пен Аят Жандильданың жұмысы ерекше атап өтуге лайық. Әсіресе, Санкт-Петербургтегі цирк сахнасындағы киім үлгілері — жай ғана тарихи стилизация емес, сол дәуірдің эстетикасын қазіргі заманғы шоу элементтерімен ұштастырған батыл шешім. Актерлердің костюмдері — фактурасының байлығымен, түстерінің қанықтығымен және сахналық жарыққа (Әли Бидахмет) бейімделген жылтырақ элементтерімен ерекшеленеді.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Балуан Шолақ (Ілес Көпбосынов) бейнесі — қойылымның ең жарқын сәттерінің бірі. Актердің сахна төрінен емес, көрермен залы мен балконнан домбырамен әндетіп шығуы нағыз сал-серілік табиғатты тап басып танытты. Балконда тұрып залға орамал лақтыруы мен халық арасында жүріп ән салуы сахна мен көрермен арасындағы шекараны жойып жіберді. Бұл деталь кейіпкердің серілік болмысын ашумен қатар, Мұқанның өміріндегі ең шуақты кезеңдердің бірі ретінде есте қалды. Оның Мұқанды ауылда қалуға үгіттеп, ақыл айтатын сахнасы екі алыптың арасындағы шынайы сыйластық пен бауырластықты көрсетті.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Мұқан мен Фатима (Айбану Байболатова)арасындағы сезім желісі спектакльге ерекше лирикалық реңк берді. Олардың махаббаты бірден емес, біртіндеп, байыппен дамып, шынайылыққа ұласты. Екі кейіпкердің орындауындағы күрделі акробаттық нөмір олардың сезімдерінің нәзіктігі мен бір-біріне деген сенімін пластикалық тілмен жеткізген эстетикалық шарықтау шегі болды. Мұқанның Фатимаға деген ілтипаты мен оны өз ортасына бейімдеп, есімін өзгертуі — кейіпкердің ішкі мәдениеті мен ер азаматтық болмысын аша түсті. Олардың некелесіп, отау құру сахнасы қойылымдағы ең жылы әрі жарқын сәттердің біріне айналды. Тіпті, үлкен ареналар мен жат жердегі қиындықтарға қарамастан, Фатиманың Мұқанның жанынан табылуы алып тұлғаның арқасүйер тірегі бар екенін көрсетті. Ал финалға жақын Мұқанның елге оралуы мен Фатимамен бірге өткізген сәттері оның тек күш иесі емес, сонымен қатар мейірімді жар, отбасылық құндылықтарды қадірлейтін тұлға екенін айқындады.

Спектакльдің шиеленісу шегі — Саракикимен (Ақжол Амантай) болған шешуші күрес. Бұл сахна тек спорттық жарыс емес, нағыз өмір мен өлім арпалысындай әсер қалдырды. Мұқанның қарсыласының бет терісін жұлып алатындай деңгейдегі қатал күресі — оның бойындағы бұғып жатқан алапат күш пен намыстың сыртқа шыққан сәті. Осы жеңіс арқылы Қажымұқанның әлемдік деңгейдегі биігі тағы бір мәрте айқындалды.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қойылымның түйіні — Мұқанның елге оралып, әкесінің басына баруы. Бағлан Иманғазиновсомдаған кейіпкердің мола басындағы тебіреніске толы монологы көрерменді селт еткізбей қоймады. Оның өзі иеленген барлық марапаттары мен медальдарын әкесінің басына қойылған тасқа байлап кетуі — жетістіктің бастауы ата-ананың батасы мен тектік тәрбиеде екенін аңғартқан символдық ишара. Сахна төрінде «Толағайлар болғаны рас та шығар» деген өлең жолдарының оқылуы аңыз бен ақиқатты ұштастырып, көрерменге ой салды.

Финалда экраннан Қажымұқанның нақты тарихи суреттері мен ол туралы деректердің көрсетілуі спектакльдің танымдық жүгін арттырып, оқиғаны шынайылықпен түйіндеді. Залдағы халықтың ұзақ уақыт бойы толассыз шапалақ соғуы, бұл туындының сәтті шыққанының және көрермен жүрегінен орын тапқанының басты дәлелі.

Нұрсая Қайрат, театртану мамандығы, 3-курс студенті

Abai.kz

0 пікір