Жұма, 27 Наурыз 2026
Ақмылтық 117 0 пікір 27 Наурыз, 2026 сағат 13:53

«Ішкі істер органдарын тазарту керек!»

Сурет: Qaz365.kz сайтынан алынды

Парламент мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында орын алған жол-көлік оқиғасына байланысты пікір білдіріп, құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін мәлімдеді.

Халық қалаулысының пайымдауынша, жоғары лауазымды тұлғалар мен ірі бизнес өкілдерінің балаларына көрсетілетін жеңілдіктер мен «қамқорлық» мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтіріп отыр. Депутат бұл мәселені Парламент кулуарында журналистерге берген сұхбатында ашық айтты.

Бақытжан Базарбек өз сөзінде Алматы қаласындағы жол қозғалысы ережелерінің сақталуына қатысты өз тұжырымдарымен бөлісті. Ол қымбат спорттық көліктердің қала көшелерінде емін-еркін жүруі және олардың иелерінің жауапкершіліктен қашып құтылуы жүйелі мәселеге айналғанын жеткізді. Депутат ішкі істер органдарындағы мұндай бейберекетсіздікті тоқтату үшін тек Алматымен шектелмей, бүкіл республика деңгейінде тексеріс жүргізу керектігін алға тартты.

Мәжіліс депутаты лауазымды тұлғалардың балаларына қатысты қалыптасқан жағдайды қатаң сынға алды. Ол:

«Мұндай «мажориктік» жағдай, яғни жоғары лауазымды шенеуніктердің, лауазымды тұлғалардың, ірі бизнесмендердің балаларына ішкі істер департаменттеріндегі лауазымды адамдардың қамқорлық танытуы – бұл тек Алматыда ғана емес, басқа аймақтарда да жеткілікті. Сондықтан ішкі істер органдарында ауқымды тазарту жүргізу қажеттілігі туындап тұр», – деп мәлімдеді. Базарбектің айтуынша, заң алдында барлық азаматтың теңдігі іс жүзінде дәлелденуі тиіс.

Сөз соңында депутат қоғамдағы ескі түсініктер мен артықшылықтардың уақыты өткенін қадап айтты. Ол өз сөзінде:

«Мен өзім Алматыда Әл-Фараби көшесінің бойында тұрамын, күн сайын элиталық көліктердің зулап жүргенін көреміз, бірақ олардың жауапқа тартылғанын байқамаймыз. 90-жылдардағыдай «мажорлардың» заманы өтті», – деген пікір білдірді.

Оның алдында депутат Мұрат Әбенов та 3 жастың өмірін қиған Әл-Фарабидегі жол апатына байланысты тікелей эфир жүргізген еді. Ол мұндай қадамға баруына қайтыс болған қыздың жақындарының өтінішімен барғанын жеткізген еді. Қылмыскердің жақындары мекенжайын қайдан алғаны белгісіз, қаралы үйге охранамен барып, "біздің кім екенімізді көріңдер" деген сыңайда қыр көрсеткен.

Abai.kz

0 пікір