Сейсенбі, 31 Наурыз 2026
130 0 пікір 31 Наурыз, 2026 сағат 21:57

«Астана Тазалық» кәсіпорнының цифрлық тәжірибесін Бішкек мамандары меңгеруде

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Елордадағы «Астана Тазалық» коммуналдық кәсіпорны енгізген цифрлық шешімдер Қазақстанда ғана емес, шетелде де қызығушылық тудырып отыр. Тәжірибе алмасу аясында Астанаға Қырғыз Республикасының Бішкек қаласынан келген делегация кәсіпорында енгізілген технологиялық шешімдермен танысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Ұсынылған жаңашылдықтардың негізгісі – электронды жол парағы. Бұл заманауи жүйе арнайы техниканың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, техниканың қозғалыс бағыты, атқарылған жұмыс көлемі және материал шығыны толық қадағаланады.

«Астана Тазалық» ЖШС-нің бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, цифрландыру – кәсіпорын дамуының стратегиялық бағыты.

«Бүгінде цифрлық шешімдер тек бақылау құралы ғана емес, тиімді басқарудың негізіне айналды. Олар процестердің ашықтығын арттырып, ресурстарды оңтайландыруға және қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Қазіргі таңда жүйе 393 арнайы техникаға енгізіліп, жоғары нәтиже көрсетіп отыр.
Есептілікті автоматтандыру:
• жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарды;
• медициналық тексерісте адами факторлар жойылып, техниканы іске қосу қауіпсіздігі артты.

Жанар-жағармай шығынының ашықтығы:
• отын деңгейі мен бос жүріс датчиктерін бақылау арқылы жылына 10%-ға дейін үнем жасалады;
• техниканы мақсатсыз пайдалану деректері іс жүзінде жойылған.

Маршруттарды оңтайландыру және тиімділікті арттыру:
• нақты уақыттағы деректердің арқасында басқарушылық шешімдер қабылдау жылдамдығы 15%-ға артты;
• «өтінім – орындау – акт» тізбегінің ашықтығы тәртіпті күшейтіп, даулы жағдайларды азайтты.

Бұл жүйеге деген қызығушылық артып келеді. Осыған дейін оны Алматы қаласының коммуналдық қызмет өкілдері зерттеген, қазіргі таңда енгізу жұмысы басталып кетті.

Республика бойынша жолдарды күтіп ұстауға жауапты «ҚазАвтоЖолсервис» кәсіпорны да электронды жол парағы жүйесін белсенді түрде енгізіп жатыр. Сонымен қатар, облыстық және қалалық әкімдіктермен, коммуналдық мекемелермен келіссөздер жүргізілуде.

Қызметкерлердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. Кәсіпорында «Med365» және «Adal Check» жүйелері қолданылады, олар күнделікті медициналық тексерістен өтуді онлайн бақылауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, арнайы техника жүргізушінің жағдайын бақылайтын жүйелермен жабдықталған. Камералар қауіпсіздік талаптарының сақталуын, маршруттан ауытқуды және шаршау белгілерін тіркеп, ықтимал қауіптер туралы жедел ескерту жасайды.

«Астана Тазалық» цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастырып, коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың заманауи әрі тиімді үлгісін қалыптастырып келеді.

Abai.kz

0 пікір