Бейсенбі, 2 Сәуір 2026
Айқай 132 0 пікір 2 Сәуір, 2026 сағат 13:57

Өңірлік шектеу - этникалық құқығын шектеу!

Сурет: Үкімет сайтынан алынды

(Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Олжас Бектенов мырзаның назарына!)

Биыл 05 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне  «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбат беріп жатып, «Қандастар мәселесіне келсек. Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ, олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Олар негізінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына қоныстанған. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр...»,-деп еді ғой.

Сол-ақ екен, үш күн өте салып, Үкімет: «2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама, уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді...»,-деп, 2025 жылғы желтоқсанда қабылдаған 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірген болатын.

Сонымен бір уақытта Үкімет «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы бірлескен бұйрығын да іске қосып үлгірді.

Осы бірлескен бұйрық арқылы Үкімет енгізген жаңа тәртіп алыс-жақын шетелдерден Атажұртына көшіп келіп жатқан этникалық қазақтардың құжаттануын қиындатып жіберді. Қытайдан оралған қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуы – негізінен тоқтады десе де болады.

Себебі, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға, оның ішінде қандас мәртебесін алуға үміткер көшіп келушілер қатарынан жеке тұлға және оның отбасы мүшелері (болған жағдайда) ҚАЗТЕСТ цифрлық жүйесі арқылы онлайн форматта тестілеу мен сауалнама жүргізу, тексерулерді жүзеге асыру және әңгімелесуден өтеді екен;

Бұл – Қытайдан төте жазумен оқып келген ағайындар үшін қатты қиындық тудыруда.

Сондай-ақ, көшіп келушілердің және оның отбасы мүшелерінің (болған жағдайда) террористік немесе экстремистік ұйымдарға, діни деструктивті ағымға ықтимал тиесілігі болуы – Қазақстан Республикасына келуін шектеу үшін негіз болып табылады екен.

Ол үшін келген мемлекетіңнен аталған жағдайлардан туындайтын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардан таза екеніңді дәлелдейтін анықтама әкелуің керек. Бұл – бір!

Екіншіден, өзің азаматы болып табылатын мемлекеттің жазбаша келісімі немесе кету парағы немесе шетелге тұрақты тұруға кетуге рұқсатты растайтын басқа құжатың болы шарт...

Өкінішке орай, Қытай үкіметі мұндай анықтамаларды бермейді.

Сол себепті, 2017 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен бұл құжаттар Қытайдан келген этникалық қазақтардан талап етілмейтін болған.

Ал, «Қандас» мәртебесін беру тәртібіне келсек, аталған бірлескен бұйрықта «Қандас мәртебесі тек Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қоныстану өңірлеріне міндетті түрде қоныс аудару жағдайларында, ұзарту құқығынсыз 5 (бес) жыл мерзімге беріледі.»,-деп көрсетіліпті.

Оның өзі бірлескен бұйрықта «Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қандастарды қабылдайтын өңірлердің жергілікті атқарушы органдары берген Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға көшіп келушілердің іріктеуден өткені туралы хабарлама болған жағдайда ғана берілуі мүмкін»,-деп жазылыпты...

Демек, бұл – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа өңірлерге қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға енді «Қандас» мәртебесі берілмейді деген сөз!

«Қандас» мәртебесі берілмесе, өзге өңірлерге келген этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын ала алмайды!

Оның үстіне, көшіп келушілер үшін Үкімет айқындаған сегіз облысқа бөлінетін өңірлік квотаның саны да шектеулі. Мысалы, қандастарды қабылдаудың 2026 жылға арналған өңірлік квотасының саны 2 281 адам.

Ал, одан артық көшіп келгендерге де «Қандас» мәртебесі берілмеуі мүмкін...

Мұның бәрі – өңірлік шектеу және қолдан әдейі жасалған кедергі болып табылады!

Конституция бойынша, Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.

Өңірлік шектеу – этникалық қазақтарды тұрғылықты жерін еркін таңдау сынды конституциялық құқығынан айырады!

Жалпы, этникалық қазақтардың Атажұртына оралуы, тұрғылықты жерін еркін таңдауы, Қазақстанның азаматтығын алуы – олардың құқығы!

Ал, оларды Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру – мемлекеттік саясат!

Мемлекеттік саясат азаматтардың құқығын шектеу, бұзу жолымен емес, түрлі ынталандыру жолымен жүргізілуі керек!

Үкімет этникалық қазақтарды арнаулы өңірлерге қоныстандыруда, мәселенің осы жағына баса мән бергені дұрыс болар еді.

Айтбақшы, одан да сорақысы, этникалық қазақтар Үкімет айқындаған өңірден «Қандас» мәртебесін алған соң, Үкімет айқындаған өңірде бес жыл тұруы, содан кейін барып Қазақстан азаматтық алуы керек екен.

Осыдан кейін, «Үкімет Қазақстанға заңды сыйлайтын, мәдениетімізді құрметтейтін адамдардың келуін сылтауратып, қандастардың Ұлы көшті тоқтатуға қам жасап жатқан жоқ па?!» деген ойға қалдық.

Менше, бұл бірлескен бұйрық көші-қон саласын реттеу үшін емес, Ұлы көшті тоқтату мақсатында жасалған секілді...

***

Мемлекет Басшысының былтыр 3 қаңтарда «Ana tili» газетіне, биыл 05 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген екі сұхбаттарындағы қандастар туралы айтқан сөздерін ескерсек, осы бірлескен бұйрықтың қабылдануына шеттен оралған этникалық қазақтарға қатысты Президентімізге жеткен ақпараттар негіз болған секілді.

Бұл жерде, қандастар туралы Президентке былтыр да, биыл да дұрыс ақпарат жетпеген, тек біржақты ақпарат жеткен.

Мысалы, Президент өткен жылғы сұхбатында: «Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!»,-деп кейістік білдірді.

Осы сөзден кейін мен Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі қадағалап отырамын, үзбей оқимын деген «Egemen Qazaqstan», «Turkistan», «Ana tili», «Aiqyn» басылымдарын түгел ақтарып шықтым.

Бірде-біреуі сол Талғарда болған қанды оқиға туралы жазбаған болып шықты. Тек, «Turkistan» газеті ғана тиіп-қашып, қысқа-қысқа ақпараттар берген болыпты.

Егер, осы Президент оқитын басылымдар Талғарға анаулы тілшісін жіберіп, қанды оқиға туралы көлемді әрі жан-жақтылы журналистік зерттеу жүргізіп, оны газетке басқанда, дау жоқ, Президент бұл мәселеге тоқталғанда, қандастары туралы мынадай кейісті сөз айтпайтын еді. Сөзге де қалмайтын еді...

Президенттің нақты ақпарат алатын бір каналы – БАҚ.

Ендеше, сол Президент оқитын басылымдар үнсіз қалған соң, әрине, құқық қорғау органдары мен атқарушы билік Президентке өздеріне ыңғайлы, біржақты ақпарат жеткізеді. Бәлені біреуге артып, жеңіл әрі тез құтылуға тырысады.

Мен бұл туралы БАҚ пен әлеуметтік желіге өте көп жаздым.

2025 жылғы 28 қаңтарда Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеп жатып, «Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді…»,-деді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзді «Ana tili» газетіндегі Талғар оқиғасына, оның ішінде қандастарға қатысты сөзінен кейін туындаған жұрттың пікіріне байланысты айтқан болса керек!

Ал, «Turkistan» газетіне берген сұхбатына келсек, Президентке қандастар туралы биыл да дұрыс ақпарат жетпегені анық байқады.

«Turkistan» газетіне басылған сұхбатты оқи салып, Президент атаған Маңғыстау облысы мен Алматы облысының әкімдеріне хат жазып, Президент айтқан қандастарға қатысты қиындық, қауіп және оны шешудің жолы туралы сұрау салдық.

Қос әкімнен өздері басқарып отырған облыстарға қоныстанған қандастарымыз тап болған ұш қиындықты; облысқа, тіпті республикаға қандастарымыздан төніп тұрған үш қауіпті және  Қасым-Жомарт Кемелұлы: «олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет» деді ғой, Президент айтқан осы мәселесін шешу үшін, облыс әкімі ретінде жоспарлаған үш приоритетті мақсаттарыңызды атап тұрып айтып беруін өтіндік.

Бірінші болып Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мырзаға жазған хатқа жауап келді.

Шынын айтсақ, Маңғыстау әкіимдігі біз қойған үш сұрақққа мардымды жауап бере алмапты. Тек, Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі cоңғы үш жыл ішінде өсуін, өңірде жаз мезгілінде су тапшылығы және тоқ көздерінің жетіспеушілігі байқалып тұратынын айта келіп, «Осы сандық көрсеткіштердің өсуіне азда болса қандастарымыздың да үлесі бар екендігі белгілі.»,-депті.

Қандастар туралы Маңғыстау облысынан үш сұрағымызға  алған жауабымыздың түрі – осы!

Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен алған нақты ақпаратымыз бойынша, 2025 жылы Маңғыстау облысында – 564 адам, Жаңаөзен қаласында – 39 адам қандас мәртебесіне ие болыпты.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, жалпы Маңғыстау облысында халық санының шамадан тыс көп екені, оның әлеуметтік салада қиындықтар тудырып отырғаны рас. Бірақ, сол қиындықтың бәрін шеттен оралған бір уыс қандас тудырып отыр деу – әділетсіздік болар еді. Бұл – бір.

Екіншіден, бұл мәселенің туындағанына, оның «Жаңаөзен оқиғасы» болып жарылғанына он бес жыл болды. Үкімет осы онбес жыл ішінде сол Маңғыстау халқының бір бөлегін арнаулы өңірлерге көшіріп қоныстандыру туралы бір кешенді жоба жасай алды ма?!

Әрине, жоқ!

Аталған жауапта айтылуынша, соңғы бес жылда Маңғыстау облысынан 928-ақ адам қоныс аудару бағдарламасына қатысыпты.

«Қаз ашуын тырнадан алады» демекші, Үкімет анда-санда қандастарын бүйірден бір теуіп өтуден арыға барған емес...

Егер, Үкімет Маңғыстаудың жұмыссыздық мәселесін шынымен шешемін десе, тағы қайталап айтам, осы өлкенің тумалары, халқының тілін таба білетін және Республика көлемінде аты мен абыройы бар Еділ Жаңбыршын мен Самат Мұсабаевты Үкімет айқындаған екі облысқа әкім етіп тағайындауы, оларға Маңғыстау халқының бір бөлігін осы екі өңірге кқшіріп қоныстандыруға мүмкіндік беруі керек!

Мен басқа ыңғайлы жолды көріп тұрған жоқпын!

Болса, Үкімет ортаға қоя жатар...

Енді Алматы облысынан келген жауапқа көз жүгіртіп көрейік.

Алматы облысына қоныстанған қандастарымыз тап болған ұш қиындықтықтың біріншісі менталитеттегі, мәдениеттегі айырмашылық екен.

Сонда, Алматы облысының халқы отыз бес жылдан бері менталитеті мен мәдениеті бөлек өзге диаспора өкілдерімен қалай тіл табысып келген?!

Екінші қиындық – тілдік кедергі (бірқатар өңірлерде қажетті орыс тілін білмеу) екен.

Құдай-оу, басқа-басқа, Алматы облысына, оның ішінде шеттен оралған этникалық қазақтарға орыс тілінің не қажеті бар?!!

Қандастарымыз тап болған үшінші қиындық - білім немесе біліктілік деңгейінің төмендігінен жұмысқа орналасудағы қиындықтар, қоғам ішіндегі сенім мен бірліктің әлсіреуі, және т.б. екен.

Осы жауапты алған соң, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мырзаға қайта хат жазып, қанша қандастың жұмыс сұрап жүгінгенін сұрадық.

Әкімдіктің берген жауабы бойынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсан аралығында 5 022 этникалық қазаққа (2605 отбасына) «қандас» мәртебесі беріліп,  748 ұзартылды.

Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2025 жылы Алматы облысы бойынша Еңбек мобильдігі орталығына, аудандық мансап орталықтарына  97 қандастар жүгініп, оның ішінде тұрақты жұмысқа                        5 азамат орналасыпты.

Демек, көшіп келгендердің тек екі пайызға да жетпейтін бөлігі ғана жұмыс сұрап, орталыққа жүгінген. Қалғаны облыс әкіміне салмақ салмай, өзін өзі жұмыспен қамтып кетті деген сөз.

Екінші сұрағымызға: «Қауіп туралы айтататын болсақ, еңбек тапшылығы бар өңірлерге көшу кезінде әлеуметтік бейімделу қиындықтары бар, бұл ретте қандастар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін білмегендіктен олар жиі алаяқтардың құрбаны болуда...»,-депті.

Демек, Алматы облысы әкімдігінің айтуынша, Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдарын назар аударуға мәжбүр етіп отырған қандастарымыздың басты «қауіпі» – осы екен!

Әлемдік деңгейдегі скрипкашы Айман Мұсақожаеваны қызметке қайта тағайындаймын деп, оның жұбайынан бір алаяқ 45 миллион теңге соғып кетіпті;

Ол аз десеңіз, өткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі банктердің бірі шетелдерге 7 триллион теңгеден аса қаржыны заңсыз «жөнелткені» жайлы айтып қалды...

Оның қасында, қандастардың алданғаны туралы сөз айту, оны бір үлкен қауіп ретінде көрсету – күлкілі жағдай емес пе?!

Маңғыстау облысы Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отырған  мұндай «қауіп» туралы жақ кірісін ашпапты...

Сайып келгенде, бұл да бос сөз, Президентке берілген жалған ақпарат  болып шықты!

Қорыта келгенде,  «Turkistan» газетінде ерекше аталған екі облыстағы қандастарымыз, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары назар аударуға мәжбүр болатындай аса қауіпті жағдайда емес екен. Желкелерінен басып тұрған қиындық та жоқ. Болса да, оны шешеіп берейін деген әкімдер де байқалмайды. Ағайындарымыз бір Құдайға сыйынып, қойын құрттап, айранын ұрттап дегендей, жергілікті халық не көрсе, соны бірге көріп, өмір кешіп жатыр екен.

Алматы облысы берген жауап та тіпті тамаша!

Алматы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Е. Байқоныс екінші берген жауабында алғашқы айтқанынан аунап түсіп, былай дейді:

Өңірге келген этникалық қазақтар көбіне жеке кәсіпкерлікпен айналысады, шағын бизнестерін ашады. Кейбір қандастар өздерінің кәсіби дағдылары мен тәжірибесін қолдана отырып қызмет көрсету, ауыл және мал шарушылығы, сауда, білім беру және өндіріс салаларында жұмыс істейді. Қандастар кейбір салаларда шағын дүкендер, сервис орталықтары, сұлылық салондарын, сауда орындарын ашып, кәсіпкер ретінде салық төлейді. Бұл жергілікті бюджетке түсім әкеледі..

Демек, Үкімет мұндай еңбоққор, жұмысқа икемді, өзін өзі жұмыспен қамтуға төселген қазақты Меккені үш емес, жеті айналса да таба алмайды!

Ал, осындай момын қазақты жамандап, Ақордаға жағымсыз ақпарат беріп, Қасым-Жомарт Кемелұлын туған халқына қарсы қойып жүрген лауазымды тұлғаны тауып, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп есептеймін!!

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев айтып еді ғой, «Мен ештемеден қамықпаймын, ештемеден жалықпаймын, ешқандай сөз маған да тимейді!»,-деп.

Сол секілді, қандастарыма айтарым, сендер де ештемеден қамықпаңдар, ештемеден жалықпаңдар, ешқандай сөз сендерге де тимейді!

***

Енді бұл мәселені шешудің жолына келсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпанда шығарған «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» №49 бұйрығы бар.

Бірақ, аталған бұйрықта министрлік Қазақстанда ерекше сұранысқа ие және кем болса болмайтын аса маңызды бір кәсіпті  ескерусіз қалдырған.

Ол – малшылық!

Қазірдің өзінде Қазақстандағы мал бағу және мал өнімдерін оны өңдеп сату кәсібінің басым бөлігі Тәуелсіздік жылдары Атажұртына оралған қандастарымыздың, әсіресе Қытай мен Моңғолиядан келген ағайындарымыздың қолында!

Сондықтан, шеттен оралған этникалық қазақтарды сұранысқа ие кәсіптердің иесі, тіпті бірден бір маманы ретінде қарап, оларды министрліктің №49 бұйрығымен бекітілген сұранысқа ие кәсіптердің тізбесіне енгізу керек деп есептеймін.

Сөйтіп, қандастарымызды қан қақсатқан бірлескен бұйрықтың қыспағынан – көшіп келушілердің әлеуетті өлшемшарттық бағалауынан шығарып, басы артық құжаттар талап етуден құтқарып және өңірлік шектеуден босатып, тез құжаттануына даңғыл жол ашуды ұсынамын!

Мен қандастарымыздың қолынан басқа келмесе де, мыңғыртып мал бағып, Қазақстан халқының аузынан ақ май ағызатынына сенімдімін!

Ауыт Мұқибек

 30.03.2026

Abai.kz

0 пікір