Жұма, 3 Сәуір 2026
«Соқыр» Фемида 108 0 пікір 3 Сәуір, 2026 сағат 12:12

Қытай мен Иран Трамптың осал жерін қалай тапты?!

Сурет: Sadaq.kz сайтынан алынды

Президент Трамп әлемдік аренада американың басымдығын шоқпар етіп, экономикалық және әскери салада өктемдігін көрсетіп келеді.

Жоғары тарифтерден бастап Иранмен соғысқа дейін, Трамп халықаралық аренада бұл агрессивті тәсілдің тек пайдасы бар, ешқандай кемшілігі жоқ деп мәлімдеп, өзінен бұрынғы АҚШ басшыларының американың артықшылығын пайдалануға құлықсыздығын «ақымақтық» деп бағалады.

Деседе, бұл стратегияның кемшілігі қазірдің өзінде айқындала бастады. Көптеген елдер Трамптың талаптарына көнгенімен, кейбір елдер кек алудың өте тиімді жаңа жолдарын тапты. Трамптың агрессивті арандатулары оларға өз стратегиялық тактикаларын сынап көруге мүмкіндік берді, сөйтіп АҚШ пен әлемдік экономикаға қауіп төндірді.

Ормуз бұғазы осындай стратегиялық кедергілердің бірі болып табылады. ЖІӨ-і әлемдік экономиканың 1%-нан да аз Иран әлемдегі мұнай мен газдың бестен бір бөлігі тасымалданатын осы су жолын басқарады. Ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға бірлескен шабуылынан бері бұл су жолы жабылып, жанармай, тыңайтқыш және басқа да тауарлардың тасымалына кедергі келтірд. Әлемдік мұнай бағасының күрт өсуіне және американдық фермерлер мен өндірушілерді ауыр күманға ұрындырды.

Бұдан бір жыл бұрынғы бейсенбіде тағы бір жолғы кек алу эксперименттері басталды. Сол күні Трамп Ақ үйдің раушан бағына кіріп, бірнеше елге тарифтер жариялап, бұл күнді «Азаттық күні» деп атады. ЕО сияқты қуатты экономикаларды қоса алғанда, көптеген үкіметтер АҚШ талаптарын орындағанымен, Қытай одан сырт қалды. Кейіннен Бейжің сирек кездесетін жер минералдары мен сирек кездесетін жер магниттеріне экспорттық лицензиялау жүйесін енгізді, бұл Қытайға жаһандық өндіріс жүйесін толық бақылауға мүмкіндік берді.

Трамп қайта жандандырудан үміттенген АҚШ өндірісінің тіректері - автомобильдер, жартылай өткізгіштер және жойғыш ұшақтарды өндірушілер сирек кездесетін метальға қатты тәуелді, ал әлемдегі сирек кездесетін жер металдарының басым көпшілігі Қытайда өңделеді.

Қытай кейбір лицензияларды мақұлдап, сирек кездесетін жер металдарының кейбір экспортына рұқсат берсе де, көптеген өндірушілер әлі де шикізат тапшылығында. Сонымен қатар, Қытай АҚШ әскери күштерін қамдайтын компанияларға сирек кездесетін жер металдарын жеткізуді толығымен тоқтатты, бұл компанияларды балама жеткізушілерді іздеуге мәжбүр етті. Трамптың Қытайға жоспарланған сапарын шамамен алты аптаға, мамырдың ортасына дейін кейінге қалдыруы – Қытай басшысымен жағдайды реттейді деп үміттенген бизнес басшыларының салын суға кетірді.

Бұл шырғалар Трампқа мына фактіні ұғынуға мәжбүр етеді: АҚШ экономикасы қаншалықты күшті болса да, оның әлемдік экономикамен шырма-шату байланыстары оны ырықсыз орынға қалдырады, күресуге қауқарсыз етеді.

«Экономикалық соғыс дәуіріндегі Американың қуаты» кітабының авторы Эдвард Фишман күллі әлем жұрты Трамптың Қытайдың экономикалық бопсасына шыдамай өткен жылы Бейжіңге қатысты саясатына  жеңілдіктер жасауға мәжбүр болғанына куә болды дейді. Ол сондай-ақ Трамп қаңтарда Гренландияны "басып алам" деп қорқытқаннан бері, тіпті еуропалық шенеуніктер де АҚШ сауда жүйесіндегі осал тұстарды белсенді түрде іздеп жүргенін атап өтеді.

«Қазіргі алар сабақ - АҚШ-тың экономикалық қысымымен күресудің жалғыз жолы - қарсы тұру. Иран көз алда оны тағы да дәлелдеп жатыр», -  деп сөзін түйіндейді.

Дереккөз: Нью-Йорк таймс

Abai.kz

0 пікір