Жұма, 3 Сәуір 2026
Қоғам 160 0 пікір 3 Сәуір, 2026 сағат 17:22

Дін қаупі туралы депутат Бапи дабыл қақты!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

ДІН ЕЛЕСІ ҚАҚПАНЫ ҚАҚҚАНДА...

Діни экспансиядан шегінетін жер қалмай барады... Осы мәселені Мәжілісте депутат Ермұрат Бапи көтеріп, ҚР Бас Прокуроры атына бірнеше депутаттар қол қойған Мәлімдеме жіберетінін паш етті.

Діни ахуалды бақылауда ұстамаса, оның соңы қандай трагедияларға апаратынын біз біршама елдердің мысалынан көріп отырмыз: Иранда 1979 ж. Ислам революциясы жеңіп,  ел дін өкілдері басқаруына көшті. Діни көшбасшы болып Аятолла Хеменей тағайындалды. Бір кездері қарқынды дамуға бет алған Иран мемлекеті содан бері үнемі құлдырау векторына көшті.  Биыл Иран жастары осыған қарсы демократиялық талаптармен жаппай наразылық шеруіне шыққанда, оларды «Ислам сақшылары» деп аталатын әскерилер атқылады, 100 мыңдай адам қаза тапты...  Бір кездері демократиялық даму белгісі пайда болған Ауғанстан мемлекеті бүгінде «қара жамылған».

Осы жағдайда біздің елімізге Ортағасырлық ислам ержелерін орнықтырғысы келетін, қоғамның еліміздің зайырлы заңдармен емес, шариғатпен басқарылуын қалайтын ерекше діни «қайраткерлер», «ұстаздар» легі пайда бола кетті.

Әрине, оның пайда болуына авторитарлы Назарбаев жүйесі көп еңбек сіңірді. Мәселен, ол кезде Н.Назарбаев мешітке барса, артынша свита төрт‑бес мешіт салып, ол мешіттерді «Нұр..» сөзі варияцияларымен атауды сәнге айналдырды... Сөйтіп, елімізде «Нұрмүбарак» университтеті ашылды және т.т. «нұрмешіттер» қаптап салына бастады...

Кейде, біздің арамыздан да «Діни партия құру керек» деген «қайраткерлер көрініп қалады. Шындықты айтсақ, олар біздегі қазіргі ислам  діні кез‑келген партиядан ондаған есе әлеуетті, қуатты инфрақұрылымға ие екенін ескермейтін сияқты. Өткенде Бейсенғазы Көкей деген патриот азамат елімізде ресми тіркелген 2945 мешіт бар екенін, одан өзге тіркелмеген мешіттер де көп екенін еске салды. Егер, осыны назарға алсақ, еліміздегі тіркелген саяси партияларда ‑ әрине, «Аманат» партиясынан өзге – мұндай зор инфрақұрылым ешкімде жоқ екенін көреміз.

Санап жіберсек, үш мыңдай мешіттегі жамағат саны еліміздегі барлық партиялардың жиынтық мүшелерінен артық деуге болады. Бұл дегеніміз сұмдық көрсеткіш – олардың қатарында елдегі барлық партия мүшелері  жүр, билікте отырған, өз статусы бойынша зайырлылықты қорғайтын мемлекеттік шенеуніктер де жүр... Арасында жұмысшы жастар, студенттер, тіптен, оқушылар да жүр!  Ендеше, біз еліміздегі қазіргі дінді «Партия үстінде тұрған партия» десек те болатындай жағдайға жетіп қалыппыз. Одан әрі, тек Иранмен қосыла «Екінші Ислам |Республикасы» деген атақты иелену ғана қалып тұр ма дейсің... Яғни, бізге қазір «Діни партия» құрудың да еш қажеті жоқ екенін осыдан байқауға болмай ма?

Депутат Ермұрат Бапи көтерген мәселені еліміздің зиялы қауымы бірнеше жылдардан бері көтеріп, әсіредінге ұрынудың қатері туралы айтудайын айтып келеді...

Өткенде Баян Алагөзова үн көтерді. Ол жұртқа танымал азамат болғандықтан, оның сөздері халыққа тез тарады. Бірақ, діни қауіптің зардабын айтатын адамдар легі одан да көп. Философия ғылымының докторы Берік Аташ діннің адамдарды қорқынышпен өзіне бағындыруы мәселелерін көтеріп, арнайы мақала да жазды...

Осы жолы маған Қаршыға Мұқыш атты азамат былай деп жазыпты: «Біздің қоғамдағы кейбір топ өкінішке орай, дінді уахабилік контексте түсіндіруде. Осы «кейбір топ» өкілдерінің насихаты қуатты боп тұр. Бұл нөпірге тойтарыс бере алатын бірден-бір мемлекеттік күш - философия пәнінің оқытушылары болу керек еді. Себебі бұларда аудитория бар. Бірақ бұлардың көбі диалектикалық логика сүрлеуінен шыға алмай, қарама-қарсылықтың күрес заңы идеясының шырмауында жүр».

Бұған не деуге болады?  Байқасаңыз, Қаршығаның өзі де діннің теріс жағын «кейбір топқа» аударады да, сол «кейбір топпен» философтар шайқасулары керек екен.. Әрине, оған былай деп жауап жаздық: «Философия одан кенде қалып жатқан жоқ. Бірақ, философия элитарлы ілім. Сондықтан, философиялық ой бұқаралық санаға бірден тарамайды. Философиялық ой, егер, билік оны идеологиясында қолданысқа енгізсе ғана ‑ билік тетіктері арқылы бұқаралық санаға жетеді. Бұл - идеология.

Ал, енді, сіздің мұндағы дінді екіге бөліп, оның біреуі – «бұзық», біреуі – «түзік» деуіңіз – адамның жеке діни көзқарасы. Ал, діни сананы сыни тұрғыда қабылдау үшін, бізге диалектикалық ойлау тәсілін қолдану қажет» ‑ деп...

Шындығында,  ұлтқа діннен келер қауіпті ойлар болсақ, егер діннің «бұзық-түзік» дегендей ішкі мәселесі бар болса, онда онымен үш мыңдай мешіті бар ҚМДБ неге айналыспайды? Себебі, олар айтатын «бұзықтар» ислам діні атымен әрекет етіп жатыр ғой? Депутат Е.Бапи да осы мәселеге ерекше назар аударды. Мүмін, енді ҚМДБ аясында үлкен «реформалар» басталуы да ғажап емес. Енді діннің «түзік» бөлігі «біз бұзық емеспіз» деп жайбарақат отыра алмайтын шығар...

Өткенде, діннің «көзге көрінбейтін қаупі туралы өз ойымды ашық айттым:

Қазіргі дін жастарды өзіне тартудың небір жолдарын меңгерген. Тіптен, балмұздақ сатып әперуге дейінгі тәсілді қолданатындарын жазады кейде... Олардың уағызына иілген жастар «иман үшін» деген иллюзия жетегінде жүр. Әрине, жастық максимализм бар жерде, олар «бәріне үлгеруге», «бәрін көруге» ұмтылады. Алайда, оларды дінге тартушы ортаның сапасы қандай? Ол жастарды Ұлттық патриотизмге қарай бастай ма, әлде, «ұлтсыздануға» қарай итере ме? Міне, осыны жастар қаперге ала бермейді...

Ал, діннің «жалған ұстаздарының»  санасы ортағасырлық дінмен әбден догмаланғанын (өзгермейді деген мағынада) Е.Бапи өз сөзінде қадап айтты.

Философ Ә.Бәкірұлы өз парақшасында мындай өткір мәселеге назар аударады: «Діни ұстаздар мектепте жақсы оқып, болашақта Отанға қызмет етеді деп үміт күттірген, инновацияға дап-дайын жас буынды шыңырауға сүйреп кетеді ақыр соңында» ‑ деп.

Жалпы,  қорыта айтсақ,  дінге тым ерік бергенде - мемлекет іргесі сөгіледі. Онымен бір мезетте ұлттық-отбасылық құндылықтары мағынасынан ажырап,  құндылық ретінде жойылады. Ұлттық-унитарлы мемлекеттерге бұл аса қауіпті қадам!

Ақпараттық желілерге қарасақ, онда депутат Е.Бапи жасаған Мәлімдеме бұқара арасында жаппай қолдауға ие боп жатқанын көруге болады. Ендеше, «Қоғам бұрынғы авторитарлы жүйе халықты бағынышты етіп ұстау мақсатында енгізген «діни экспансиядан» шаршаған, одан келер қауіпті сезе бастаған» деп қорытындылап,  мақаланы аяқтауға болатын сияқты. 

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір