Сталинды қайта тірілтпек болған Черненко
1985 жылдың наурызында Константин Черненконың өмірден өтуімен бірге тұтас бір дәуір келмеске кетті. Бірақ бұл Бас хатшының Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай Сталинді толықтай ақтауды жоспарлағанын бірі білсе, бірі білмейді. Егер тағдырдың жазуы басқаша болғанда, КСРО тарихы мүлдем басқа арнаға бұрылуы мүмкін еді.
Бүгінде ұмытылып бара жатқан Черненконың есімі Лос-Анджелес Олимпиадасына бойкот жариялағаны мен «Білім күнін» енгізгені үшін ғана еске алынады.
Алайда, билікте болған он үш ай ішінде бұл басшы ел тағдырын түбегейлі өзгертетін бетбұрыстарды жоспарлаған болатын.
Жарық көрмеген құжаттар
Константин Устинович өзінің басты миссиясы — «тарихи әділдікті орнату» деп білді. Оның пайымдауынша, Хрущевтің Сталинді сынауы кеңестік қоғамның бірлігін шайқалтқан қасіретті қателік болды. Черненко сталиндік принциптерге қайта оралмай, КСРО өзінің идеологиялық өзегінен айырылады деп есептеді.
1985 жылдың мамырына қарай Орталық Комитетте «1950 жылдардың екінші жартысы мен 1960 жылдардың басында И.В. Сталин мен оның жақын серіктестерінің қызметін бағалауда орын алған субъективті көзқарас пен асыра сілтеушілікті түзету туралы» қаулы дайындалып жатқан еді.
Черненко өзі «батпақ» деп атаған хрущевтік «жылымық» кезеңінің барлық жетістіктерін бір-ақ сәтте жоққа шығарғысы келді.
Сонымен қатар, Бас хатшының кеңсесінде Волгоградқа өзінің тарихи Сталинград атауын қайтару туралы қол қойылған құжаттар жатты. Бұл оқиға 1985 жылғы 9 мамырда, Жеңістің 40 жылдығында жариялануы тиіс еді. Черненко бұл символикалық қадам кеңес тарихын ауқымды қайта қараудың бастауы болады деп сенді.
«Ескі гвардияның» оралуы
Черненко тек қағаз жүзіндегі реформалармен шектелген жоқ. Ол өзіне берілген қысқа уақыт ішінде батыл әрекет етті. Ол Хрущев тұсында тарихтан сызылып тасталған тұлғаларды партия қатарына қайта қосуды жөн деп тапты.
1984 жылы 6 шілдеде символикалық оқиға болды: Черненко Сталиннің жақын серіктесі Вячеслав Молотовқа өз қолымен партия билетін табыстады.
Тоқсаннан асқан қария Бас хатшының қолынан қызыл кітапшаны көзіне жас алып тұрып қабылдады. Черненко үшін бұл тарихи әділдіктің салтанат құруы еді.
Молотовтан кейін партия қатарына Лазарь Каганович пен Георгий Маленковты қайтару жоспарланған болатын. Черненко бұл адамдардың саяси сахнаға оралуы қоғамға «бағыттың өзгергені» туралы нақты белгі береді деп есептеді.
Қырымдағы оқиға
1983 жылдың жазында, әлі билікке келмей тұрған кезінде Черненко отбасымен Қырымда демалып жатқан еді. Кенеттен оған сол кездегі Ішкі істер министрі әрі Андроповтың адамы Виталий Федорчуктан «сыйлық» — ысталған балық келеді. Осы балықтан дәм татқаннан кейін Константин Устинович қатты уланып, төсек тартып жатып қалады.
Бұл жағдайдың өзі біртүрлі..
Балықтан отбасы мүшелері мен қызметшілер де ауыз тиген, бірақ тек Черненко ғана ауыр зардап шекті. Күзет неге екені белгісіз, сәлемдемені тексермеген. Содан бастап Константин Устинович жұмысын жалғастырғанымен, денсаулығын ешқашан толық қалпына келтіре алмады.
Кисловодск тұзағы
1984 жылдың күзінде, Бас хатшы болып тұрған кезінде Черненко тағы бір «тағдыр сыйына» тап болды. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Евгений Чазов Горбачевпен келісе отырып, Бас хатшыны Кисловодскке емделуге баруға көндіреді.
Мұнда зұлымдыққа толы есеп жатқан еді.
Чазов Черненконың өкпе эмфиземасымен ауыратынын жақсы білді. Мұндай диагнозбен таудың ауасы өте қауіпті. Бірақ Чазов талап етті, Горбачев қолдады. Черненко мұны «соратниктерінің» өзіне деген қамқорлығы деп түсінді.
Нәтижесі қайғылы болды. Кисловодскіден оны жедел түрде зембілмен алып кетті. Осы «емнен» кейін ол небәрі бірнеше ай ғана өмір сүрді. Сталинді ақтау, қаланы Сталинград деп өзгерту туралы барлық дайын құжаттар қағаз жүзінде қалып қойды.
Черненко КСРО-ға сталиндік дәуірдің тексерілген принциптері — жоспарлы тәртіп пен идеологиялық нақтылық қажет деп сенді. Оның пікірінше, дәл осы негіздердің Хрущев пен Брежнев тұсында шайылуы елді әлсіреткен.
1985 жылы наурызда Горбачев билікке келгенде, оның алғашқы тапсырмаларының бірі Черненконың үстінен компромат жинау болды.
Оған десталинизация курсын жалғастыру үшін негіз керек еді. Алайда, ешқандай материал табылмады — Черненко адал басшы болып шықты.
Константин Устинович небәрі бір жыл жиырма бес күн ғана билікте болды. Тарихты өзгерту үшін бұл уақыт жеткіліксіз еді.
Горбачевтік «қайта құру» тек уақытша кешіктірілді, бірақ тоқтатылмады. Сонымен бірге кеңес халқының ұрпақтар бойы күресіп келген "құндылықтарының" күйреуі де басталды.
Abai.kz