Жұма, 17 Сәуір 2026
Көкжиек 213 0 пікір 17 Сәуір, 2026 сағат 13:19

Рухани байлық – ұлттың ең үлкен капиталы!

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Жастар – әрбір мемлекет дамуының ең белсенді әрі қозғаушы күші. Олар – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Сондықтан олардың дүниетанымы, өмірлік ұстанымы мен құндылықтар жүйесі қоғамның келешегін айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, жастар өміріндегі рухани құндылықтардың рөлі ерекше маңызды. Себебі рухани негізі берік жас – кез келген сынаққа төтеп бере алатын, саналы таңдау жасайтын әрі елдің дамуына түрткі болатын кемел тұлға.

Рухани құндылықтар дегеніміз – адамның ішкі дүниесін байытатын, оны ізгілікке, әділдікке, мейірім мен адамгершілікке жетелейтін қасиеттер жиынтығы. Оған ар-ождан, имандылық, жауапкершілік, адалдық, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық секілді ұстанымдар жатады. Мұндай құндылықтар адамды тек жеке тұлға ретінде ғана емес, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптастырады.

Бүгінде ақпараттық кеңістіктің кеңеюі, әлеуметтік желілердің ықпалы жастардың санасына әртүрлі идеялар мен көзқарастарды еркін сіңдіріп жатыр. Бұл – бір жағынан мүмкіндік болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Себебі кез келген ақпарат пайдалы бола бермесі анық. Кей жағдайда жастар жат идеологиялардың, теріс ағымдардың ықпалына түсіп қалуы мүмкін. Мұндай кезде рухани иммунитеттің маңызы арта түседі. Ал рухани иммунитет – дәл осы құндылықтар арқылы қалыптасады.

Жастардың өмірінде рухани құндылықтардың орны ерекше екендігін отбасы тәрбиесінен-ақ байқауға болады. Отбасы – алғашқы тәрбие мектебі. Бала ең алдымен ата-анасының іс-әрекетінен, сөйлеген сөзінен үлгі алады. Егер отбасында сыйластық, түсіністік, имандылық үстем болса, бала да сол ортада дұрыс жетілген тұлға болып қалыптасады. Ал рухани тәрбиеден кенде қалған ортада өскен жас буынның өмірлік бағдарын табуы қиынға соғары белгілі.

Білім беру жүйесі де жастардың рухани дамуына үлкен ықпал етеді. Мектеп пен жоғары оқу орындары тек білім берумен шектелмей, адамның жан-жақты дамуына жағдай жасауға тиіс. Ұстаз – тек ақпарат жеткізуші емес, ол – тәрбиеші, бағыт-бағдар беруші. Сондықтан білім ордаларында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу – уақыт талабы.

Қазіргі жастардың алдында тұрған тағы бір сын – материалдық құндылықтардың басым болуы. Кей жағдайда байлық, мансап, сыртқы жетістік бірінші орынға шығып, рухани дүниеге жеткілікті мән берілмей жататыны рас. Алайда адамды шынайы бақытқа жеткізетін – тек материалдық игілік емес, рухани тепе-теңдік. Ішкі жан дүниесі бай, ар-ұяты таза адам ғана өмірдің мәнін терең түсіне алады.

Рухани құндылықтар жастарды түрлі теріс құбылыстардан қорғайды. Олар экстремизм, радикализм, зорлық-зомбылық, нашақорлық секілді қауіптердің алдын алуда маңызды рөл атқарады. Себебі саналы, тәрбиелі, иманды жас мұндай жолға бармайды. Ол өз өмірінің ғана емес, қоғамның да алдындағы жауапкершілігін сезінеді.

Сөзіміздің тұқетерін айтар болсақ, жастар өміріндегі рухани құндылықтар – олардың дұрыс бағытта қалыптасуының, қоғамға пайдалы тұлға болып жетілуінің негізі. Рухани байлық – ұлттың ең үлкен капиталы. Сондықтан жас ұрпақтың санасына ізгілік пен парасатты сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Рухани құндылықтарға сүйенген қоғамның ғана іргесі берік, болашағы жарқын болмақ.

Abai.kz

0 пікір