Жұма, 17 Сәуір 2026
Саясат 167 0 пікір 17 Сәуір, 2026 сағат 13:36

Манипулятивті қоғам

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қәзір қоғамның болмысы қатты өзгерді. Бұл әлемде болып жатқан күрделі жағдайлармен тікелей байланысты. Кезінде Наоми Хомскийді оқығанымызда, манипуляцияны негізінен саяси билік жасайды деп түсіндірілетін. Қәзір тек олай емес немесе жағдай күрт өзгерді.

Манипуляцияның көкесін осы күні қоғам мүшелері көрсетіп, көрігін цифрлық дәуір қыздырып тұр. Кешегі депутат Е.Жаңбыршинге қарша бораған қарғыстар мен буллингтер соның бұлтартпас айғағы. Ал кейбір ағайын ассалаумағалейкум десең "неге армысың демейсің" деп тіреледі немесе тура керісінше.

Қоғам түрлі шаблондар мен штамптарға жатып алған. Ойлану жоқ, тыз етпе сезімді баурап алатын дайын калькалар рационы талақ етуде. Әлеуметтік желі түрлі психологиялық терминдерден аяқ алып жүргісіз. Анталап тұрған айыптаушы, күстәналаушы, кінә артушы қоғам. Психологизм.

Қәзіргі адам - өмір сүргені үшін априори кінәлі. Бұл христиандық мәдениеттен бастау алатын күнәдан арылу үшін өмір сүретін діни-экзистенционалдық мәселе (бізге негізі қатысы жоқ!). Біз болсақ қосақ арасында кетіп адамның азат басын тұқыртып, жасампаз еркін мұқалтып жатқандаймыз. Физикалық та, метафизикалық та мағынада "қарыз қоғам" құрудамыз. Ипотека, кредит, каспи редтер бер жағы, "еркек болып туғаның үшін кінә", "ЛГБТ-ға қарсы шығып, отбасы құндылығын қолдағаның үшін кінә", "ұят болады культіне негізделген мәдениет өкілі болғаның үшін кінә" ("Д.Сатпаевтың ұятменін қараңыз), енді міне осыларға "иттердің эвтаназиясын талап еткен қоғам мүшесі болғаның үшін кінә" қосылуда. Қысым сұмдық.

Адамды туғаннан бір нәрсеге қарыздар немесе айыпты етіп қою манипуляцияның атасына айналды.

Заманауи манипулятивті қоғамда сенің «иә» немесе «жоқ» деп жауап бергенің маңызды емес. Мақсат - адамды үнемі қорғаныс позициясында ұстау. Адам өзін үнемі ақтаумен, кінәлі емес екенін дәлелдеумен айналысқанда, оның сыни ойлауға, шынайы саяси немесе философиялық мәселелерді талдауға күші қалмайды.

Тіпті өзіңе күмәндануың соншалық, төл мәдениетіңнен жеріп, санасы жуылған мәңгүрт болу ғана қалғандай сезінесің. Адамдардың мәдени құқығы елеп-ескерілмеуде. Ал бұл адам құқықтарының заманауи IV кезеңіне жататын құндылықтар. Мәселе сонда, бұған мемлекет емес, қатардағы қоғам мүшелері қол сұғып отыр.

Біз бір қоғамда өмір сүріп отырғандықтан, оның басқа да мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарына бей-жай қарамауға тиіспіз. Өйткені біз де басқа кеңістік жоқ. Қоғамдық мүдде деген ұғымды қайта қарау және оны заңмен қорғау қажеттілігі туындап отыр.

Біртұтас қоғам идеологемасы насихатталуы тиіс. Бұл қалыптасып отырған әлеуметтік диктатурадан, соның ішінде азшылықтың манипуляциясынан сақтанудың басты құралы болушы еді.

Қазыбек Дәуітәлі, саясаттанушы

Abai.kz

0 пікір