Жұма, 17 Сәуір 2026
Деп жатыр 147 0 пікір 17 Сәуір, 2026 сағат 13:45

Саяси бәсеке қыза түсті: Ескі атау, жаңа мазмұн ба?

Сурет: zakon.kz сайтынан алынды.

Қазақстанның саяси айдынында көктемгі «егіс науқаны» басталды. Президенттің пәрменінен кейін партиялық алаңда айтарлықтай жандану байқалады. МСБ-ны өз туының астына жинаған «Amanat» партиясының жаппай мобилизациясынан соң, сахнаға ескі атауы бар, бірақ жаңа амбициясы зор «Әділет» саяси жобасы шықты.

Ескі атау, жаңа мазмұн ба?

Кезінде «Әділет» партиясы тек негізін қалаушы, марқұм Мақсұт Нәрікбаевтың беделіне ғана сүйенген «көсемшіл» ұйым болды. 2013 жылы «Руханиятпен» бірігіп, кейін «Бірлікке» айналған бұл құрылым биліктің кез келген қадамын қолдаудан басқа ештеңемен есте қалмады.

Алайда бүгінгі «реадилетация» (қайыра әділеттену) – әлдеқайда салмақты жоба. Желі қолданушылары «Жаңа Әділетті» кезінде Дариға Назарбаеваның «Отан» партиясына сескену тудырған «Асар» партиясымен салыстыруда. «Асар» да кезінде қысқа мерзімде «кіші істер партиясы» ретінде танылып, номенклатуралық ортаны дүр сілкіндірген еді. Сұрақ біреу: «Әділеттің» де тағдыры «Асар» сияқты «Аманатпен» бірігумен аяқтала ма, әлде бұл Тоқаев уәде еткен нағыз көппартиялықтың басы ма?

Екі полюсті жүйе: «А» және «Ә»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы алғашқы Жолдауында саяси бәсекелестік пен көппартиялықты дамытуға уәде берген болатын. Арада жеті жылға жуық уақыт өткенде біз классикалық көппартиялықтың емес, «Amanat» пен «Әділет» партиялары кезектесіп билік ететін екіпартиялық жүйенің («эрзац-модель») куәсі болуымыз мүмкін.

Саясаттанушы Андрей Чеботаревтің пікірінше, жаңа партияның бастамашылар тобында ірі бизнес өкілдерінің болуы – шешуші фактор.

«Құрамда Андрей Лаврентьев («Allur Group») және Айғазы Құсайынов (Халықаралық білім беру корпорациясы) сияқты тұлғалардың болуы партияның аймақтық филиалдарын құру мен тіркеу мәселесін тез шешуге мүмкіндік береді. Бұл партия саяси аренаға солшыл-центристік позициямен шығуы мүмкін», — дейді сарапшы.

«Жаңа Ким» һәм «Болат патшасы»

Партияның «қозғалтқышы» саналатын тұлғаларға тоқталсақ, Лаврентьев — автомобиль және болат өнеркәсібінің алыбы болса, Айғазы Құсайынов — елдегі ірі білім беру холдингінің мұрагері әрі жаңа «мыс патшасы». Кезінде Владимир Ким мен «Қазақмыс» «Отан» партиясына қалай тірек болса, Құсайынов та «Әділет» үшін сондай қаржылық-ұйымдастырушылық драйверге айналмақ.

Ең бастысы, «Әділеттің» бағдарламалық мақсаттары Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» идеологемасымен үндес. Бұл партия жай ғана бәсекелес емес, уақыт өте келе жалғыз билеуші күшке айналуы да ғажап емес.

«Ұжымдық Назарбаевтан» — «Ұжымдық Тоқаевқа»

Егер осы сценарий жүзеге асса, Президент формальды түрде партиясыз қала отырып, «ескі» билік партиясынан (оны әлі де «ұжымдық Назарбаев» деп атайтындар бар) іргесін біржола ажыратады. Ал «Әділет» партиясы Тоқаевтың тікелей қатысуынсыз-ақ «ұжымдық Тоқаевқа» айналады.

Бұл — саяси тұрақтылыққа қатер төндірмейтін, бірақ көппартиялықтың көрінісін беретін тиімді жүйе.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір