«Қазақстанның қолжазба мұрасы: сақтау, зерттеу және цифрлық гуманитаристика» халықаралық конференциясы өтеді
Қазақстанның жазба мұрасы – ұлттық тарихи және мәдени мұраның ажырамас бөлігі. Ғасырлар бойы тарих, дін, философия, әдебиет, құқық, ғылым және қоғамдық өмірге қатысты мол білім қоры қолжазбалар мен сирек жазба ескерткіштері арқылы сақталып келді. Бұл дереккөздер қазақ даласын Орталық Азия, Шығыс Азия және ислам әлемінің кең ғылыми желілерімен байланыстырған зияткерлік үдеріс пен мәдени ауыс-күйісті көрсетеді, сондай-ақ аймақтың өркениеттер мен идеялардың маңызды тоғысқан орны болғанын айқындайды.
Соңғы жылдары цифрлық технологиялар мен цифрлық гуманитаристика саласының дамуы қолжазба мұраны сақтау, зерттеу және тарату үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Цифрландыру технологиялары нәзік әрі осал материалдарды ұзақ мерзімге сақтауға ықпал етіп қана қоймай, сирек дереккөздерге қолжетімділікті едәуір кеңейтеді. Цифрлық архивтер, дерекқорлар және заманауи зерттеу құралдары арқылы әлемнің әр түкпіріндегі ғалымдар тарихи мәтіндерді кеңірек салыстырмалы және пәнаралық аяда зерттеп, талдауға мүмкіндік ашылды.
Қолжазба мұраны сақтау, зерттеу және тарату саласындағы қазіргі жағдай мен жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның құжаттық мұрасының едәуір бөлігі шағатай, араб, парсы, осман, ескі қазақ және төте жазу сияқты шығыс тілдері мен жазуларында сақталғанын назарға ала отырып, Қазақстанның шығыс тілдеріндегі қолжазба мұраның тізілімі мен электрондық дерекқорын құруға бағытталған ғылыми бағдарлама іске асырылуда. Бұл қолжазбалар мен сирек кітаптар өңірдің тарихи дамуын, сондай-ақ оның көршілес өркениеттермен зияткерлік, мәдени және саяси байланыстарын түсіну үшін аса құнды.
Осы тұрғыда «Қазақстанның қолжазба мұрасы: сақтау, зерттеу және цифрлық гуманитаристика» атты халықаралық конференция Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты қолжазба қорларын зерттеу саласындағы қазіргі ғылыми ізденістерді, сақтау стратегияларын және инновациялық тәсілдерді талқылау мақсатында ғалымдарды, архивистерді, кітапханашыларды, музей мамандарын және цифрлық гуманитаристика саласының зерттеушілерін бір алаңға жинауды көздейді. Конференция қолжазба дәстүрлерін зерделеуге, консервациялау мен ғылыми каталогтаудың озық тәжірибелерімен алмасуға, сондай-ақ жазба мұраны зерттеудің жаңа цифрлық құралдары мен әдіснамаларын талқылауға арналған пәнаралық алаң болады.
Әртүрлі салалар мен өңірлерден келген мамандарды біріктіре отырып, конференция Қазақстанның қолжазба мұрасын жүйелі түрде зерттеуге, сақтауға және цифрлық тұрғыдан жаңғыртуға үлес қосады. Бұл бастама еліміздің бай жазба дәстүрлерін жаһандық ғылыми және цифрлық білім кеңістігіне енгізуге қолдау көрсетіп, қолжазба қорларымен жұмыс істейтін мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтады.
Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ВР28712621 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында қолдау табуда.
Конференция тақырыптары
1. Қолжазба мұраны сақтау және архив ісі тәжірибелері
2. Кодикология және қолжазбатану
3. Цифрлық инновациялар және қолжазба мұрасы
Форматы: Конференция аясында пленарлық баяндамалар, панельдік пікірталастар және ғылыми баяндамалар ұсынылады. Конференция гибридті форматта (онлайн және офлайн) өткізіледі.
Жұмыс тілдері: қазақ, орыс, ағылшын, түрік.
Материалдарды ұсыну тәртібі: Көлемі 150-250 сөзден тұратын аңдатпа eri-project@ayu.edu.kz электрондық поштасына жіберілуі тиіс.
Қатысу шарттары: Конференцияға қатысу тегін. Қатысушылар жол жүру және сапар шығындарын өздері қамтамасыз етеді.
Маңызды күндер:
Аңдатпаны жіберу мерзімі: 2026 жылы 30 сәуір
Қабылдау туралы хабарлама: 2026 жылы 4 мамыр
Конференция күндері: 2026 жылы 2-3 маусым
Ұйымдастырушылар
Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институты, ҚР ҒЖБМ ҒК «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК, Гарвард университетінің Дэвис атындағы Ресей және Еуразия зерттеулері орталығы, Астана IT университеті, Ислам тарихын, өнерін және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) және Түркия Республикасы Қолжазбалар басқармасы.
Қосымша бағдарлама
Конференциядан кейін 2026 жылы 4-10 маусымда қолжазбатану және жазба мұраны зерттеудегі цифрлық тәсілдерге арналған Жазғы мектеп өтеді. Жазғы мектеп туралы толық ақпаратты мына сілтемеден алуға болады:https://qolzhazba.com/SummerSchool
Байланыс
Сұрақтар мен ұсыныстар бойынша хабарласу үшін: o.hanayi@ayu.edu.kz немесе a.muratbekova@ayu.edu.kz.
Abai.kz