Сенбі, 18 Сәуір 2026
Анық-қанығы 250 0 пікір 18 Сәуір, 2026 сағат 16:35

«Қыз Жібектің» камзолы: Жәдігер қалай жеке қолға өтіп кетті?

Сурет: total.kz сайтынан алынды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі продюсер Баян Алагөзованың видеосынан кейін арнайы тексеріс бастады.

Күні кеше ғана танымал продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында жұртшылықты таңғалдырған видео жариялады. Бейнежазбада ол «Қыз Жібек» фильмінде Меруерт Өткешева киген алқызыл камзолды көрсетіп, бұл құнды жәдігердің қазіргі таңда өз үйінде сақтаулы тұрғанын мәлімдеген болатын. Продюсердің бұл сөзі қоғамда үлкен пікірталас тудырып, мемлекеттік органдардың назарына ілікті.

Министрлік не дейді?

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл жағдайға байланысты бірден түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, «Қазақфильм» киностудиясының музей қорында фильмдегі камзолдың бір ғана түпнұсқасы бар. Ол ұлттық кинематографиялық мұраның маңызды нысаны ретінде мемлекет қорғауына алынған.

«Продюсердің жарияланымында айтылған екінші камзолдың жеке тұлғаның қолына қалай түскені қазіргі уақытта анықталып жатыр», — делінген ресми хабарламада.

Кино мұрасы – халық қазынасы

«Қазақфильм» киностудиясы қазіргі таңда отандық туындыларда қолданылған реквизиттер мен костюмдерді жинау, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты — өнер туындыларын келер ұрпаққа сол қалпында жеткізу.

Сондай-ақ, киностудия жанынан заманауи музей ашу жоспарланған. Болашақта қазақ киносының тарихынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер сол жерге қойылып, қалың көпшілікке қолжетімді болмақ.

Түйін. «Қыз Жібек» — қазақ мәдениетінің бойтұмары. Сондықтан оған қатысты кез келген заттың, мейлі ол көйлек немесе камзол болсын, тарихи құндылығы өлшеусіз. Мамандардың айтуынша, түсірілім кезінде костюмдердің бірнеше нұсқасы дайындалуы мүмкін, бірақ олардың барлығы да мемлекеттік тіркеуде болуы тиіс.

Әзірге министрлік тексерістің нәтижесін күтіп отыр. Ел назарын аударған камзолдың шынайы тарихы алдағы уақытта белгілі болады.

Abai.kz

0 пікір