Сәрсенбі, 4 Қараша 2026
Жаңалықтар 143 0 пікір 4 Қараша, 2026 сағат 16:37

Бектенов «Самұрық-Қазынаны» сынады

Сурет: sputnik.kz сайтынан алынды.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің отырысында инвестициялық жобалардың уақытында жүзеге асырылмай жатқанын алға тартып, қор мен оның еншілес компанияларының басшыларын сынады.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол белгіленген мерзімдердің сақталуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ жобаларды жүзеге асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Бұған қоса, жүзеге асырылып жатқан жобаларды, оның ішінде Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында өндіруші қуаттарды іске қосу, газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі жобаларды уақтылы пайдалануға беруді күшейтілген бақылауға алуды жүктеді.

Жиында айтылған деректерге сүйенсек, 2026 жылдың 9 айында қор кірісі 13%-ға, ал таза пайдасы 19%-ға өскен.

Жалпы, қор жалпы құны 43,8 трлн теңгені құрайтын 69 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның 44-інде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал қалғандары түрлі дайындық кезеңдерінде тұр.

Abai.kz

0 пікір