Ташкентте «Түркі әлемінің әдебиеті» сериясы бойынша жарық көрген төрт кітаптың тұсаукесері өтті
Бүгін Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығында «Әмір Темір мен темірліктер өркениетінің әлем тарихы мен мәдениетіндегі орны және маңызы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция аясында қазақ тілінде жарыққа шыққан «Түркі әлемінің әдебиеті» сериясындағы жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.

Сурет: Қазақстан Жазушылар одағынан алынды.
Анар Рзаевтың «Қонақ үй бөлмесі», Арслан Қойшиевтің «Тұқымқұрт», Сұлтан Раевтың «Топан», Хайриддин Сұлтанның «Бақыт жағалауы» кітаптары 2025 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлесуімен «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы аясындағы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы негізінде оқырман қауымға жол тартқан болатын.
Тұсаукесер барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов бұл кітаптар тілі, ділі, мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары ұқсас түркі халықтарын бұрынғыдан да жақындастыруға қызмет ететіндігін атап өтті.
Бұған қоса, тұсаукесерде Ислам өркениеті орталығының директоры Фирдаус Әбдіхалықов, Қырғыз Республикасы мемлекеттік хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Арслан Қойшиев, халықаралық TÜRKSOY ұйымының бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев, Әзербайжан Жазушылар бірлігінің төрағасы, Әзербайжанның халық жазушысы Анар Рзаев, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, Өзбекстанның халық ақыны Сирожиддин Саиид, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин, Өзбекстанның халық жазушысы Хайриддин Сұлтан сөз сөйлеп, әдеби байланыстардың нығайып келе жатқаны туралы айтты.
Айта кетейік, «Түркі әлемінің әдебиеті» сериясы – Қазақстан Республикасында түркі тілдес халықтардың әдеби мұрасын насихаттауға, өзара мәдени байланысты нығайтуға және көркем аударма саласын дамытуға бағытталған маңызды мәдени бастама. Жобаның басты мақсаты – түркі елдері әдебиетінің ең үздік шығармаларын қазақ тіліне аударып, шығару.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
Abai.kz