Дүйсенбі, 27 Сәуір 2026
Абай мұрасы 149 0 пікір 27 Сәуір, 2026 сағат 12:48

Абай ілімі: Діни алауыздықтың алдын алу жолы...

Суреттер: abai.kz және e-history.kz сайттарынан алынды.

Қазіргі күндері еліміздегі, тіпті, адамзат көлеміндегі дінаралық алауыздықтардың алдын алудың маңызы өте үлкен  болып отыр. Еліміздегі исламшылар мен тәңіршілдердің арасындағы текетірестің күннен күнге өршуі осының жақсы дәлелі тәрізді.

Қоғам өміріне үлкен зардап әкелетін бұл құбылыстың негізгі себеп – рухани мешеулік салдарынан діннің ішкі мәні мен сыртық мәнісін көпшілік қауымның анық ажырата алмауы болып табылады. Жалпы алғанда, бүкіл адамзат тарихы түрлі діни ағымдардың арасындағы алауыздықты бір жүйеге келтірудің қиынның қиыны екенін көрсетеді. Абай ілімі бұл мәселенің де шешімін табуға мүмкіндік береді.

Діннің ішкі мәнін Абай өзінің «Лай суға май бітпес қой өткенге» атты өлеңінде былай деп береді:

Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкан
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Яғни, хакім Абайдың іліміне сүйенетін болсақ, дін дегеніміз – Түп Иеге қайту жолы, және адам өмірінің түпкі мақсаты. Өлеңнің осы төрт жолында данышпан бабамыз барлық діндердің ішкі негізгі мәнін көрсетіп отыр.  Бірақ көпшілік қауым барлық діндерге ортақ бұл түпкі мәнді білмегендіктен, не болмаса қабылдамағандықтан, дінаралық алауыздық күннен күнге толастамай, керісінше, өріс алуда.

Бір қарағанда аса қиындығы жоқ, осы қарапайым түсінікті көпшілік қауым неге қабылдай алмайды? Бұл жағдайдың бір себебін Абай «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде былай деп береді:

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дене біткен ретіменен.
Істің басы – ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен.

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хұснизән мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.

Адам денесінің осындай келісімді болуы Жаратушының хикметі. Оның хикметін түсініп, сезінетін болсақ, иманымыз өседі. Абай «Істің басы – ретін танымақтық» дейді. Бұл қандай іске кіріспей тұрып оның ретін танып ал деген сөз. Сондықтан,  иманды өсіру үшін де әуелі болмыстың үйлесімді және мінсіздігіне көңіл бөлу керек. Бұл рухани білім арқылы келеді. Сонымен бірге, діннің сыртқы сымбаты болып табылатын тағат түрлерін, оларды қалай, және не үшін жасайтынын, нені білдіретінін анықтап алу керек.

Абай өзінің отыз сегізінші сөзінде діннің ішкі мәні мен сыртқы мәнісін жақсы түсіндіріп береді. Білімсіз жасалған, яғни түсінбей жасалған тағат діннің сыртқы мәнісі болғандықтан, тек қана ритуал, рәсім ретінде қалып, пайдасы шамалы болады. Осының барлығын имамдар түсіндіріп, ұқтырулары керек. Өкінішке қарай, олар ғибадаттан сөз қозғап, хұснизән (жақсы ой) мен иманды білдіруді ойласа да, иманның тазалығын жақсы ұқтыра алмаған, себебі олардың өздерінде иманның тазалығы шамалы. Фәни әлемнің әсерімен нәпсінің ықпалында жүрген діни адамдар діннің ішкі мәнін дұрыс түсіндіре алмайды. Абай ілімі бойынша, оның себебі діннің сыртқы сымбатына, яғни ғибадат түрлері мен  рәсімдерге баса көңіл бөліп, ішкі мәніне терең үңілмегендіктен болып табылады. Бүкіл болмысты Жаратушы барлық діндерге ортақ екенін, діннің негізгі мақсаты иманды өсіріп Түп Иеге қайту екенін түсінген адам ешуақытта рухани жолды бір-бірінен бөліп, аластамайды. Барлық діндерге ортақ болып табылатын діннің ішкі мәні мен сыртқы мәнісін дұрыс түсінудің маңызы үлкен.

Діни жолдағы келеңсіз істердің себебін Абайдың  өзі былай деп түсіндіреді.

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

Мү’мин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол.
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

Аллаға [i]сеніп, пайғамбардың жолында болып, иман келтірсек те, шайтанның ықпалына жиі түсеміз. Оның себебі – нәпсі. Нәпсіні тыя алмаймыз. Нәпсіден шайтан ісі болып табылатын пайда, мақтан, әуесқой шығады. Дін ғана емес, тіпті өмірдегі барлық қиыншылықтардың себебі осы нәпсінің ықпалы, сондықтан Абай оны тыюдың маңызын қайталап, баса айтады. Себебі нәпсі рухани жетілу жолындағы басты кедергі. Егер адам иманды болса, «Пендеге иман өзі ашады жол». Иманның өзі жол ашып отырады. Ол жүрек көзін ашып, өмірдің барлық зардабынан құтылуға, негізгі мақсатқа жетуге мүмкіндік береді. Бірақ ол үшін фәни өмірмен былғанбаған толық сенім мен таза ой керек, яғни ниеттің тазалығы керек. Мұнафиқ (екі жүзді, іші кәпір сырты мұсылман) қанша намаз қылып, құлшылық жасауға ұмтылса да, оның әрекеті бос әурешілік. Аллаға тек қана, Абайдың өз сөзімен айтқанда, ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақылмен жетуге болады.

Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мү’мин болсаң,
Ойла, айттым: «Адамдық атын жойма!»

Абайдың бұл өлеңі оның бүкіл шығармаларының квинтессенциясы, яғни негізгі мәні тәрізді. Бұл өлеңінде ол болмыс сырлары, онымен үйлесімді өмір, адам өмірінің мақсаты тәрізді  бүкіл болмыстың негізгі мәнін қысқаша, тезисті түрде берген. Ал бұл соңғы төрт жолы – бұл өлеңнің қорытындысы. Қорытынды болғандықтан, оның маңызы да үлкен. Бұл маңызды жолдарға баса көңіл аударайық.

Адам да Алланың жаратқаны, Оның пендесі. Оның «Пендесіне қастықпен кінә қойма». Істің мән-мәнісіне бармай пендесіне қастық қылуға болмайды. Басқаға кінә қою білместіктен, түсінбегендіктен шығуы мүмкін. Бұл – надандықтан белгісі. Не болмаса барлығын түсіне тұра, қастықпен кінә қоюға болады. Бұл – имансыздық белгісі.

Абайдың жазғандарының барлығы Ақиқат-Рас. Сондықтан «Распенен таласпа мү’мин болсаң» дейді Хакім. Ақиқат Алладан шығады. Мұсылман бұл Ақиқатқа таласпай, оған толық сенеді. Егер сенбесе, ол мұсылман емес. Мұсылмандық иманнан басталады. Ал имансыздарды Абай «жарым адам» деп, не болмаса «Ақыл да жоқ, ми да жоқ. Даладағы аңдарсың» деп аңмен теңейтіні бар.

Абай ілімі бойынша, адамнан төменгілер «жарым адамдар». Сондықтан распенен таласатындарға «Ойла, айттым: «Адамдық атын жойма!» деп, егер распенен таласатын болсаң, онда адамдық атын жоясың, «адам» деңгейінен «жарым адам» деңгейіне түсесің дегендей болады.

Абайдың терең ойларынан адам өмірі ғана емес, бүкіл болмыстың түпкі мағынасын табамыз. Ол бүкіл болмыстың, оның ішінде адамзат өмірінің мақсаты және оған жету жолы қандай екенін тезисті түрде берген. Бұл Абай мұрасындағы рухани жетілудың негізгі бағыт-бағдарламасы.

Бүгінгі заманда көпшілік қауым Абайды әлі толық түсіне алмай жүр. Оның сөздерінің терең сырын түсінуді қиындататын негізгі себеп – имансыздық. Абайдың сырлы сөздерін заттық ақыл, және дүниелік біліммен түсінуге болмайды. Жүректе рухани сәуле болу керек. Абай сөздерін жүрегінде сәулесі бар адамдарға арнаған, ал адамдық осы деңгейден басталады.

Осы бағытта халықтың рухани деңгейін көтеру үшін елімізде бір кездерде мектеп қабырғасында дінтану сабығы енгізіліп, бұл үрдіс басталып та кетіп еді. Өкінішке орай діннің түпкі мәнін түсінбегендіктен, бұл пәннің пайдасынан зыяны басым болып кетті. Себебі, оқулықтар діннің не екенін түсіндірудің орнына оның тарихына, ғибадаттың сыртқы түріне арналды. Рухани жолдың негізі иман екенін түсіндірмей, діндердің сыртқы түріне көңіл бөлініп, олардың бір-бірінен айырмашылығы баяндалды. Мұндай кітаптар оқыған адамдарды діндерге бөліп, оларды біріктірудің орнына, керісінше, ажыратып, бөлінуге мәжбүрлейді. Осылай әуелде ізгі ниетпен жақсы басталған шара өзінің мақсатына  жете алмай қалды.

Сонымен, Абай ілімі бойынша, діннің түпкі мәні адамды рухани жолға салып, оны Түп Иеге қайтару екен. Барлық діни ағымдардың негізгі мақсаты болғандықтан, бұл ұлы мақсат барлық дінаралық алауыздықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог ғалым

Abai.kz

0 пікір