Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3805 0 пікір 29 Қазан, 2009 сағат 05:26

«ШЫНДЫҚ БІЗДІ АЙНАЛЫП ӨТПЕЙДІ»

Менің «abai.kz» интерне-порталындағы сұхбатыма пікір жазған беймәлім ағайын дәл осылай деген екен. Анығында ол: «Көпшілігіміз бүгінгі шындықтан айналып кеткіміз келгенімен, шындық бізді айналып өтпейтіні анық. Көзін уқалап ашып жүрген шала ұйқы ағайындарымыздың санасын шырайлы сөзіңіз бен ойыңыз арқылы түрткі жасаудан айнымайтын азаматтығыңызға күншілдігі жоқ, күдігі көп алыс ауылдағылар сенеді» - депті.
Дәтке қуат беретін сөз екен. Қуанып қалдым. «Алыс ауылдағылардың» бәрі тегіс маған имандай сенеді деген кеудемсоқ ойдан аулақпын. Мені қуантқан – алыс ауылдан ояу ағайындардың бой көрсеткені және олар интернеттен «инемен құдық қазуды» үйрене бастағаны болды.
Әйтпесе, интернет-конференциядағы пікірлер арасында ит теріңді басыңа кептеп жіберуден тайынбайтын жазбалар жағамды ұстатты. Ағынан ақтарылуға тырысқан адамға кейде бейпіл, енді бірде соншама қатыгез пікір айтарлықтай кімнің кеңірдегінде қолым кетіп еді деп, өлшеусіз өшпенділікке бой алдырған бірлі-жарым жазғыштардың доғал танымын тануға тырысып бақтым. Бірақ, биліктегі бектерден басқаның ала жібін аттаған жерім жоқ еді – солақай пікірлердің пайымын түсіне алмадым.
«Шындық бізді айналып өтпейді» деген жанашыр ағайынның фәлсәфәлік сөзін бас тақырыпқа шығаруыма тағы бір пікір себеп болды. 

Менің «abai.kz» интерне-порталындағы сұхбатыма пікір жазған беймәлім ағайын дәл осылай деген екен. Анығында ол: «Көпшілігіміз бүгінгі шындықтан айналып кеткіміз келгенімен, шындық бізді айналып өтпейтіні анық. Көзін уқалап ашып жүрген шала ұйқы ағайындарымыздың санасын шырайлы сөзіңіз бен ойыңыз арқылы түрткі жасаудан айнымайтын азаматтығыңызға күншілдігі жоқ, күдігі көп алыс ауылдағылар сенеді» - депті.
Дәтке қуат беретін сөз екен. Қуанып қалдым. «Алыс ауылдағылардың» бәрі тегіс маған имандай сенеді деген кеудемсоқ ойдан аулақпын. Мені қуантқан – алыс ауылдан ояу ағайындардың бой көрсеткені және олар интернеттен «инемен құдық қазуды» үйрене бастағаны болды.
Әйтпесе, интернет-конференциядағы пікірлер арасында ит теріңді басыңа кептеп жіберуден тайынбайтын жазбалар жағамды ұстатты. Ағынан ақтарылуға тырысқан адамға кейде бейпіл, енді бірде соншама қатыгез пікір айтарлықтай кімнің кеңірдегінде қолым кетіп еді деп, өлшеусіз өшпенділікке бой алдырған бірлі-жарым жазғыштардың доғал танымын тануға тырысып бақтым. Бірақ, биліктегі бектерден басқаның ала жібін аттаған жерім жоқ еді – солақай пікірлердің пайымын түсіне алмадым.
«Шындық бізді айналып өтпейді» деген жанашыр ағайынның фәлсәфәлік сөзін бас тақырыпқа шығаруыма тағы бір пікір себеп болды. 

Пікір. «Осы тірлігіңізді тындырып жүргендегі ойыңыз не? Сіз түгілі, қазақтың тең жартысы айқайласа да, қалған жартысы оған бұрылып та қарамайтынына көзіңіз жетті ғой. Нені көздеп жүрсіз: билік, ақша әлде тарихта қалу ма?» - депті бір пікірші.

Бір қарағанда жанашыр пікір. Иә, көзімнің жеткені рас. Иә, «айналып өтпейтін» шындық. Бұл маған ғана емес, мұқым қазақ жұртына орыны толмас өкінішті жағдай болса керек. Бірақ мен қазақ қоғамының жікке жарылуына көз жеткізу мақсатын көздемегенім анық. Анығында сорлы қазақ жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестен кейін қашан бір атаның баласындай болып еді? Осы сауалға жауап іздегенде, атың өшкір кеңестік саясат қалың қазақты бір қораға қамаған сексен жылдық имансыз идеологияны еріксіз сағынады екенсің.
Ал осы қазақтың жікке жарылу табиғатына үңіліп көрейікші. Бюджеттік мекемеден нәпақа табуға мәжбүр болған мүддесіз қазақтар қоғамның екінші жартысын бағып отырғанын сезесіз бе? Қарапайым ғана мысал: ауылдағы бір ошарлы отбасы мұғалім қызы немесе келіні әкелетін тұрақты жалақыға қарап отыр. Оның шалыс басқан сәтін аңдып, екі үйдің бірінде қолында табақтай дипломы бар келіндер мен қыздар ауылдағы жалғыз мектептен жұмыс күтіп тағы отыр. Осындай әлеуметтік ортада санаулы сағаты бар мұғалім-пақыр дорбадағы жемнен қағылмас үшін ауылдағы айқайлаған жұрттың уайымын не қылсын: айғайшылардан аулақ жүруге тырысады. Тіпті оларды «тәртіпке шақырып», дөңайбат дөрекілікке де барады. Бір ауылда мұндай «бұрылып қарамайтын» отыз-қырық мұғалім бар. Олардың жалғыз асыраушыға залалымыз тиіп кете ме деп, қымсына қуыстанған, айналып келгенде айқайлауға «қақысы жоқ» ағайын-туғанын, нағашы-жиені мен құда-жекжатын жіпке тізіп шықсаңыз сол ауылдың тең жартысы шықпай ма?
Міне, «бөліп ал да, билей бер» деген осындай сұрқия саясатқа көзім жеткені рас. Аянышты жағдай. Түбі жақсылық емес. Осыны айту, «көзің жеткен» жағдаятты жария ету күнә ма? Қазақтың біреуін екіншісі бағып отырғаны қорлық па, қорлық емес пе?!
Дәл осы сұрақ тұрғысынан келсек, «нені көздеп жүрсіз» деген сауалыңызға жауап берудің реті қиын болып тұр. «Көздегенім – ақша» дейін десем, омалған оппозицияда боқ жеп жүрем бе? 1997 жылы үкіметтің төңірегінде пілдей қызыметім бар еді. Әкежан Қажыгелдин отставкаға кеткенде, оның орынына келген Нұрлан Балғымбаевтың аппаратын басқарған Әлихан Бәйменовтің артын жалаған кейбіреулер сияқты қызметімде қалсам, қазір бір министрліктің құрып кеткенде бақандай бір департаментін басқарып отырар едім. Тендерден түскен «табысын» кеміріп жүрген кімнен кеммін?
Уәж бе?
Уәж! Әйтпесе оппозицияда орасан ақша бар, Бапидың «көздегені – сол»  дегенге ауылдағы Ауғанбай шалдың өзі иланар ма екен? Партиялық мүшелігім мүшкіл болып жүрген маған Жармахан мен Болат «қалың» ақшасын бақтырып қояр деймісіз, тәйірі.
«Көздегенім – билік» дейін десем, ол обырға кетіп қалудың әлденеше сәті болған еді. Мені оппозициядан, анығында Қажыгелдиннің қасынан алып кету үшін биліктегілер арнайы альманах-журнал ашқаны есімде. «Жылдық бюджеті 65 миллион теңге, мұртыңды балта шаппайды» деп, жеңгетайлық желеумен келген жерлесім болды. Бұл – долардың курсы 75 теңге болып тұрған заманда жасалған ұсыныс еді.
Бас тарттым! Қайран шешем айтпақшы, кейіннен «боқ сасып қалудан» қаймықтым. Ал бұл қаймығудың астарында қандай ұғым бар екенін өзіңіз пайымдап аларсыз деп ойлаймын. Кейіннен Үкіметтің бір вице-премьері көмекшілікке, Алматы қалалық әкімшілігі елеулі бір қызметке шақырды. Тағы да бас тарттым.
Шынымды айтсам, билікке барудың ешбір оғаштығы жоқ. Елді өзгертуге ықпал етем, қазаққа қарайлас болам десең, билікке араласу ауадай қажет. Бірақ, бүгінгі билікпен бірдеңе бітірем деу – далбаса тірлік! Оның тоңмойын түрін жібітіп, шынымен халықтық бақылауға көнетін саяси жүйе жасамайынша, билікте былғанышқа малынғаннан басқа ештеңе бітіре алмайсың. Сондықтан ат басындай алтын берем десе де, бұл биліктің төңірегіне жолауға зауқым жоқ. Сенсеңіз де – осы, сенбесеңіз де – осы! Басқа уәжім жоқ.
Ал «көздегенім – тарихта қалу» дегенді өзім де түсінбеймін. «Ұялмаған әнші болады» дегендей, өл-тіріл «тарихта қалу» арманым болса, оның әлдеқайда қауіпсіз, әлдеқайда жеңіл жолын таңдар едім-ау. Кезінде Өскеменге бір келгенінде Оралхан аға Бөкеев марқұм бойымда жазушылық қасиет барын айтқаны бар. «Жазғандарыңды әкел, шығарайық» деген еді жарықтық. Апармадым. Ауыз толтырып апаратындай да дәнеңем жоқ-тын. Сөйте тұрсам да бүгіндері пышақтың қырындай кітап шығарып, Жазушылар одағының мүшесі болып жүрген тыраштардан кемістігім қайсы? Пажалста – тарих: кем дегенде туған ауылымнан бір көшенің атын меншіктеніп кетерім кәдік... 
Менің осы ойларыма, «шындықты айналып өтпегеніме» оқырманның «көзі жетті» ме – ол әрине ендігі кезекте менің мәселем емес. Мен астарында жанашырлық бар пікірге өз пайымымды айттым. Ал интернет-конференция барысында жазылған төменгі пікір үлкен анализге арқау болатын тақырып екен.

Пікір. Ереке, қазаққа жігер беру үшін бәрібір Грузия мен Украина өткен жолдан оту керек секілді. Олай болмаса, қазақ қай билікке болса да аузын ашып, ойындағысын айта алмайтын сияқты... Егер қазақ украин мен грузиннің өткен жолынан өтсе, қазіргідей биліктің емес, мемлекеттіліктің сойылын соққан газет-журналдың көсегесі көгерер еді! Бірақ, бұған коғам дайын емес. Ол ушін ең алдымен ауылды өзгерту керек. Сіздің ойыңызды білгім келеді...

Ауыл – ауыр әңгіме. Оның қазіргі тағдырына кім кіналы, осындай жағдайға қалай тап болдық? – Бұл болашақта одан да ауыр әңгімеге арқау тақырып болады деп ойлаймын. Оның салмағы біздің қазіргі барылдап айтып, бірақ былжырап, бағасын бере алмай жүрген 30-шы жылдарғы ашаршылық және «Алаш арыстары» тақырыбымен пара-пар болса керек.
«Ауылды өзгерту керек» дегенде, Астананың алып құрылыстары менің есіме түседі. Ауыл аңырап жатқанда, жыл сайын ондаған миллиард долларды атаусыз қаланың құрылысына жұмсаудың реті қайсы? Бұл – тең жарымы ауылда тұратын қазақтың қамына қарайлас қадам ба? Сол миллиардтардың жартысын ауылға жұмсасақ, қазақтың үйреншікті малын өсірсек, базарда пісте мен бәліш сатып, арба сүйреп жүрген ағайындарымыз аз болар ма еді?
Айтпақшы, «мал өсіру» дегенде, биліктің жыны қозып кететіні бар. «Он бес миллион халыққа соншама малдың қажеті қайсы?!» деп, Ақ орданың төрінен айқай естіледі. «Жөн сөз!» - дейін десем, халқы 10  пайызға жетер-жетпес жерін мекен еткен Австралия жарты Азияны етпен қамтамасыз етіп отырғаны еске түседі. Кезінде Кеңестер одағының бүткіл теңіз флоты Австралияның тайыншадай қой етін қорек еткенін өз көзіммен көріп, таң қалғаным бар: «Апырай, қалың құмның жиегін жағалай жүріп, экспортқа ет шығаратын австралиялықтар алып ел екен-ау!».
Енді ойлап отырсам, бүгінгі біздің билікке ауыл халқының өзі малға айналып кеткені қолайлы сияқты... Әйтпесе, қалың қазақтың тамырына балта шабарлықтай қиянаттың қисынын табу қиын.

Пікір. Ұстанған бағытыңыз бен өмірлік мұратыңыздың үміті басым ба, күдігі басым ба? Сіз жақтайтын Әкежан Қажыгелдиннен басқа тұлғалар бар ма? Жаңадан партия құрғыңыз келмей ме? Ұлыттық бағыттағы қоғамдық ұйымдарды біріктіретін тұлға бар ма? Алладан басқа кімге сенесіз: халыққа ма, тобырға ма, қазаққа ма? Рахмет! Еңбегіңізге жеміс, күресіңізге жеңіс тілеймін!

Сұрақтар қаншалықты мол болса, мен соншалықты қысқа қайыруға тырысайын. Әрине үмітім басым. Күдігім әзірге біреу-ақ: осылай сен тимесең мен тимен – бадырақ көз болып жүре берсек,  шынымен 2030 жылға дейін таз қалпымызда қала береміз бе?
Екіншіден, «Мен жақтайтын» Әкежан Қажыгелдиннен басқа да тұлғалар бар: Серікболсын ағаның табандылығы, Жармаханның байыптылығы, Болаттың әділетсүйгіштігі, Төлегеннің білімдарлығы, Ғалымжанның қайсарлығы, Әбіләзовтің қайтпастығы, Иманғалидың адуыны, Әміржанның шешендігі, Төленнің тектілігі, Зәурештің өткірлігі, Бердібектің еңбекқұмарлығы, Қырымбектің ізеттілігі, Рысбек пен Армангүлдің кектенуі  – бәрі тұлғаға лайық қасиеттер.
Үшінші. Қазақстанда жаңа партия құрып опа таппайсың. Нағыз партия құрсаң – тіркелмейсің, қатты кетсең – атыласың! Бірақ, бізге қазақи негіздегі ұлттық мүддені көздейтін партия ауадай қажет. Мен білсем, 2012-ші жылғы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев қазақи мәселелермен бәрінің аузын ұрады Сол кезде «ұрадыға» ұқсас «ұрлады» деген сөз айту оңай болмайды. Себебі ұлттық мүддесі әбден қиянат көрген қазақтар сөзін сөйлеген сайтанның соңынан да еріп кетуі мүмкін. Мен ұлттық мүдде негізіндегі партия немесе бір партияның ішінде ұлттық фракция құру қажеттігін айта-айта аузым талды.
Төртінші. Аллаға сенетіндер айып көрмесін, мен Тәңірге табынам. Біздің Зайсанға Ислам 18-ші ғасырдың соңында ғана келген. Оны да қожалар емес, кержақтармен бірге келген Қазан татарлары әкелген. Ал біздің дәуірімізден бұрынғы заманды есептемегенде, соңғы 18 жүзжылдық бойы менің бабаларым тәңірге табынған. Сондықтан соңғы 200 жылда мұсылмандық қаныма сіңіп кетті деп, өтірік айта алмаймын. 

Пікір. Қайсар мінезіңізге қарап, мен сізді ақырына дейін күресетін азамат деп білемін. Сонда да сұрайын дегенім: сіз өзіңізді халыққа қаншалықты түсінікті адаммын дей аласыз? Халық сіз туралы жел диірменді найзалаған Дон Кихот деп ойлап жүрген жоқ па? Көпке қаншалықты сенесіз? Сауалыма орай жауап аламын деген үміттемін.

Бораш,
Қаражал қаласынан.

Борашжан, пікіріңе көп рахмет! Бірақ «халыққа қаншалықты тұсінікті адам» екендігімді ойламаппын. Қысқа ғұмырдың жартысын түсінікті болуға арнасам, өмілдіріктің шашағындай ғана өмірімнің несі қалады? Шамасы, халыққа «түсініксіздеу» болған дұрыс па деп жорамалдаймын. Дон Кихот жарықтық диірменмен перісіп жүріп, соңында пәлен пәлсәфа қалдырған марқұм болса керек. Тіпті аты-жөндерін біз білмейтін «Титаниктің» жолаушылары да мұхиттың алыптығына кеменің алыптығы тең келмейтінін дәлелдеп кеткен жоқ па?
«Көпке қаншалықты сенем?». Есілдің жағасындағы жалғызға көптің күші жетпей тұрған заманда, бұл сауалыңа тігісі жазылған жауап қайыру оңай емес сияқты.

Пікір.
Кезінде сізді бұрынғы астанамыз Алматыға калам-қарымыңызды танып, бағалап, Шерхан Мұртаза шақырып алғанын білеміз. Бүгінде Шерхан ағамызбен арақатынасыңыз кандай? Ол кісімен хабарласып тұрасыз ба?

Ұяттымын! Шер-ағам мені «Социалистік Қазақстан» газетіне ғана емес, Республикалық теле-радио корпорациясына да шақыртуға мұрындық болған еді. Несін айтайық, Бекетова ханымның кесірінен берекесіздікке душар болған «РКТРК»-ның Шерханнан кейін ырқы-тырқы шықты ғой. Сол 1995 жылдан кейін Шерхан ағаны теледидардан ғана көріп жүрмін. Ол жылдарғы мәжілістегі мысы басым еді, кейіннен мына билік Шер-ағамның да «шиін шығарған» сияқты.  Ал жуықтағы «Қазақ елі» деген мұржаны ашудағы сөзі төңірегінен бақа-шаян теріп кеткен кәрі арыстанды елестетті.
Өкінішті-ақ!  Қалың қазақтың Шерханы еді... Енді кім дейміз? Мен Шер-ағам деп жүре берермін, тәйірі. Ал ауылдағы Ауғанбай шалды қалай алдайсың? Оның Шерханға ұқсас мұрты бар еді, едірейгені ерен болып кеткенін көз алдыма елестетем. Қорқынышты!
Айтпақшы, бұл жалғыз Шер-ағама ғана қатысты сөз емес. Бізде «есі дұрыс» шал қалмады. Сұсынан совхоз директорлары тышадай қорқатын шалдарды сағынам. Қазіргілер кемпір мен кепшіктің арасындағы дүбәрә. Соңғы он жылда «Әй, Нұрсұлтан, мұның дұрыс емес!» деген зиялы шалды көрдің бе? Мен көрмедім.
Қазір мен Темірхан ағам Шерханның жасына жететін кезге асығып жүрмін...

Пікір. Шынында да өмір бойғы президенттен кейінгі жуйе не болар екен? Мені ең бастысы осы ойлантады. Әзірше, кайтеміз..."Кенесары ары кетсе жүз жасайды" депті гой... Президент те бәз біреулер шатасып жургендей  "мәңгілік" емес, ары кетсе өмір бойғы гана бола алады...
Қ. Казы.
Пәлі, Қазы мырза, пікіріңіз қақ шекеден қақитқандай –ақ екен. «ДАТ» -тың дөкей журналисі болған Асхат марқұм Шәріпжанов Қазақстандағы жазықсыз қудалау мен заңсыз соттау туралы бір мақала жазғаны есімде. Сол мақаланың мазмұны есімде қалмапты. Қалғаны – бас тақырыбы: «Обыкновенный башизм». Бұған не алып-қосайын?

Пікір. Қажыгелдин президент бола қалса, Әміржан Қосанов ақпарт министрі деген лауазымды иеленеді. Болат Әбілов Мәжілісті басқарады. Ораз Жандосовқа Премьерлік тұғыр бұйырады. Төлген Жүкеев президент әкімшілігіне жетекешілік ететін болар. Мақпал Жүнісова кем дегенде мәжіліс депутаттығына сайланады. Ермұрат Бапи "Егеменнің" төріне барып қонжияды. Ол анық. Сол кезде не деп сайрар екенсіз, тентек теңізшім?

Тау баласы.

Алда-жалда ондай заман туа қалса, «ДАТ» газетін қайтадан тірілтіп, елдегі ерен тиражы бар газет шығарар едім, шіркін!

Пікір. Жалпы,қазақ деген бірін-бірі көре алмайтын халық қой. Ешкімге жағу мүмкін емес. Сондықтан,  Ермұрат аға, өзіңізді ұнатпайтындардың пікіріне көңіл бөлудің қажетті жоқ. Негізі сайт сұрақтарына жауап беруге бекер келіскен екенсіз. Өйткені мұнда неше түрлі, арасында әдейі ұйымдастырылған пікірлер жазылған. Қолынан келмейтіндер айта береді. Егер мықты болса, солар сіздікіндей газет шығарып көрсін. "Жақсы адамның артынан сөз ереді"  дейді халқымыз. Әрқашан сәттілік тілеймін! Өзіңізді биіктерден көрейік.
Зерен, Алматыдан

Бәсе деймін-ау, көрсінші менікіндей газет шығарып (қалжың)! Бірақ, шынында да «ДАТ» тұқымдас газет шығармақ түгілі, менің газеттеріме жолаудан шошынатын «дөкейлер» көп бізде.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5563