Өңірлерде су тасқыны қаупі бар ма?!
Еліміздің басым бөлігінде су тасқынының белсенді кезеңі барынша азайды, жағдай тұрақты, мониторинг жүргізіліп жатыр. Еліміздің оңтүстік, батыс және орталық өңірлерінде су тасқынының белсенді кезеңі азайды. Солтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысы бақылауда.
Мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен ТЖМ су тасқынына қарсы жедел штабы өз жұмысын жалғастырып жатыр.
Шығыс Қазақстанда су тасқынының бірінші толқыны аяқталды. Сәуір айының үшінші онкүндігінен мамыр айының екінші онкүндігінің соңына дейін облыста екінші кезең өтеді. Су тасқынының екінші толқыны тау бөктеріндегі қардың еруі, орташа таудың оңтүстік беткейлеріндегі қардың еруі және жауын-шашын салдары бойынша бақылауда болады.
Облыс аумағындағы қар жамылғысының үлесі 19 %. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар барлық учаскелер мен гидротехникалық құрылыстар бақылауға алынды, су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуы тексерілді.
Өңірде каналдар, арықтар, су өткізу құрылыстары мен көпірлерді ауқымды тазарту жұмыстары жүргізілді. 226 шақырым канал және 504 шақырым арық тазартылды, 4778 су өткізу құрылысы мен 409 көпір ретке келтірілді. 430 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. Істелген жұмыстың нәтижесінде 16 елді мекенде су басу қаупі жойылды, 50 елді мекенде қауіп азайтылды, ал 5 елді мекенде қауіп сақталып отыр. Олар Глубокое және Алтай аудандары, барлығы 813 тұрғыны бар 329 үй. Қазіргі таңда облыстағы гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендердегі су деңгейі қауіпті межеден төмен, су басу фактілері тіркелген жоқ. Сонымен қатар тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отыр, оның барысында мамандар таулы аймақтардағы қар қорын және ағымдағы жағдайды бағалауда. Қабылданған алдын алу шаралары халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, су тасқыны кезеңінің тұрақты өтуіне мүмкіндік беріп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Облыста ТЖМ 28237 әскери бөлімінің күштері жұмылдырылған. Олар Петропавл қаласында, Заречный кентінде және Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жұмыс істеп жатыр. Аталған бөлімшенің күшімен Қызылжар ауданында және Петропавл қаласының маңында қорғаныш бөгендерін нығайту үшін 29 мың қап дайындалып, 10 800 қап төселді. Есіл өзенінің тасқын суының бөгендерді шайып кетуінің алдын алу мақсатында 2,5 мың метр полиэтилен төсемі төселді. Су тасқыны жағдайын бақылау аясында өзендер, көлдер мен су қоймалары бассейндеріне аэровизуалды тексеру жүргізілді.
Abai.kz