Сейсенбі, 28 Сәуір 2026
Жаңалықтар 91 0 пікір 28 Сәуір, 2026 сағат 14:33

"Трампты өлтірмек болды" деп айыпталды...

Сурет: әлеуметтік желіден алынды.

Вашингтонда Дональд Трамп қатысқан қабылдау кешінде оқ атты деген адамға АҚШ президентіне қастандық жасауға талпынды және қаруды заңсыз ұстады деген айып тағылды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Күдікті ретінде 31 жастағы Коул Томас Аллен есімді азамат танылған. Калифорния штаты, Торранс қаласында шыққан ол Вашингтондағы федералдық сотта өткен алғашқы тыңдауға қатысты. Екі күн бұрын Ақ үйдің журналистерге арналған салтанатты кешінде оқ атылып, қауіпсіздік қызметінің бір өкілі жарақат алған. Ол оқ өткізбейтін кеудешесінің арқасында аман қалған.

Трамп жариялаған видеода күдікті ғимарат дәлізінде жүгіріп бара жатқаны көрінеді. Трампқа бұған дейін 2024 жылы президенттік сайлау науқанында қастандық жасалған. Ол кезде оқ Трамптың құлағын сырып өтіп, өзі аман қалған.

Құзырлы органдардың хабарлауынша, күдіктінің қолында мылтық, тапанша және бірнеше пышақ болған. Атыстан кейін оны да ауруханаға тексеруге апарған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, күдіктінің өзі айыпқа әлі жауап бермеген. Бұған дейін ол барлық сұраққа ашық жауап беретінін, өзі компьютер ғылымдарының магистрі екенін мәлімдеген.

Судья Мэтью Шарбо Алленді тергеу жүріп жатқан тұста күдіктіні қамауда ұстау туралы шешім қабылдаған. Оның ісі жөніндегі келесі тыңдау бейсенбіге белгіленген.

Abai.kz

0 пікір