Сейсенбі, 5 Мамыр 2026
Білгенге маржан 76 0 пікір 5 Мамыр, 2026 сағат 15:19

Аққұмнан шыққан- Әлім Алмат

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Туған жерінің қадірін білетін тұлғаның ақиқаты

Әлім Алматтың туған жері – Аққұм ауылы!

Тарих - ұлт жадына сақтайтын, өткен мен бүгінді байланыстыратын маңызды құндылық. Тарихта кішігірім бұрмалаушылықтың әсері бүкіл ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыздың тамырына балта шауып, кешегі өткен өмірімізді өз қолымызбен жою болып саналады. Кейбір кездері тарихта қатты бұрмалаушылық болып, түрлі пікірлер айтылып жүр. Әсіресе, белгілі бір аймақтың, белгілі бір тұлғалардың өмірбаяны мен шыққан тегі, туған жері туралы нақты деректерді жасырып, халыққа шынайы ақпарат көздері жетпей жатыр. Сол тарих тасасында біраз уақыт бұрмаланып келген тұлғалардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы – Әлім Алматтың өмірбаяна қатысты нақты тарихи деректерге негізделген бұлтартпас шындықты осы мақаламызда жеткізетін боламыз.

Жалпы Әлім Алматқа қатысты деректер жетерлік. 1992 жылдан бері Әлім Алматтың өмір жолына қызығушылық танытқан тарихшылар, зерттеушілер, журналистер аз болған жоқ. Солардың деректеріне назар аударып, тарихи шынайы бағамызды беріп көрейік. Қолымыздағы 2018 жылы Ақтөбе баспасынан шыққан К.М.Ілиясованың «Әлім Алмат:Өмірі мен өнері» және дәл осы кітаптың 2025 жылы Алматы баспасынан шыққан толықтырылған нұсқасы  «Тарих-тағдыр:Скрипкашы Әлім Алматтың күнделікті өмірі» атты еңбектері, Б.Мырзабай мен А.Алматовтың 2018 жылы Сарыарқа баспасынан жарық көрген «Темірбек Жүргенов» атты еңбегі, белгілі журналист, желтоқсаншы Н.Сүйіннің 2026 жылы 16 қаңтарда Ақшам газетінде жарық көрген «Скрипка-тағдыр. Диссенттің ғасырлық ғұмыр» атты мақаласында тайға таңба басқандай, кейіпкеріміздің өзі айтқан таза шыңдықтары жазылған. 2016 жылы Қазақстан ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Бақытжан Омарда Түркия жеріне барып тілдесіп келген(Ыстамбұлда Әлім Алмат есімді қазақ сарбазы тұрады. Тәлкеке түскен тағдыр. qazaqstantv.kz). Сүйінов Нұрлан ағамыз таза шыңдықты жазса, қалған екі кітап бұрманып Жабасақтың Аққұмы емес, Ырғыздың Қарақоғасы деп көрсетіліп тұр.

Қарақоға ол Ғалымжанның бабасы Алмат Тобабергенұлының қыстауы. Бұл туралы Алмат Тобабергенұлы туралы Сарбасов Оразбайдың 2004 жылы Алматы баспасынан жарық көрген «Талмай шапқан тарлан» атты еңбегінде нақты көрсетілген. Сосын Ғалымжан көктемде, сәуір айында дүниеге келген. Осы деректерді көбісі жасырып қалады.

«Аунап өскен Аққұмым»

Әлім Алмат атанып жүрген ол кісінің шын есімі – Ғалымжан Әбдісаламов(Әбсалямов). 1917 жылы сәуірде Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы(1972 жылға дейін бұрынғы Ырғыз ауданы), Жабасақ ауылдық округінің Аққұм ауылындағы, Қарақай өзенінің бойындағы Төремұрат атасының жайлауында дүниеге келген(қараңыз:Н.Сүйін - Скрипка тағдыр. Аққұмда аунап өскен бала...//16.01.2026. aqshamgazeti, Ыстамбұлда Әлім Алмат есімді қазақ сарбазы тұрады.., Тәлкеке түскен тағдыр...//2016. Қазақстан Ұлттық телеарнасы). Кіші жүздің Шөмекей руының Бозғұл бұтағынан шыққан. Шежіре бойынша таратсақ:Бозғұл-Келдібай-Сейін(Желдер)-Бекет-Шобдар-Қалақ-Әлібек-Киікбай-Тобаберген-Алмат-Төремұрат-Әбдісалам-Ғалымжан. Бабасы патша заманында өмір сүрген Алмат Тобабергенұлы (1804–1895) сардар атанып, би болған(Әйтеке би ауд.энц. 88-бет, Ақтөбе энц. 265-бет.). Алматтың Төремұрат, Мақмұрат, Қосмұрат, Пірмақан, Самырат(1845-1922) атты ұлдары болған. Алматтың үлкен ұлы Самырат Ырғыз болысын басқарған. Қазіргі Әйтеке би ауданындағы Жабасақ ауылдық округіне қарасты Аққұм ауылың жайлау қылған. Жергілкті халық «Самыраттың Аққұмы» деп атап кеткен. Жабасақ ауылына 1902 жылы мешіт салып, Бұқар медресінен білім алған Мұқантай деген молданы мешіттің иманы қылып қойып, балалардың көзің ашқан. Кейін Төремұрат Кенжеғара болыс басшысы болғанда осы шырайлы өлке Аққұм жайлауында мекендеген екен. Ғалымжан сол сардар Алматтың екінші ұлы Төремұрат болыстың немересі, Әбдісаламның баласы. Үш жасында әкесінен ерте жетім қалған Ғалымжанды, атасы Төремұрат тәрбиелейді. Оның нағашы жағы да осал болмаған. Әжесі сол уақыттағы Басықара қопасын жайлаған Қара деген аса дәулетті адамның ауылынан екен. Өз анасы Қанымша Саудақызы Ақсақал-Тәуіп болысын ұзақ уақыт басқарған Тоқа Сәтбай ауылының қызы болған. Ғалымжанды 5-6 жасында атасы Төремұрат Қарақайдан Басықара қопасындағы Қара нағашы атасының ауылына ертіп апарады. Темірбек(қараңыз: Қазақ совет энциклопедиясы, 4-том, 531-бет; Ақтөбе энциклопедиясы. 441-бет, «Темірбек Жүргенов», «Сарыарқа» б. 2018. 12, 199-бет., Кәртен Б. Қас үлектен туған кәтепті...// 27.11. 2014. aqtobegazeti.kz) нағашысы Ташкенттегі оқуынан ауылға демалысқа келіп жатқан кезі екен. Барғанда нағашы атасы Қара:

  • Ғалымжан, сенің нағашың кім? – деп сұрапты. Сонда Ғалымжан:
  • Сіз тай беретін нағашымсыз, Темірбек аға қалам мен қағаз беретін нағашым, - деп жауап беріпті.
  • Оу, мынау қандай ақылды бала, әкеліңдер тайды, мінгізіндер, -деп Қара нағашысы мәз болыпты. Міне, Ғалымжанды «тектінің тұяғы» деуге болады (қараңыз:Ильясова, К.М. Әлім Алмат: Өмірі мен өнері, 16-17 бет.).

«Мәскеу сапары»

Әлім Алмат 1936 жыл Мәскеудегі Қазақ мәдени онкүндігінде өнер көрсеткен екен. Бұл туралы «Огонек» журналының 1936 жылғы шығарылымында бар болып шықты. Аққұмның перзенті Ғалымжан 1936 жылғы декадада К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлованың өнерлері мен С.Сейфуллиннің қазақ әдебиетіндегі қызметінің жиырма жылдық мерейтойына қатысты жеке суреттері «Қазақ театры» атты мақалада жарияланған екен. Темірбек Жүргенов хабарласып:

  • Ғалымжан, сен енді Ташкенттен Алматыға ауысасың, - деп мені Ахмет аға

Жұбановқа жіберді. Алматыдағы музыка училищесінің скрипка класында оқи жүріп, 70 адамдық домбыра оркестрінің құрамында 6-7 бала(4 қазақ, 1 татар, 2 ұйғыр) дайындыққа(репетиция) қатысып жүрдік. Ахмет ағай музыка тарихынан сабақ берді. Ғанбар Медетов деген күйші мен Абыл ағай(А.Маханов) есімде, көпшілігінің аттарын ұмыттым. Темірбек аға біздерге, балаларға арнайы костюмдер тіктірді, Мәскеуде өтетін 1936 жылғы 10 күндік қарсаңында.  Шешеміз бізді - Ұзақбай ағаның(Ұ.Құлымбетов), Темірбек ағаның үйлеріне жиі апаратын. Ұзақбай ағаның Мәскеуде оқитын інісі (Жолмұрат Құлымбетов), қыздары, Темірбек ағаның Кәпназар деген інісі, Жұманазар деген баласы болатын, мен оларға домбыра тартым беретін едім. Мәскеуде болатын Қазақ өнерінің 10 күндігі қарсаңында таңертеңгі 9-дан дамылсыз репетициялар болып жүрді. Темірбек аға сол репетицияларға жиі келіп қатысатын.

Опера театры «Қыз Жібек» операсымен барды. Есімде қалғаны — Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейтов, Құрманбек-Шара Жандарбековтер. Үлкен театрдағы ложада отырған И. Сталин мен оның сол жағында 3-4 адамнан кейін Темірбек аға отырды. Концерттер зор аншлагпен өтті. Соңынан И. Сталин, Л. Мирзояндардың қатысуымен зияфат (банкет) берілді. Күләш ән салды. Алматыға оралған соң театрдың завхозы балаларға тіктірген костюмдерді өзімізде қалдыруды сұрауымды өтінді. Мен олардың өтінішін орындап, Темірбек ағаға жеткіздім. Темірбек аға костюмдерді өзімізде қалдыруға нұсқау бергенде, бәріміздің қуанышымызда шек болған жоқ. (қараңыз:Б.Мырзабай мен А.Алматов - «Темірбек Жүргенов», «Сарыарқа» б. 2018. 412-бет.).

«1936-1950 жылдар...»

1937 жылдың жазында «халық жауларын» жаппай ұстау басталды. Сталиннен бастап бәрі таңқалған Мәскеудегі мәдени декададан кейін қазақ зиялыларының басына қара бұлт үйірілді. 1937-1938 жылғы зобалаң-репрессия басталды. Репрессияда Ғалымжанның нағашысы «Темірнарком» – Темірбек Жүргенов те ұсталып, атылды. Ғалымжанның басына қиын күндер қайта оралды. Тығырықтан шығар жол таба алмай, Мәскеу консерваториясы студенті өзі сұранып 1939 жылы әскерге кетті. 1941 жылы соғыс оты бұрқ етіп, әскери қызметі аяқталмаған Ғалымжан Брест қорғанысынан бір-ақ шықты. КСРО астанасын екі армия қорғап, жауынгерлердің негізі қырылған, қалғандары тұтқынға түскен кезең еді бұл. Тек жауынгерлердің жанкештілігімен, әскердің бар күші шоғырланған, үш жауынгердің екеуі қаза болған майдан еді ол. Ғалымжан да Брест қорғанысында қатты жараланып, тұтқынға түседі. Осымен оның  Германия, Польша жерлеріндегі концлагердегі өмірі басталды. Бұл Алаш қайраткері, диссидент Мұстафа Шоқайдың «Түркістан легионын» құрамын деген желеумен тұтқындағы азиаттарға қолдан келгенше көмек жасаған 1941 жылы болатын. Мұстафа Шоқай бас-аяғы үш айда 180 мың негізінен мұсылман тұтқынның өміріне араша болған екен. Солардың қатарында болған Ғалымжан Алаш көсемінің көмегімен жеңіл жұмысқа жіберілген. Ол да бір өнермен қайта табысу мүмкіндігі еді. Өкінішке орай, Мұстафа Шоқай 1941 жылы желтоқсанда ауруханада, жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Қайраткердің көмегімен «жеңіл жұмысқа» жіберілген Ғалымжан неміс офицерінің үйінде күтуші боп жүрді. Жасыратыны жоқ, тамағы тоқ, киімі бүтін Ғалымжанның көңілін тек бір нәрсе бөле берді. Ол – бөлмеде тұрған фортепиано (пианино). Сол аспапты көрген сайын ойы сан-саққа шарықтайды, тіпті тұтқында екенін де ұмытып кете жаздайды. Бір күні жан-жағына қарап, ешкім жоқ екеніне көзі жетіп аспаптың алдына отырды. Саусақтары клавишке тигенде дүниенің бәрі ұмыт болды. Көсіліп тұрып небір классикалық туындыларды ойнады ғой. Ту сыртынан біреу қарап тұрғандай болып, бұрылса, аң-таң боп неміс офицері тұр. Азиат тұтқынның кәсіби ойнауына аң-таң әрине. Екеуі де өзіне өзі келгесін кім, не, қалай деген сұрақтар басталады ғой. Ғалымжан өзінің кәсіби скрипкашы екенін, әскерге Мәскеу консерваториясынан алынғанын айтады. Содан не керек, музыканттың өміріне қаныққан неміс офицері Ғалымжанды ертіп алып, Берлин филармониясына тапсырыпты. Қандай кезең болса да ішкі мәдениетін, зиялылығын жоймайтын, әрбір адамы өнерді өмірден биік қоятын халықтар болатынын сол кезде түсінді Ғалымжан. Бұл да бір өмір сабағы еді. Сол жылдарда Ғалымжан Вена консерваториясында дәріс алды. Солай Ғалымжан Әбсалямов скрипкамен қайта табысқан кезең болды.

«Соғыстан кейінгі жылдар»

Соғыс біткенде, өзін Совет Одағында еш жақсылық күтіп тұрмағанын сезген Ғалымжан қалай болғанда да Париждегі Мұстафа Шоқайдың жесірі Мария Шоқайдың мекенжайын тапқысы келді. Тұтқында бірге болғандардың бірі Қарыс Қанатбаевтан адресті алып, Парижге хат жазды. Мария Шоқайдан жауап алып, ол кісі Парижге шақырады. Мария Шоқай Ғалымжанды Мұстафаның туған бауырындай қабылдап, былайғы жұртқа «Мұстафаның жиені» деп таныстырып, ресми құжаттарын жөндеп, Франциядағы Рахманинов консерваториясына оқуға түсуге көмектеседі. Ол жайында Мария Шоқай естелігінде былай деп жазыпты: «...1947 жылы Германиядан Мұстафаның қандасы, скрипкашы Ғалымжан келді. Ол скрипкада шебер ойнайтын. Оған консерватория бітіргені жөнінде құжат керек болатын. Мен оны Париждегі Рахманинов консерваториясына жаздым...». Үш-төрт жыл Парижде Мария «анасымен» тұрған Ғалымжан Мария Шоқайдың батасымен 1950 жылы Түркияға қоныс аударды. Соңына түсетіндерден қорыққан Ғалымжан тегін Алим (Әлім) Алмат деп өзгертті. Стамбулда татар қызы Итилмен (Еділ) бас қосты. Мария Шоқаймен байланысын үзбей, ол кісі өмірден өткенге дейін хат жазысып тұрды. Мария «анасы» әр хатын «Қымбатты менің балаларым...» деп бастайтын. Мария Шоқай өмірінің соңы жақындағанда  Әлім Алматқа  Мұстафа Шоқайдың біраз дүниесін (жазу машинкасын, біраз архивін) елден алып кеткен туған жердің топырағын табыстаған. Мысалы, қазіргі қолданыста жүрген Абылай хан суреті Шоқайдың архивінен шыққан. Әлім Алмат болса Шоқай мұраларын жетпісінші жылдары Совет Одағынан барған делегацияның ішінен қазақтарды тауып, соларға табыстаған.

Өмірдің бақытты сәті

Отбасын құрған Әлім Алматтың бейбіт өмірі сол 1950 жылдардан басталды. Үш консерваторияда дәріс алған скрипашы еңбек жолын Стамбул оркестрінде скрипач-музыкант боп жалғастырды. Елдің айтуынша классикалық музыканың мықты орындаушысы болыпты. Қалай болғанда да талай өлімнен алып қалған сол скрипка ғой. Зейнетке шыққанша, 25 жыл сол жерде еңбек етті. Еділ екеуі ұлды боп, оған Төре деп ат қойды. Немересін Мұрат деп атап, бабасы Төремұрат болыстың есімін жаңғыртты.

Совет заманында қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашыны елге қайтару шаралары да жасалған. Ондай жұмыспен кім айналысатыны белгілі. Тіпті, алпысыншы жылдары туған ағасы, оператор-режиссер Файзолла Әбсалямовты Түркияға жіберген. Бірақ бауырымен табысқан Әлім Алмат бәрібір келмеді. 1970 жылдарда шетелге совет делегациясын бастап барған академик Сайын Балмұқанов Әлім Алматқа Қазақ ССР бірінші хатшысы Қонаевтың сәлемдемесін жеткізеді. Онда Димаш Ахметұлы «Елге оралсын. Енді қорқатын ешнәрсе жоқ» деген екен. Бірақ, Стамбул филармониясының скрипкашысы Әлім Алмат елге оралмады.

Десе де, елден 1939 жылы кеткен скрипкашы туған топыраққа оралмады. Тек 1992 жылы Тәуелсіздік алған Қазақстанға, Дүние жүзі қазақтарының құрылтайына келгені бар. Сол келгенінде қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы саналатын Әйткеш Толғамбаевпен кездесті. Елу жылдан астам уақыттан кейін. Сонау отызыншы жылдары Ғалымжан музыка техникумын соңғы курсында жүргенде Әйткеш келіп оқуға түскен екен. Екеуі де соғыста болып, екеуі де тұтқынға түскен. Ғалымжан елге оралмай батыста қалса, Әйткеш елге оралып, «Отанын сатқан» деп қайта сотталып кетіпті. Сол 1992 жылы келгенде туған топырақ Ырғызда болды. Тірі қалған туыстарымен кездесті, елу жылдан асқан уақытта. Алмат бабасының басына барып, Құран бағыштады. Ата-бабаларының жатқан жерін аралады... Бірақ онан кейін Отанға ат басын бұрмады. Оның себебі өзіне ғана аян. Елдегі туыстар соңғы 15–20 жылда Стамбулда тұратын ақсақалмен байланыс орнатқан, барып-келіп тұрды. Ағайындар барып, 100 жылдығын атап өтті. Талайлы тағдыр иесінің өміріне қызыққан журналистер, тарихшылар да ақсақалға ат басын бұрып тұрды. Елден барған журналистердің «Қазақстанда тұңғыш скрипкашы деп Әйткеш Толғамбаев саналады, бұған не дейсіз?» деген сауалға тоқсанға таяған Әлім Алмат былай деп жауап беріпті:  «Ол дұрыс. Менен 4-5 жас кіші Әйткеш екеуміздің тағдырымыз ұқсас. Екеуміз де музыка техникумын скрипка класын бітірдік. Екеуміз де соғысқа қатысып, тұтқында болдық. Бірақ соғыстан кейін екеумізді екі жол күтіп тұр еді. Мен осында қалдым, ол Отанына оралды. Ол жақта оны тағы да түрме, тағы да қиындық күтіп тұрды. Десе де, ол жақсы күндерден үмітін үзбей, елдің тәуелсіздігін көрді. Сол себепті, оның есімі тұңғыш скрипкашы болып аталуы жөн». Бұл нағыз өнер иесі, тағдырлы жанның сөзі еді(қараңыз:Н.Сүйін - Скрипка тағдыр. Аққұмда аунап өскен бала...//16.01.2026. aqshamgazeti).

«Шырмаланған шыңдық»

Қортындылай келе, Әлім Алматтың Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Жабасақ ауылдық округіндегі Аққұм жайлауында туғаны анық. Ең бірінші Бекарстан Мырзабай ағайдан Темірбек Жүргеновке қатысты деректерді іздеп жүргенде естідім. Мырзабай Бекарыстан ағайға хабарласқанда: «Асқар Аққұмда туған бір керемет адамды білесің бе?»-деді. Мен содан бастап мәлеметтер, деректер жинай бастадым. Бірақ нақты деректі осы жылдың басында білдім. Бұл туралы Әлім Алматқа 5 атадан кейінгі руласы, журналист Сүйінов Нұрлан ағамызға фейсбук арқылы хабарласқан кезде көзіміз жетті. Нұрлан ағамыздың мақаласын Әлім Алматтың нағыз туысы Рахиұлы Роман ағамыз жіберген болатын. Нұрлан ағамызбен сөйлескенде: «Ассалаумағалекум аға. Амансыз ба. Мен Ақтөбе қаласынан хабарласып тұр едім. Тарихшымың. Роман ағай сіздің жазған мақалаңызды жіберіп еді. Сол туралы сұрайындеп едім. Аға осы көптеген деректерде Әлім Алматтың туған жері Қарақоға деп кездеседі, сіз Аққұмда дүниеге келген деп жазған екенсіз. Роман ағайдан сұрағанда Қарақоғада деп шығады. Рас өтірігін өз аузыңыздан естейің деп хабарласып жатыр едім-дедім. Сонда, Нұрлан ағамыз күліп жіберіп, оны Романнан емес меннен сұрасайш. Өзі айтты. Мен арнайы барып сұхбат алдым. Сонда Аққұмда дүниеге келгенің өз аузымен айтқан»-деп нүктесін қойды.

Сөзіміздің соңында Аққұмның біртуар азаматы Әлім Алматтың өмірі мен өнерін барынша жеткізуге тырыстық. Тарихымызға ат-үсті қарамай ұсақ түйекке дейін келер ұрпаққа жеткізу керек. Тарихты бұрмалау бұл өзіміздің еліміздің болашағыма кедергі тудырады. Келер ұрпақ осындай нар тұлғалармен мақтанып, шабыт алуы тиіс. Осындай қазақтан шыққан зиялы тұлғаларды құрметтеп, келер ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз.

Асқар Рахымжанұлы

тарихшы

Abai.kz 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 1594
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1353