Сейсенбі, 12 Мамыр 2026
Алыстағы бауырым 156 0 пікір 12 Мамыр, 2026 сағат 13:59

Баян-Өлгей - құт қонып, ырыс дарыған жер!

Сурет: YERASYLM youtube арнасынан алынды.

Былтыр жаздың аяғында Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы атынан Қарлығаш Бекпатшақызы, Меруеш Башайқызы, Әкім Ысқақұлы, Жармұқамет Рақымбекұлы, Март Қанатқызы, Ақмарал Бәдила және мен, жиыны жеті адам Баян-Өлгей радиосының 60 жылдық мерейтойына қатысу үшін сол елде сапарда болдық.

Барып-келген көлікті және қандастарға арнап апарған музыкалық аспаптарды “Халық банкінің қайырымдылық қоры” мойнына алды. Ештен кеш жақсы дегендей, осы сапарда көрген-білгендерім мен ойға түйгендерімді оқырманмен бөлісудің реті енді келген сияқты.

Қазір Баян-Өлгей аймағының жан саны 95 мың адамды құрайды екен. Халықтың 93 пайызы қазақтар. Аймақ 14 әкімшілік ауданнан құралады (13 аудан (сұмын), 1 кент). Аймақ орталығында 32 мың тұрғын орналасқан. 1989 жылдан қазірге дейін сол елден елімізге 80 мыңнан астам қандастың көшіп келгенін ескерсек, ол жақта халықтың өсімі өте жақсы екені осыдан-ақ аңғарылады. Халықтың негізгі тіршілік көзі мал екен. Жалпы Моңғолия бойынша 70 миллион мал басы бар екен. Бүкіл халқының саны 3 жарым миллионды құрайтын ел үшін бұл цифр өте жоғары көрсеткіш. Баян-Өлгей солтүстігінде Ресейдің Алтай Республикасы (225 км), шығысында ҚХР-ның ШҰАР-ымен (450 км) шекараласатындықтан Моңғолияның бес аймағын осы елдермен жалғап тұрған транспорттық дәлізге айналыпты. Бұл аймақтан қазба байлықтың мол қоры табылғандықтан қазір шетелдік инвесторлар көп келіп, қаржы салып жатыпты. Жақын жылдардан бері бұл елде туризм кеңінен қанат жайыпты. Асқар тау, иен дала, бетбақ құмға аңсары ауған туристер әлемнің әр бұрышынан ағылуда. Қазақтардың саятшылық өнерін тамашалайтын қонақтардың қарасы тіпті, мол. Көшпенділердің ұрпағы үшін ортақ дәстүр болып саналатын бұл өнер моңғұлдарда діннің және Цин империясының қитұрқы саясатынан мүлде ұмыт қалыпты. Әсілі олар да біз сияқты бүркіт баптап, тазы ұстайтын сайын сахараның серілері еді, бірақ манжурлар осы жауынгер ұлтты күшпен, ерекше әдіспен бұдда дініне қарай жетектей білді. Соның нәтижесінде уақыт өте алып империяның ұрпақтары жауынгерлік қуаттан, қалыпты өсімнен айрылып қалды. Мемлекеттің стратегиялық бағытын қалыптастыруда, қоғамның өзін-өзі жетілдіру бағытын анықтауда дін мен дәстүрдің нәзік, күрделі қатынасына абай болғанымыз жөн.

Біздің елден ол жаққа азық-түлік өнімдері (ұн, күріш, шоколад, қант, кәмпит, шекер, макарон) көп барса, ол жақтан бізге ет, сүт, жүннен, түбіттен, теріден тоқылған өнімдер көп келеді екен. Қандастар Астана, Алматы, Өскемен қалалары мен Баян-Өлгей, Ұлан-Батыр және Ресей қалаларының арасында автобус, такси жүргізіп, табыс табуда. Қазақстан телеарналарын жұрттың бәрі көреді. Әсіресе, "Балапан" телеарнасы үлкен сұранысқа ие. Кездескен кісілердің көбі балаларымыздың тілі "Балапанмен" шықты, өзіміз де әуезімізді сол арнаға қарап дұрыстаймыз деп отыр.

Ол жақта да тіл, оқулық мәселесі туындай бастаған. Қазір Ұлан-Батыр, Қобда қалаларында ана тілін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Баян-Өлгейде бастауыштан кейін қазақ тілінде сабақ өтімейді. Барлық құжаттар мен іс қағаздар мемлекеттік тілде жазылып, үлкен-кіші жиналыстар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қыл-аяғы дәретханадағы жазуларда моңғул тілінде жазылған.

Еліміз бен Баян-Өлгей арасында әуе қатынасы жоқ. Ол жаққа бару үшін Ресей арқылы барамыз. Бұл екі елдің қарапайым тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін өте тиімсіз. Болашақта жеке куәліктері мен төлқұжаттарында да ұлты жазылмайтын болады деген сөз бар. Моңғолия унитарлы мемлекет дегенді сылтау еткен кейбір әсіре ұлтшыл саясаткерлер саны аз ұлттардың жазуы мен тілін біртұтас мемлекеттік тілге көшіруді дәріптеуде. Қысқасы, ол жақтағы қандастардың да басына бұлт үйіріліп тұр.

Маңызды мемлекеттік шаралар өткізілгенде тек қана мемлекеттік тілге басымдық беріледі. Одан кейін мемлекеттік әнұран шырқалғанда олар да біз секілді оң қолын сол жүрегіне қойып, әнұранға қосылады екен. Қайран, жаңалықты да, жамандықты да өте тез қабылдап, бойына сіңіре қоятын көшпелілердің ұрпақтары десеңші?! Бағымыз да, сорымыз да осыдан шығар!

Осы елдегі ықпалды екі партияның қайсысы сайлауда көп дауыс жинаса, сол партия билікке келеді екен. Бір үйдің екі мүшесі екі партияға мүше болғандықтан, кейде отбасында отырып айтысып-тартысып қалатын жағдайда жоқ емес. Кейбір қызуқанды жігіттер кездесу барысында қарсы партияның мүшелерімен бір дастарқан басында отыра алмайтынын айтып та қалды. Біз іштей “саясат дегеніміз ымыраласу өнері” деген Батыс ойшылдарының анықтамасын қайталадық. Аумалы-төкпелі заманда, тіршілік отын сөндірмеу үшін жан алып, жан беріскен бір атаның балалары бейбіт заманда партияның мүддесі деп жыртылуда. Бұл да болса “заманың қалай болса, бөркің солай” деген қисынға жетелейді.

Осы сапар барысында делегация мүшелерін аймақ әкімі Заңғар Есентай мырза арнайы қабылдап, кеште қонақасын берді. Аймақтың нақты жағдайын баяндай келе, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасының ырғақты дамуына қандастардың қосып жатқан үлесін айырықша атап өтті. Нарық заманы басталғанда кәсіпкерлікпен айналысқан, кейін Кеден саласында қызмет атқарып өмірдің біраз өткелегінен өткен әкім турашыл, іскер, жомарт көңілімен, өнерге деген ыстық ықыласымен есімізде қалды. Бұл кісінің туып өскен ауылын былайғы жұрт “қалақшының (домбырашының) ауылы” деп атайды екен. Өзі де әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй шертіп “қонақ кәде” жасады.

Өткен ғасырдың аяғына таман Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Калдарбек Найманбаев бастаған мәртебелі қонақтар Баян-Өлгейге келгенде нарықтың кыспағына кіріп кеткен аймақ басшылары сол кездегі кәсіпкер Заңғар Есентайұлына өтініш айтып, салмақ салады. Жаңадан құрылған ұйым мен оның басшысының Дүниежүзі қазақтары алдындағы беделі мен маңызын сезіне білген Заңғар мырза арнаулы боз бие сойып күтіп алады. Одан кейін сол елге "Дос Мұқасан" ансамбльінің мүшелері келгенде де дәстүр мен өнерді бағалай білетін жомарт кәсіпкер оларды да табанын жерге тигізбей зор ықыласын білдіреді. Ол кісілер қоштасарда ансамбльдің домбырасын естелікке қалдырады. Арада отыз жыл өткен соң Заңғар мырзаның ұлы Қазақстанға оқуға келгенде сол домбыраны ала келіп, Мұрат Қусайыновқа көрсетеді. Домбыраны бірден танып, сол күндердегі шуақты сәттерді еске түсірген Мұрат мырза домбыраға қолын қойып береді. Бұл күнде әлемдік геосаясатта үлкен құбылысқа айналған қазақ көшінің үдерісі осындай жан тебірентерлік сюжеттермен толығуда. Қазақ дүниенің қай бұрышында жүрсе де қазақ болып қалады. Өйткені бізді ортақ тағдыр, ортақ дәстүр, ортақ салт-сана, ортақ тіл, ортақ дін мен діл тоғыстырады. Артымызда "орта держава" атанған қазба байлық пен адам капиталына бай "Жаңа Қазақстан" деген ел тұр. 2024 жылы ел Президенті Қ.К.Тоқаев 14 жылғы үзілістен кейін сол елде мемлекеттік сапарда болды. Биыл Моңғолия Президенті елімізде сапарда болып, маңызды келісімдерге қол қойылды.

Біріншіден, тараптар Баян-Өлгей мен Өскемен қаласы арасында тікелей әуе рейстерін қайта жандандыру туралы шешім қабылдады.

Екіншіден, екі ел арасындағы ең қысқа автожол бағытын анықтау, оны салу және пайдалануға беру туралы келісім жасалды.

Үшіншіден, тараптар Баян-Өлгей аймағында Қазақстан Республикасының консулдығын ашу жөнінде уағдаласты.

“Туырлықты туысқан” деген әдемі мақал екі елдің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан шынайы достығын айғақтап тұр. Бұл достықтың көкжиегі әлі де кеңейе түседі деп білеміз.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2559
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1776