Елордадағы LRT қашан іске қосылады?
Елордадағы LRT 16-17 мамыр күндері іске қосылып, жолаушылар тасымалын бастайды. Бұл туралы «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді.
Ұзындығы 22,4 шақырым болатын алғашқы желі 18 станцияны қамтиды. Пойыздар күн сайын 06:00-ден 23:00-ге дейін 5–6 минут аралықпен қатынайды. Ал бір шеткі станциядан екіншісіне дейінгі жол шамамен 40 минутты алады.
Жол ақысы — 200 теңге. Төлемді банк карталары, Apple Pay, Samsung Pay, Kaspi және Halyk қосымшалары арқылы QR-кодпен, сондай-ақ бір реттік билетпен жасауға болады. Оқушылар мен жеңілдік санатындағы жолаушылар үшін жол жүру тегін болады.
Барлық 19 жүргізушісіз пойыз құрамы қазірдің өзінде депода дайын тұр. Жүйе бірыңғай диспетчерлік орталық арқылы басқарылады, ал төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету үшін пойыз ішінде операторлар болады.
Abai.kz