Серке Қожамқұловтың бас киімі...
Осыдан 52 жыл бұрын театрдан спектакль көріп шыққан жас жігіт тролейбусқа мінеді. Тролейбуста қазақ театр өнерінің корифейі Серке Қожамқұловтың жанына жайғасады. Ұлы актер бозбалаға қарап: «Мә, сен де мен секілді актер бол», - деп бас киімін кигізеді. Әрине, алғашқы да, түсінбегенімен кейін М.Әуезов атындағы қазақ драма театрының жанындағы екі жылдық театр студиясына «Драма театр және кино актері» мамандығына тапсыруға келгенде, сахна майталманның ақ батасы есіне түседі.

Сурет: автордың жеке архивінен алынды
Сол ақ бата алған жас жігіт, бүгінде, ҚР мәдениет қайраткері, К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің доценті атанған Әбдіқадыр Қашқабаев болатын. Театр студиясына қабылданған сайдың тасындай қыз-жігіттердің қатарында болған Әбдіқадыр, ҚР халық артисі, Райымбек Сейітметов, Раушан Әуезбаева, Ахметжан Қадыров сынды білікті педагогтерден тәлім алып, үлкен өнер жолына жол басты. Студияны үздік тәмамдағанан кейін, режиссура барометрі, КСРО халық артисі Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің таңдауы түсіп, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрына «актер» болып қабылданады. Әуезов театры Әбдіқадыр Қашқабаевтың жұлдызын жақты. Алғашқы рөлі Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-ана» трагедиясындағы Жайнақ.
Жайнақ бейнесі — соғыс қасіретін, адам тағдырындағы ауыр сынақты көрсететін күрделі әрі әсерлі образдардың бірі. Ол шығармадағы қарапайым ауыл жастарының тағдырын жинақтап бейнелейді. Жайнақтың болмысынан адалдық, мейірім, елге деген сүйіспеншілік пен болашаққа деген сенім анық көрінеді. Жайнақ — жастық жігері мол, өмірге құштар жан. Ол бейбіт күннің қадірін түсінетін, туған жерін сүйетін азамат ретінде танылады. Актер Ә.Қашқабаев-Жайнақ бейнесін осылай бейнелейді. Әбдіқадыр ағайымыз тек қана трагедиялық, драмалық кейіпкерлерімен тоқталған жоқ, сондай-ақ, сахнада комедиялық образдарды да жасап көрермен ықыласына бөленді. Сөзімізге С.Ахмадттың «Келіндер көтерілісі» комедиясындағы Тоқтасын дәлел бола алады. Әбдіқадыр-Тоқтасын — Формон бибінің кіші ұлы, анасының тәрбиесі мен отбасындағы тәртіпке толық бағынған кейіпкер. Ол шығармадағы юмор мен тұрмыстық тартысты тереңдете түсетін бейнелердің бірі. Аталмыш қойылымда КСРО халық артисі, театр анасы Сабира Майқановадан бастап, небір театр тарландарымен сахналас болды. Сахнадағы серіктестері яғни, Нигора рөліндегі Нұрзада Ташимова және Майра Омаровамен сахналық тандемдері де «Келіндер көтерілісі» комедиясының сәнін кіргізді. Аталған спектакльмен 20 жылдай Қазақстанның түкпір-түкпірін аралады. Әбдіқадыр Қашқабаевтың Ж.Б.Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» комедиясындағы Колен рөлі көрерменді күлкі арқылы терең ойға салатын кейіпкер. Актер ойыны арқылы қоғамдағы сатқын, екіжүзді адамдардың бейнесін көре аламыз!
Әбдіқадыр Қашқабаев бүгінде Еңселі Елордамыздағы Өнер Университетінде жас актерлерге дәріс беріп жүр. Әбдіқадыр ағайымыздың қанатынан қомданған түлектері қазіргі кезде еліміздегі театрлардың жетекші актерлеріне айналды. Сөзбасында, Серке Қожамқұловтың Әбдіқадыр ағайымызға бас киімің кигізгенін атап өттік, сол кездегі жас жігіттің жанарындағы отты байқай алған қазақтың ұлы актерінің даналығы ғой бұл!
Бахтияр Тұрсын
театртанушы
Abai.kz