Жұма, 15 Мамыр 2026
Зұлмат 278 0 пікір 14 Мамыр, 2026 сағат 15:33

Еріксіз қоныс аударған қазақтар

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

1947 жылы 13 мамырда КСРО Министрлер Кеңесі Ресейдің Астрахан, Волгоград, Қазақстанның бұрынғы Орал, Гурьев облыстары аумағында Орталық мемлекеттік "Капустин яр" полигонын құру жөнінде шешім қабылдады. КСРО Министрлер кеңесінің 1951 жылы 21 желтоқсандағы №5263 қаулысына сәйкес полигон аумағын ұлғайту мақсатында Батыс Қазақстан облысындағы Орда ауданының 1 миллион 355 мың 692 гектар жері әскери полигон иелігіне беріледі.

1952 жылдың жазында Қазақстан картасынан бүтін бір аудан жойылды. Онымен бірге Бөкей даласындағы ондаған ауыл мен жүздеген адамның тағдыры шырғалаңға түсті. Оларды тауар таситын вагондарға тиеп, еліміздің оңтүстік өңіріне жөнелткен еді. Ресми түрде мұны "одақ ішіндегі қоныс аудару" санағанымен, ақиқатында бұл нағыз депортация болатын. Ал еркінен тыс қоныс аударылғандардың атамекені КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен "Капустин Яр" әскери полигонының қажетіне беріліп, ол жерде кеңестік зымырандар сыналды.

Соның нәтижесінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің республикалық ішкі қоныс аудару жоспарын бекіту жөнінде 1951 жылы 14 желтоқсандағы №1013-119с қаулысына сәйкес, 1952 жылы облыстың 300, оның ішінде Жаңақала ауданының 125, Орда ауданының 175 колхоз шаруашылықтарын, Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіретін аудандарына көшіру туралы шешім шығарды.

Халық түгелдей оңтүстікке қоныс аудармаса да, 1952 жылы шілде айында Сайхын станциясынан Орда ауданының Интернационал, Каганович, Калинин атындағы үш колхозы, ал Алғай станциясынан Жаңақала ауданының Сарыөзен және Ленин атындағы, барлығы 5 колхоздан — 336 отбасы, 1805 адам Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай аймағына жеткізілді.

Бұдан өзге Орда ауданынан Гурьев облысына — 9 колхоз, облыстың ішкі Чапаев ауданына — 5 колхоз, Тайпақ ауданына — 1 колхоз, Жаңақала ауданына — 2 колхоз, Жәнібек ауданына — 10 колхоз, барлығы 30 колхоз шаруашылығы көшірілді. Ал Орда ауданымен іргелес Жаңақала ауданынан Гурьев облысына — 4 колхоз, облыстың ішкі Жымпиты ауданына — 2 колхоз, Чапаев ауданына — 3 колхоз, Бөрлі ауданына — 1 колхоз шаруашылықтары көшіріліп, халық республикалық ішкі депортацияға ұшырады. Сөйтіп айналасы 7–8 айдың ішінде "Капустин Яр" полигонына таңдап алынған жер босатылып, Орда ауданы таратылады.

Куәгерлер арасында бірді-екілі сол уақытта ересек жастағы адамдар, сонымен қатар 10–12 жаста болған балалар бар. Олардың айтуынша, қоныс аударушыларды әуелі әскери көлікпен Сайхын станциясына жеткізген. Күн ыстықта пойызды сарыла күткен олар станция басында он шақты күн ашық аспан астында отырған. Одан соң барлығын жүк таситын вагондарға тиеп, әрі қарай темір жолмен әкеткен. Батыс аймақтан Жетісай өңіріне дейін шілденің ыстығында 15–20 күн жүрген олар жол бойы талай қиындық көрген. Тіпті апшыны қуырған аптапта кенезесі кеуіп, аялдаған бекеттерде бір жұтым су аламын деп жанталасқандар арасында пойыздың астына түсіп жан тапсырғандар болған.

Ондай деректі айтқан жанның бірі — Ақлима Баянтасова. Қазір 95 жастағы кейуананың көзі тірі, аудан орталығы Жәнібек ауылында тұрып жатыр. Ақлима анамыз сол жылы қырқынан жаңа шыққан ұлы Тілепбергенді құшақтап, 3 жастағы қызы Нұржиянды жетектеп, ыстық вагон ішінде оңтүстікке қиналып жетеді. Көрген қиындығын жіпке тізгендей етіп тауыса алмаған Ақлима жүк таситын вагонға тиелген халықтың жағдайын былай есіне алған:

"Арыс стансасына аялдап, ауа жұтып алған соң, кері вагонға жайғастық. Қасында кішкентай қызы бар бір кемпір төменде қалып қойыпты. Пойыз келіп, вагондарды тіркеп жатқанда әлгі кемпір шайнегін ала жүгірген. Енді мінемін дегенде аяғындағы галошы жерге түсіп кетіп, оны аламын деп талпынғанда пойыздың астына құлады. Сол сәтте пойыздың темір дөңгелектері кемпірдің екі аяғын кесіп кетіпті. Екі аяғы, шұлығы, галошы рельстің арғы жағында жатыр. Кеудесі бергі жағында. Қан судай ақты. Қасына барған келініне кеудесін көрсетіп, ым қақты да, жан тапсырды. Кеудесіне салған ақшасы бар екен. Бәріміз зарлап жыладық".

Батыс аймақтан әуелі әйел мен бала-шағаны, шал-кемпірлерді көшіреді. Ер-азаматтар мемлекеттің малын тапсырып, кейін, арада 15–20 күн өткесін соңдарынан келеді.

Еріксіз көшірілген халық барған күннен бастап әлеуметтік -экономикалық қиындықтарға тап келді. Себебі Оңтүстік Қазақстан облысының Ильичев ауданына (қазіргі Жетісай) қоныс аударушылар үшін алдын ала дайындалған үй-жай болмады. Шілденің шіліңгірінде жиырма күнге жуық азып-тозып жеткен жұрт ашық далада өмір сүрді. Бір қатары жертөле қазып, соны паналады. Ауыз судан қиналған олар мал суаратын арықтан лай су ішіп, соған кір-қоңын жуды. Бұл турасында Ақлима Баянтасова тағы былай дегені бар:

"Ашық аспан астында жер қазып, кірпіш құйып жатқан бір отбасының уақытша салған лашығының көлеңкесінде отырдық. Алапат ыстық. Арықтан кір, лай су іштік. Отын жоқ… Туған жерімізді түсімізде көретінбіз, сағынып жүрдік. Біз өлмей, тірі қалдық, қалған қиындықтың бәрін көрдік. Соғыс кезіндегі қиындықтан гөрі айдын-күннің аманында ел-жұрттан қол үзген қиындық ұмытылмайды екен".

Халықтың азап шегіп, қиындық көруіне себеп болған тағы бір жайт бар. Түркістан облыстық архив қорында сақталған деректер бойынша, сол кездері Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай аймағына батыс қазақстандықтарды ғана көшіріп әкелмеген. Мәселен, 1950–1952 жылдары Қазақстанның он екі облысынан түрлі ұлт өкілдері осында қоныс аударылады: 1952 жылдың маусым-тамыз айларында Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданынан Ильичев ауданының Прогесс колхозына 8 отбасы, Павлодар облысы Бесқарағай ауданынан Ильичев ауданының Микоян колхозына 68 отбасы, Ақмола облысы Молотов ауданы Красный пахарь колхозынан Ильичев ауданының 7 участогіне 66 отбасы, сондай-ақ Талдықорған, Семей, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі аудандарынан түрлі ұлт өкілдері де көшірілген.

Шындығында Жетісай аймағының мұндай көп адамды қабылдауға түк дайындығы жоқ еді. Ал күн сайын жағдайы ушыққан қоныс аударушылардың әлеуметтік тыныс-тіршілігі тіптен кері кете бастады. Осыған орай 1952 жылдың 11 желтоқсанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Е.Тайбековтің "Қоныс аудару жоспарының орындалу барысы және қоныс аударушылардың шаруашылық жағдайларын ұйымдастыру шаралары туралы" жарлығы шыққан. Соның нәтижесінде арнайы құрылған мемлекеттік комиссия Оңтүстік Қазақстан облысының 17 колхозында тексеріс жүргізіп, мынадай жайттарды анықтайды:

"1952 жылдың жазында қоныс аударылғандар арасында соғыс мүгедектерінің, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасылары, көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар, қарт адамдар материалдық көмекке мұқтаж. Көптеген колхозшылардың жейтін наны, ішетін ауыз суы жоқ. Барлық колхоздарда әйелдер босанатын үйлер, қоғамдық монша, телефон байланысы жоқ. Мектеп ғимараттарының жетіспеуі салдарынан балалар үш ауысымда оқиды. Мектептердің көпшілігінде жылу, жарық жоқ".

Бұл мәліметтерден жауапты орындардың мұнда көшірілгендердің жағдайынан хабардар болғанын аңғарамыз. Алайда тексерістен соң атқарылған шаралар қоныс аударушылардың ауыр тұрмысын толыққанды шешіп бере алмаған. Мысалы, 1953 жылы 6 наурызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Қоныс аудару басқармасында өткізілген мәжілісте облыстық атқару комитетінің төрағасы П.Г.Лугин өңірге қоныс аударушылардың шаруашылық -тұрмыстық жағдайы туралы баяндама жасап, Жетісай аймағында қалыптасқан ахуал қызу талқыланады. Бірақ 1952 жылғы жоспарда бекітілген 3200 үйдің 1424-і ғана салынып біткені белгілі болады. Соған сәйкес қоныс аударушы 4124 отбасының тек 2682-не ғана баспана бұйырса, 1098 отбасының өзгелермен бірігіп бір үйде тұрғаны, қалған отбасылардың әлі де жертөледе күн кешіп жатқаны анықталды.

Жетісай өңіріне қоныс аударылғандарға арналған тұрғын үйдің, медициналық көмек пен қоғамдық моншаның болмауы, таза ауыз суы мен азық-түліктің жетіспеуі салдарынан эпидемиялық аурулар, жаппай асқазан-ішек аурулары етек жаяды. Бұл дерттердің асқынғаны соншалық, қарттар, әсіресе балалар өлімі күрт артады.

Бұл ретте біз екі дерекке иек арта аламыз. Бірі — қиын-қыстау уақыттың тірі куәгерлері айтқан ақиқаттар, екіншісі — ресми құжаттарда сақталған деректер. Мәселен, 1953 жылы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облыстық қоныс аудару басқармасы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовке және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Қоныс аудару басқармасына қызылша мен өкпенің қабынуынан, сондай-ақ жұқпалы аурулардың таралуынан 38 баланың шетінегенін мәлімдейді.

Бірақ қазіргі Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Жаңаауыл (бұрынғы Тельман) жанындағы Сапаралы ата қорымының оңтүстік-батысында созылып жатқан төбе-төбе шағын топырақ үйінділеріне қарап отырып, басқаша ой түйеміз. Себебі бұл зиратта сол жылдары шетінеп кеткен балалар жерленген. Ал балалар зираты аумағының көлемі жоғарыда келтірілген ресми санға күдік келтіреді.

Көңілдегі күдігімізді куәгерлер келтірген айғақтар қуаттай түседі. Солардың бірі Көшкінбай Қаполов ауыр жағдайдан қынадай қырылған балалардың санында есеп болмағанын айтады:

"Балалар өлімі көп болды. 11 баласы бар отбасының 2 баласы ғана тірі қалғанын көрдім".

Елге белгілі ақын атанған Қайрат Жұмағалиев жылы орындарын суытып, Жетісайға көшіп келгендердің бірі. Оның сөзінше, тіпті зобалаң уақытта мәйітті жерлейтін адам табылмайтын:

"Өлімнің көптігі соншалық: адамдар бір-біріне көңіл айтудан қалады екен. Заң қатты, ешкімді себепсіз жұмыстан босатпайды, өліктерді жерлеудің өзі сын болды ғой. Өйткені өлікті жерлейтін адам жоқ. Осылай ауылдың шетінде айналасы ат шаптырым қорым-зират пайда болды".

Ал Гүлжиян Шоқанаева 1952 жылдың мамыр айының аяғында Мақтаарал ауданының Тельман атындағы ұжымшарға келіп қоныстанған. Алғашында жергілікті тұрғынның бір бөлмесін паналаған ол да жұқпалы ішек ауруынан талай отбасы қара жамылды дейді:

"Ұжымшарда мақта теріп, арық тазалаймыз. Жұқпалы ішек ауруынан көптеген адам қайтыс болды. Бізбен бірге барған түйе фермасының бастығы Хамит Жүнісовтің бес баласы шетінеп, соның екеуін бір күнде жер қойнына тапсырып, қайғыдан теңселіп кеткенін де көрдік. Ауылдан бірге көшкен Бұрхан мен Ағипа Өмірзақовтардың отбасындағы үш қызы мен бір ұлын қара жерге тапсырып, жер бауырлап қалғанына да куә болдық".

Депортация кесірінен туған жерінен ажырап, Жетісай өңіріне қоныс тепкендерді іздестіре жүріп тағы бір жағдаймен қанықтық. Еріксіз қоныс аударушылар арасында әлі күнге дейін атамекенінде қалған туыстарын іздеп жүргендер бар екен. Мысалы, 1965 жылы дүниеге келген Әлібек Мұқанғалиев қазір Түркістан облысындағы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) Қарақай елді мекенінде тұрады. Әкесі Қуанышқали жер аударылғанда 11–12 жастағы бала болыпты. Әжесі Жібек ішкі депортация уақытында балалары — Ләтипа (1937 жылы туған), Қуанышқали (1941 жылы туған) және Қуандықты (1944 жылы туған) ертіп, азып-тозып әрең жеткен. Бұл кісілердің шыққан жері — Жаңақала ауданы екен. Әлібек қазіргі күнге дейін Орал жақта қалған туыстарын іздеп жүр:

"Батыс Қазақстандағы әкемнің туыстарын іздеп жүрмін. Әзірге нәтиже жоқ. "Жеті атасын білмеген жетесіз" деген, мектепте оқитын ұл мен қызым байқауға қатысып, жеті атасын айта алмай, жүлде ала алмаған күндері де болды".

Ал архив құжаттарында колхозшылардың Оңтүстік Қазақстан облысына ата-ана, туысқандарынан ажырамай бірге көшіруді сұрап жазған жалынышты өтініштері көп. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиум төрағасы Даниял Керімбаевқа жазылған хатта:

"Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы шумаға қарсы күрес бөлімінде қызмет жасаймын. Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілетін ата-анаммен бірге кеткім келеді. Орда аудандық атқару комитеті бұл өтінішімді қабылдамады. Бұл іске Сіздің араласуыңызды сұраймын. Томанов", – делінген.

Алайда тұрғындардың бұл өтінішіне ешкім құлақ аспаған секілді. Оған мына архив деректері дәлел бола алады:

"Орда аудандық партия комитетінің секретары жолдас Кенжебек Мендалиевке Орда поселкасында тұрушы, Отан соғысында қаза тапқан жауынгердің семьясы Томанов Сарыдан: Менің бірге туған екі інім, екеуі де Каганович колхозында. Олар Южный Казахстанға көшпек. Мені солармен бірге көшіруді сұраймын. Бұл турасында көп жерлерден сұрап, жалынушылық жасадым. Бірақ арызымнан нәтиже шығара алмай келемін. Осы турасында сауатсыз мендей кәріге көмектесуіңізді өтінемін. Облисполкомнің хатын жалғадым. С. Томанов. 3/VII.1952".

Күштеп қоныс аудару кезінде бір-бірінен ажырап, көз жазып қалған, кейін табысқан туысқандар да бар. Бұған Түркістан облысының Келес ауданындағы Жаңа дәуір ауылында тұратын Айбаршын Жаһаншақызының (1962 жылы туған) әңгімесін келтірсек жетіп жатыр:

"Енем марқұм Нұрғаным Дігарованың "Айырылып қайран елден келгеннен соң, Бауырдың бәрінен де пәк болған соң" деп сыңсып жылап отыратыны жадымда қалыпты. 1952 жылы Орал жақта бөлініп қалған енемнің екі бауыры 1986 жылы іздеп келіп, олар бір-бірімен жылап көрісті".

Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып байқайтынымыз, "Капустин Яр" әскери полигонына берілген жерден қазақ халқын еріксіз көшіру оларға әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орасан қиындық әкеліп қойған жоқ. Сонымен қатар моральдық -психологиялық тұрғыдан ауыр соққы болып тиді.

Архив деректерінде Орда ауданынан 3 колхоз, Жаңақала ауданына 2 колхоз тұрғыны, барлығы 1805 адам сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай аймағына көшірілгені айқын көрсетілгенімен, оларды жынысына, жас ерекшелігіне орай анықтау мүмкін болмай отыр. Әлі күнге дейін күштеп көшірілгендердің арасында қанша ер мен әйел, қанша қарт кісі мен бала болды деген сұраққа жауап жоқ. Сонымен қатар көшіп келгендердің кері қашуы да кейбір көмескі тұстарды қалыңдатып жібереді. Себебі бәрінің төлқұжатын жинап алғанымен, бірқатары жаңа ортаны жерсінбей, жасырын кері көшіп кетеді. Кейбірі көрші Өзбекстанға өтсе, тіпті араларында Ресей асып кеткендері бар екен. Бірақ олардың да нақты саны әзірге белгісіз. Бұл жайында Қайрат Жұмағалиев:

"Қашқандардың өзі малын қорасына байлап, отын жағып қойып, ешкімге білдірмей айлы түнде соқа бастарын алып, кетіп жатты" – дейді. Демек бұл тақырып әлі де зерттеуді қажет етеді.

Кеңестік кезеңде депортация тақырыбын зерттеуге тыйым салынды. Тәуел­сіздіктің арқасында отандық тарихшыларға шығармашылық еркіндік берілді. Еліміздегі жабық архив қорлары ашылып, ұлттық тарихымызды жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдауға кең жол ашылды. Мемлекет басшысының 2020 жылы 24 қарашадағы "Саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" Жарлығы бұл мүмкіндіктің аясын одан әрі кеңейте түсті. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорындағы деректер негізінде жарияланған қазақ депортациясы туралы моно­графиялық еңбек бұл пікірімізге дәлел болады (Боранбаева Б.С. "Капустин Яр әскери полигоны: қазақ депортациясы". – Орал: "Полиграфсервис", 2022. – 268 б.).

Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Махмұтұлы монографияны "тыңға түрен салған еңбек" деп бағалады (Әбжанов Х.М., "Тыңға түрен салған еңбек"//«Egemen Qazaqstan», 24.01.2023). Aqjayiq телеарнасының қолдауымен журналист Гүлмира Тілеубаева осы кітаптың желісінде "Ордадағы ойран. Қазақ депортациясы" атты тарихи танымдық фильм түсірді. Сөйтіп, ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыруға үлкен үлес қосылды.

1952 жылы Орда ауданы халқын шұғыл көшіруге қатысты Батыс Қазақстан облыстық архив қорында сақталған деректер Бөкей даласындағы қоныс аудару ісі, шын мәнінде, халықтың еркінен тыс, жоғарыдан келген бұйрықты бұлжытпай орындау түрінде қатаң түрде жүргізілгенін анық дәлелдейді. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Гафиаттуллин мен оның орынбасары Н.Габдуллин Орда аудандық кеңес төрағасы А.Ваисовке «Стансаға вагондар беріледі. Жөнелту күні 27 маусым. Жөнелту стансасына жеткізілген отбасылар, отбасыларды тасымалдаған ма­шиналардың саны, құжаттардың рәсімделу барысы, тағайындалған эшелон бастығының аты-жөнін көрсетіп, колхозшылардың Оңтүстік Қазақстан облысына көшуге дайындығын хабарлаңыз», «Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударатын колхоздарды тасымалдайтын 43 вагон Сайхын стансасына 27 маусым күні беріледі . Жөнелту стансасына адамдарды көрсетілген уақыттан кешіктірмей жеткізуді міндеттеймін. Қоныс аударушыларды санитарлық тазалықтан өткізу және оларға қоныс аудару билетін, тағы басқа құжаттарын тапсыру жұмыстары республикалық Министрлер Кеңесінің 1952 жылы 21 ақпандағы нұсқау хаты бойынша жүргізілсін», деген бұйрық береді. Орда, Жаңақала аудандарының басшылары бұл бұйрықты бұлжытпай орындап, қоныс аударушыларды Сайхын, Алғай стансаларына шұғыл жеткізгенімен, жолаушылар жаз айының ыстығында поезд күтіп, станса басында бірнеше күн жатқан.

Жаңақала ауданы Қызылоба аулында тұратын Қаполов Көшкінбай ата: (1937 жылы туған) "Жаңақала ауданы, Ленин колхозынан көшкенде 5-класс бітірген баламын. Бәрімізді әскери машиналармен 200 шақырым жер шамасындағы Алғай стансасына алып келді. Станса басында пойыз күтіп, 15 күндей ашық жерде жаттық. Шешелеріміз үйден алып шыққан тары талқанын суға езіп азық етіп береді. Осы уақытта құмда өскен біздер суға жүзуді үйреніп алдық. Бұның кейін маған көп көмегі тиді", деп еске алады.

Сөйтіп, 1952 жылдың шілде айында Сайхын стансасынан Орда ауданының Интернационал, Каганович, Калинин атындағы үш ұжымшары, ал Алғай стансасынан Жаңақала ауданының Сарыөзен және Ленин атындағы барлығы 5 ұжымшардың 336 отбасы, 1805 адам Оңтүстік Қазақстан облысына депортацияланды.

Түркістан облыстық және Жетісай өңірлік архив деректеріне қарағанда, 1950-1952 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай аймағына батыс­қазақстандықтардан бөлек, Қазақстанның он екі облысынан түрлі ұлт өкілдері де көшірілген.

Бақтылы Боранбаева

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2733
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1851