Бейсенбі, 21 Мамыр 2026
Әдебиет 133 0 пікір 21 Мамыр, 2026 сағат 13:47

«Әннен әнұранға айналған бір туынды»

Суреттер: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

«Әріге көз жіберіп қарасақ тым,
Тарихы ұшан теңіз Жабасақтың»

Сөзіміздің арқауы болайындеп тұрған құтты өңірдің тарихы ұшан теңіз. Бұл өңірден мемлекет және қоғам қайраткері - Темірбек Жүргенов, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы - Әлім Алмат (Ғалымжан Әбдісаламов), Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі - Тұрар Әліпбаев, Социалистік Еңбек Ері - Алтынбек Әкімжанов, белгілі әнші, сазгер – Данияр Сағынтаев, Жабасақтан шыққан тұңғыш опера әншісі – Данагүл Сағынтаев, Мәдениет қайраткері – Рысжан Ильясова, Мәдениет саласының үздігі – Дулат Дарибай, Желтоқсан ардагерлері – Қонысбек Доспанбетов пен Шара Бекназаровалар дүниеге келген. Ал біздің мақаламызға арқау болып отырған Қазақстанның Алтын кітабына енген, ардагер ұстаз – Қуаныш Алтынбаев туралы болмақ.

«Ақсуатта ойнап өскен бала...»

Алтынбаев Қуаныш Әбішұлы – 1942 жылы 12 ақпанда Әйтеке би ауданы(бұрынғы Ырғыз ауданы), «Жабасақ» совхозының Ақсуат елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі – Елеусінұлы Әбіш басқарма болған кісі. Анасы – Жолмағанбетқызы Мамиланың тәрбиесінде болған. 1950-1951 оқу жылында Жабасақ орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, 1960-1961 оқу жылында аталған мектептің 10-шы сыныбын бітіреді. Сырқаттануына байланысты бір жыл емделуде болады. 1961 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педогогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті және музыка факультетіне түсіп, аталған оқу орнын 1966 жылы бітіреді. 1966-1967 оқу жылынан бастап 1997 жылға дейін Жабасақ орта мектебінде оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті және музыка пәнінен сабақ береді. 1997 жылдан бастап зейнеткерлікке шығады. Ұстаздық саладағы озат еңбегі үшін 1993 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

«Отбасы отағасы болған – тұлға»

«Әке көрген оқ жонады» дегендей Қуаныш ағайдың ұл-қыздары өнер жолын қуған. Қызы Ғайни Алтынбаева Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институты музыка факультетінің хореографиясын бітірген. Ұлдары Мәди Алтынбаев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті журналистика мамандығында оқыса, кенже ұлы Мәдибек Алтынбаев Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институты музыка факультетін кейін П.И.Чайковский атындағы музыка колледжінің домбыра бөлімін аяқтап, қазіргі уақытта Қазанғап атындағы музыкалық мектептің домбыра пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Ал үлкен ұлы Ғани Алтынбаев Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің ұрмалы аспаптар бөлімін бітірді.

«Ән мен елге танылған...»

Қуаныш Алтынбаев ұстаздық жұмыстарымен шектеліп қалмай шығармашылық жұмыстарымен де айналысқан. Бұл істі ол әуесқойлықтан бастайды. Аудандық, облыстық газеттерде өлеңдері жарияланып тұрған. Қ.Алтынбаев өлең жазып қоймай анда-санда аспаптармен ән шырқайды екен. Кейбір өлеңдері республикалық «Қазақстан мүғалімі», «Қазақ әдебиеті» газет беттерінде жарияланған.

Қуаныш Алтынбаевтың «Ақ сәуле», «Асыл жар», «Жастықтың көктемі», «Жабасақ орта мектебі оқушыларының маршы», «Қимадым, қия алмадым», «Туған жер», «Саған деген өшпесе екен махаббат», «Жігіт әні», «Жабасақ жастарының жыры», «Ана әуені», «Жабасағым жұлдызым», «Достарым» т.б. әндері аудан, облыс көлемінде кең тараған.

2002 жылы Алматы қаласынан «Әнім де, сәнім де сенсің туған жер!» атты бірсыпыра өлеңдері енген кітапшасы жарық көрген. Зейнеткер болса да әлі күнге дейін өлең, ән шығарумен айналысып келеді. Қ.Алтынбаевтан білім алған көптеген шәкірттер ғылым, өнер т.б. көптеген салада табысты енбек етіп келе жатыр. Кейбіреулері республикаға танылып жүр. Сол шәкірттерінің бірі Қ.Жұбанов атындағы филология ғылымдарының докторы, профессор Сәдірова Гүлзат, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Астана Өнер университетінің оқытушысы, профессор, белгілі күйші Тұрар Әліпбаев пен Сағынтайқызы Данагүлмен оның інісі «Қазақстан дауысы» байқауына қатысушысы, белгілі әнші, сазгер Данияр Сағынтаевты атауға болады. Оның да «Бағалау керек бақытты», «Сені іздедім», «Құштармың» секілді көптеген хит әндердің авторы. 2025 жылы «Ел арна»       телеарнасы ұйымдастырған «Бағалау керек бақытты» атты жеке шығармашылық концерті өтті. Данагүл мен Данияр Сағынтаевтар Қуаныш Алтынбаевтың туған жиендері.

«Мәдени майдан жолында...»

Қуаныш Алтынбаев ұстаздық қызметін қоса ауыл, ауданның мәдени өміріне белсене ат салысады. Ол Жабасақ ауылында тұңғыш рет мектеп оқушыларының оркестрін және ауылдың көркемөнерпаздар оркестрін ұйымдастырады. Ауылдық оркестрге тұңғыш рет баян, қобыз, прима, домбыра сияқты аспаптарды енгізген. 1986 жылы тамызда тұңғыш рет Ақтөбе қаласында өткізілген облыстық ақындар айтысына қатысып, І орынға ие болған. Осы сапарында Алтынбаев шығармашылығы жайлы облыстық радиодан арнайы хабар берілді.

Кейін Қ.Алтынбаев Комсомол аудандық көркемөнерпаздар ұжымына белсене қатысып, аудандық, облыстық байқауларда әншілік, аспаптық орындаушылығы ұшін мақтау, құрмет грамоталарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болады. Қуаныш ағай халқымыздың кемеңгер азаматы Т.Жүргеновтің 115-жылдық мерейтойына арнап өткізілген «Т.Жүргенов – қазақтың ұлы тұлғасы» атты жыр мүшәйрасында екінші орынға ие болған.

«Жабасағым жұлдызым»

«Бала кезден ән мен жырға мен ғашық» деп өзі айтқандай Қуаныш ағай көмейі күмбірлеген әуен, көкірегі шалқыған жыр. Соның куәсіндей болып отырған көптеген әндер өзінің 2016 жылы «Жабасағым жұлдызым» атты енбегінде жарық көрді. Қуаныш ағайдың поэзиялық, музыкалық шығармашылығында туған жері, тарихи мекені, Жабасақ өңірі ерекше орын алады. Жарық көріп отырған «Жабасағым жұлдызым» еңбегі осының айғағы. Бұл жинақ туған жер мен оның кешегі және бүгінгі азаматтарына деген әуесқой композитордың ыстық ықласын білдіреді. Бұл жинақты жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні бар еңбек деп есептейміз. «Жабасағым жұлдызым» әнің қазіргі таңда білмейтін Әйтеке биліктер кемде кем. Әннен әнұранға айналды десекте болады.

Әннің әнұранға айналу себебі мұнда, өзінің туған ауылының құрылғанынан бастап, дамығанға дейінгі кезеңін өз көзімен көріп өскен шығармашылық адамы, туған жеріне деген композитордың жүрегінен шыққан маңдай алды туындысы десек қателескеніміз емес. Жалпы «Жабасақ» өңірі 1954 жылы ЖШС(МТС) болып құрылған, 1957 жылы совхоз(совхоз деген сөз - кеңшар) болған. Қазіргі тілмей айтқанда округ іспетті. Сол кеңшар болу себебі Ырғыз ауданының орталығы Ырғыз ауылы солтүстіктегі колхоздардан(колхоз деген сөз - ұжымшар) тым қашық орналасуына байланысты, ауданның одан әрі дамуы үшін солтүстіктен әлеуметтік-экономикалық бір кеңшар ашу керек болған. Ұжымшар тек белігі бір өздері ғана айналысатын шаруашылыққа негізделген ауыл. Ал кеңшар сол ұжымшарлардың шаруаларын бақылап, тапсырма беріп, шаруаларын реттестіріп, есебін алып отыратын кең көлемді шаруашылықты айтады. Осыған байланысты «Жабасақ» кеңшар болып осы жердегі ұжымшарларды басқарған. «Жабасағым жұлдызым» әнін естелік ретінде туған жеріне арнап жазды. Әнде Жабасақ өңірінің сол кездегі шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігі көрініп тұр. Осылайша әнді Ырғыз ауданына кеңінен тарап, «Жабасақ» атына заты сай кеңшар болып, «Жабасағым жұлдызым» өңірдің әнұраны болды.

ЖАБАСАҒЫМ ЖҰЛДЫЗЫМ

Жабасағым – жас өлкем,
Түлеп қайта жасап жаңарған.
Болашағым – әсем ән өлкем,
Таң нұрындай таралған.

Қайырмасы:

Шаттық ойнап көзінде,
Әнге қоссың ұл-қызың.
Отанымның көгінде,
Жайнай түссің жұлдызың!

Жері байдың – елі бай,
Ақтылы қой байтақ алқабым.
Жайқалған жалпақ егін жай,
Шаттық күйін тартамын.

Қайырмасы:

Шаттық ойнап көзінде,
Әнге қоссың ұл-қызың.
Отанымның көгінде,
Жайнай түссің жұлдызың!

Дүбірлеткен қыр төсін,
Тұлпарым көп кілең сәйгүлік.
Елімнің талай жүлдесін,
Жеңіп алған бәйге ғып!

Қайырмасы:

Мақтан етіп өзінде,
Жырлай берсін ұл-қызың.
Селт еткізген сезімді,
Жабасағым – Жұлдызым.

Әуесқой композитор саналы өмірін білім мен өнерге арнаған жан. Жас ұрпаққа таным-тәрбие беріп, буындарын қатайтқан ұлағатты ұстаз биыл 84 жасқа келеді. Қазіргі уақытта композитор Ақтөбе қаласындағы кенже ұлы Мәдибек Алтынбаевтың шаңырағында тұрады. Қуаныш Алтынбаев жалғыз Жабасақ өңіріне ғана емес, Ақтөбе облысына белгілі азаматтардың бірі. Әсіресе, «Жабасағым жұлдызымды» өлеңін естігенде елең етпейтін, туған жерін ойламайтын азамат жоқта шығар.  Туған жерге шексіз сүйіспеншілігін, сағынышын және рухани байлығын көрсете білді. Осындай еңбектері арқылы ол ел есіңде қалатын, өнегелі өмір сүрген тұлға ретінде тарихта мәңгі қалатыны сөзсіз. Оның мұрасы – кейінгі ұрпаққа үлгі болса, ал шығармашылығы – жүректерде мәңгі сақталатын құндылық.  

Асқар Рахымжанұлы, тарихшы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2996
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2098