Жұма, 22 Мамыр 2026
Құйылсын көшің 226 0 пікір 22 Мамыр, 2026 сағат 14:19

Қандас – қауіп емес, қайта қауіпсіздіктің кепілі!

Суреттер: primeminister.kz, baq.kz сайттарынан алынды.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов мырзаның назарына!

«Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге жоғары білікті мамандарды, инвесторларды және таланттарды тартуға бағытталған «Көші-қон саясатын жетілдіру шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Құжат ауқымды цифрлық реформаны көздейді», - деп хабарлады BAQ.KZ.

BAQ.KZ сайтының мәліметіне сүйенсек, «Көші-қон саясатын жетілдіру шаралары туралы» жарлықта «Алтын виза» енгізілетіні айтылыпты.

«Алтын визаның» иелері мен олардың отбасы мүшелерінен жеке табыс салығы (ЖТС), мүлік және жер салығы алынып тасталады екен. Тіпті, табысты жалпы декларациялаудан да босату көзделіпті...

Мен Президентіміздің бұл шешімін қуана-қуана құптаймын!

Осы жерде Президенттің тапсырмасымен Қазақстан Республикасының 2023— 2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасында қарастырылған «Ата жолы» картасы еске түседі.

Осы «Ата жолы» картасы арқылы да алыс-жақын шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың ішіндегі жоғары білікті мамандарды, инвесторларды және таланттарды Қазақстанға тарту қарастырылғаны мәлім.

Бүгінгі Президент жарлығымен бекітілген «Көші-қон саясатын жетілдіру шаралары туралы» құжаттың ауқымы «Ата жолы» картасына қарағанда әлдеқайда кең секілді көрінді маған.

Сол «Ата жолы» картасын, өкінішке орай, Үкімет жүзеге асыра алмады.

Сенат Көші-қон үрдісін реттеуге арналған Заң жобасын мақұлдаған кезде «Ата жолы» картасын этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттерін бекітпей кеткен.

Соның кесірінен аталған карта қанаты жоқ құсқа айналып, қала берді.

Кейін осы мәселе бойынша салған сұрауымызға Сенат депутады Алшер Сатвалдиев мырза жауап беріп: «Ауыт Мұқибек, Сіздің «Ата жолы» картасына қатысты хатыңызды қарастырып, қолданыстағы заң нормаларында «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері бекітілмегенін хабарлаймыз», - деді.

Одан кейінгі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы картаны жетілдіруге барын салып бақты. Соңғы 4-5 жиналысына мені де шақырып, ұсыныстарымды талқыға салды.

Бірақ, өзге министрлік өкілдері тірсектеріне сиіп, «Ата жолы» картасы тағы жолда қалған болатын.

Сол кездегі вице-министр Асқарбек Ертаевтың жетекшілігімен өткен жиналыста көші-қон саясатымен ұзақ жылдан бері тынбай айналысып келе жатқан аса белсенді азамат, тәжірибелі маман ретінде «Ата жолы» картасының әлеуетін ойдағыдай етіп жетілдіру үшін, төмендегі бес жобаны ұсынған едім.

Бірінші, «Ата жолы» картасы иегерлері этникалық қазақтармен шетелмеуі тиіс. «Ата жолы» картасы этникалық қазақтармен бірге, Тәуелсіздік жылдары Елімізден өзге шетелдерге қоныс аударып, шетел азаматтығын алған қазақтарға да берілуі керек. Яғыни, «Ата жолы» картасы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға да берілуі кере;

Екінші, Сыртқы істер министрлігі инвесторлық виза (А5, А6), іскерлік виза (В1, В2, В3) деген секілді, «Ата жолы» картасының иегерлері мен олардың отбасы мүшелеріне он жылға берілетін етіп, арнайы «Ата жолы» визасын жолға қою керек;

Үшінші, Үкімет айқындаған өңірлерден кәсіпорын ашқысы келетін «Ата жолы» картасының иегерлеріне Еркін экономикалық аймақтардан  жер телімдерін конкурссыз, аукционсыз беру тәртібін енгізу керек;

Төртінші, «Ата жолы» картасының иегерлері Қазақстаннан кәсіпорын ашуға  арналған мүлкін әкелген жағдайда, олардың мүлкін бір реткі кедендік төлемдерден төлеуден босату керек;

Бесінші, «Ата жолы» картасының иегерлерін бес жылға салықтан босату керек!

Бір кереметі, «Көші-қон саясатын жетілдіру шаралары туралы» Президенттің кешегі Жарлығынан менің сол «Ата жолы» картасына ұсынған екі жобамның көрініс тапқанын көріп, қатты қуандым.

Мен «Ата жолы» визасын енгізуді ұсынғам, Президент Жарлығында «Алтын виза» енгізу тапсырылыпты.

Мен «Ата жолы» картасының иегерлерін бес жылға салықтан босатуды ұсынғам.

Жоғарыда айттым, Президент Жарлығына сай, «Алтын визаның» иелері мен олардың отбасы мүшелерінен жеке табыс салығы (ЖТС), мүлік және жер салығы алынып тасталатын болыпты...

Тамаша шешім!

Мен үшін бұл – зор мақтаншы!

Құтты болсын!

***

Енді осы жерде Үкімет мына бір мәселені естен шығармауы керек деп есептеймін!

Мемлекет кілең жоғары білікті мамандардан, инвесторлардан және таланттардан тұрмайды.

Мемлекет үшін «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 49 бұйрығында көрсетілген мамандық иелерімен қатар, мамандығы жоқ, бірақ өмірлік тәжірибесі мол мамандардың да ауадай қажет екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек!

Ұлы көшті доғарып қойып, шеттен өңкей жоғары білікті мамандарды, инвесторларды және таланттарды жиып алсақ, онда малды кім бағады, егінді кім салады, көшені кім сыпырады?!!

Малды кім бағады дегеннен шығады, Ашық ақпарат көздеріндегі ақпаратқа сенсек, 2025 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда ірі қара мал (ІҚМ): 8 млн 490,7 мыңнан 8,8 млн басқа дейін; жылқы: 4,7 млн бас; ұсақ мал (қой/ешкі): 21,5 млн бас екен.

Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдап, ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа және ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғайтуды жоспарлап қойыпты.

Сондай-ақ, аталған бағдарлама ет өндірісінің 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін өсуіне ықпал етеді деп отыр екен…

Осы мәселеге байланысты, жақында Ауыл шаруашылығы министірі Айдарбек Сапаров мырзаның атына арнайы хат жазып, Еліміздегі малшы қауымның жоғары білім алғаны туралы дипломы бар-жоғына сұрау салдым.

Аталған сұраққа аталған министрліктің Вице-министрі А. Бердалин мырза жауап беріп, «...шопан (қойшы)  мамандығы  жұмысшы кәсіптер қатарына жататынын, яғни ол біліктілігі жоғары талап етілмейтін  жұмысшы мамандығы екенін атап өтеміз. Бұл қызметте тәжірибелік дағдылар, малмен жұмыс істеу машығы, жайылымдарды  білуді  және мал ұстау жағдайларын білу есепке алынады», - депті.

Ашығын айтуымыз керек, Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі анау тоқырау жылдарында ауыл халқы жаппай қалаға үдіре көшіп, елдімекендерде мал бағатын адам қалмай, мал басы күрт азайып кеткен  болатын.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өте көрегендікпен ерте жолға қойған Көші-қон саясатының арқасында, Атажұртына оралған қандастарымыз, әсіресе Қытай мен Маңғолиядан келген ағайындарымыз сол бостықты толтырып, Еліміздің мал шаруашылығын тоқырау мен қауіптен аман алып шықты.

Бүгінде төрт түлікті мыңғыртып, қазақстандықтардың аузынан ақ май ағызып отырғандардың басым бөлігі – сол ағайындар екенін ешкім жоққа шығара алмайды!

Демек, қандас – қауіп емес, қайта қауіпсіздіктің кепілі!

Үкімет мұны екі дүниеде де ұмытпауы және терең түсінуі керек!

Халық әлі де өңірлерден ірі қалаларға тынбай қоныс аударып жатыр. Былтырғы жылдың он айындағы мәлімет бойынша, қала халқының саны 13 млн 13 мың адамға жеткен.

Ал, ауыл халқының саны – 7 млн 465 мың 800 адам болған.

Президент: «Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс...»,-деп отыр.

Атажұртына оралған этникалық қазақтар, басқа болмаса да, сол бос қалған ауылды сақтап, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан мал шаруашылығын өркендетуге ауадай қажет!

Өзінің туған халқын «білікті» - «біліксіз», «сауатты» - «сауатсыз»,-деп сортқа бөлетін мемлекет – біздің Қазақстан ғана болса керек!

Заңдардың төресі саналатын «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының (1991 жылғы 16 желтоқсан) 8-бабында: «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды», - деп жазулы тұр.

Егер, Қазақстан – шын мәніндегі демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болса, мемлекеттің ең жоғары құндылығы – шынымен де адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болса, онда Қазақ билігі өз қандастарын кеудесінен итермей, олардың Атажұртына оралуына тіпті де даңғыл жол ашуы тиіс!

Сондықтан, Үкімет 14 ақпаннан бері қолданысқан енгізіліп, Атажұртына оралған этникалық қазақтардың құжаттануын барынша қиындатып отырған «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаның күшін тез арада жойып, алыстан оралған ағайындың құжаттануына жол ашуы керек!

Ауыт Мұқибек,

«Ерен еңбегі үшін» медальінің,

«Құрмет» орденінің иегері.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3045
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2149