Дүйсенбі, 25 Мамыр 2026
Қазақтың тілі 152 0 пікір 25 Мамыр, 2026 сағат 13:17

Қазақ тілі: Ғасыр бойғы адасу...

Сурет: democrat.kz және abai.kz сайттарынан алынды.

Мен ақиқатты меншіктене алмаймын,
тек қисындар схемасын ғана ұсына аламын.
Серікбол Қондыбай, мифолог.

Қазақ тілі бір ғасыр бойы өз жазу жүйесін таппай келеді. Біз әліпби ауыстырдық, емле түзедік, ереже жаңарттық. Бірақ бір шындық бар: қазақ жазуы әлі күнге өз табиғатына сай жүйе тапқан жоқ.

Біз қаріп пен әріпті түзеп жүрміз, ал жүйеде шаруамыз болмай отыр. Біз таңбаны өзгертумен әуре болдық, бірақ тілдің заңын ескермедік. Соның салдарынан бүгінгі қазақ жазуы – өз тіліне емес, бөтен жүйеге бейімделіп, ақыры тұйыққа тірелді. Әрине, жазу жүйесі енді қалыптаса бастаған тілтану тарихы ізденіске түскені жөн: 1913 жылдан бастап 1934 жылға дейінгі аралықта бір ғана «Оқу» сөзінің ОҚУ, ОҚҰУ, ОҚЫУ, қайтадан ОҚҰУ түрінде 4 түрлі жазымға ұшырады. Бірақ бұл әлдененің дұрыс еместігін аңғартатын жайт еді.

Қазақ тілінің флектив емес агглютинатив тілдер тобына жататынын танытқан теория ХХ ғасыр басында ғана тарай бастады.  Бұған алғышарт болған ХІХ ғасырдағы немістің А. Шлегел, X. Штейнтал, В. Гумболд, А. Шлейхер сияқты лингвистерінің тілдерді морфологиялық жіктеуге негіздеген ілімдері болатын.

Әрине, қазақ тілінің үндестік заңына бағынатын агглютинатив тіл екенін ерте білген А. Байтұрсынұлы атамыздан бастап, күні бүгінге дейін тіліміздің үндестік заңына қатысты табиғатын ашуға қосылған үлестер аз емес, жеткілікті. Бірақ бұл еңбектердің барлығы да сол баяғы акцентология дыбыстаным амалына иек артқандықтан, тілдің төл табиғатын ашуға толық ресурс бола алмады. Бұған басты айып – тілтанудың тарихы емес, тілтаным ғылымының теориялық қырын кеткендігіне қызыл империяның идеологиясы шырмаған бұғауда болғандығымыз.

Ең қауіптісі – бұл дағдарыс көзге көрінбейді. Біз «дұрыс жазып жүрміз» деген ойдамыз. Бірақ жазым айтымға қайшы. Емлеміз – үндестік заңына қайшы. Әліпбиіміз – тіліміздің табиғатына жат.

Осыдан туындайтын сұрақ: біз әліпбиді дамытып жүрміз бе, әлде тілдік жүйеден адасып келіміз бе? Бұл сауалға жауап беру жолында 2024 жылы А.Байтұрсынұлының «Жаңа емле» аталған еңбегінің соңғы нүктесі қойылғанына 100 жыл және Қ.Жұбановтың туғанына 125 жыл толу қарсаңында жарияланған «Қазақ тілінің сингевит жазу жүйесі» тұжырымдамасын жұртшылыққа түсіндіру үшін осы мақаланы жариялап отырмыз. Құрметпен – Серік Ерғали.

ТІЛ ТАБИҒАТЫ МЕН ЖАЗУ ЖҮЙЕСІ

Қазақ тілі – агглютинатив/жалғанбалы тіл. Оның негізгі тұрғысы – үндестік заңы. Сөздің әр буыны бір-бірімен үйлесіп, тұтас дыбыстық жүйе құрайды. Бірақ буынның үйлесімін құрайтын не? Сингормология ғылымымен айқындалған сингема деген үндес қосар дыбыстар. Бұл тұжырымға белгілі сингормолог-ғалым Әлімхан Жүнісбектің «Сингормология» еңбегіне (Алимхан Жунисбек. «Сингормология или неизвестный сингармонизм», «Абзал-Ай» баспасы, Алматы, 2020 ж.) сүйеніп отырмыз. Қазақ тілі фонологияға емес, сингормологияға қарап талданатыны осы еңбекте дәйектелген.

Ал біздің жазу жүйеміз – флектив тілдерге тән алфавитке бір ғасыр бойы сүйеніп келеді, яғни, әр дыбысты жеке таңбамен беруге негізделген. Ал әр дыбысты фонологияда «фонема» атайды да, соны дыбыс жүйесінің бірлігі/единицасы санайды. Қазақ жазуының бір ғасыр бойы неліктен флектив жазулы жүйеге бағынбай келгеніне жауап осы тұста. Ал біз оны шырылдатып, зорлап бағындыра жазып жүрміз. Осы екі түрлі табиғаттың қақтығысы қазақ жазуының ғасырлық мәселесіне айналды. Бұны әлі байқамай отырмыз.

Соның кесірінен қазақ тілінде:

  • жазым мен айтым алшақ;
  • емле күрделенді, бір біріне қайшы қағидалар туды;
  • тіл табиғаты көмескіленді, үндестік заңы аяқасты болып жатыр.

Қазіргі 42 әріптен тұратын әліпби шын мәнінде қазақ тілінің емес, орыс пен қазаққа ортақ жазым жүйе екені және ол қазақ тілінің пайдасына шешілмегендігі талай айтылды, жазылды. Демек, біз өз тілімізді өгей тілдің жүйесіне салып, өзгенің ережесімен жазып, оқып, сөйлеп отырмыз.

Ә.Жүнісбек бұл еңбекте  былай жазды:

  • Үнді-еуропа флектив тілдерінің (мысалы, орыс) акцентті (екпіншіл) дыбыс талданым амалы – акцентология;
  • Оңтүстік-азия буыншыл тілдерінің (мысалы, қытай) әуенді (буыншыл) дыбыс талданым амалы – тонология;
  • Орал-алтай агглютинатив тілдерінің (мысалы, қазақ) әуезді (үндесім) дыбыс талданым амалы сингормология –деді.

Бұл нені білдіреді? Демек, қазақ тілінің дыбыстану саласы түгелімен екпіншіл дыбыс талданым амалына түсіп кеткен! Яғни акцентологияны жастық етіп, ал төл дыбыс талданым амалы – сингормологияны тәрк етіп келген! Бұдан әрі тілдің айтымы мен жазымы үнді-еуропалық флектив тілдердің акцентология амалымен жатып-тұрып жатыр деген сөз. Бұл өз үйі жоқ, жалдамалы пәтердегі жанұяның тұрмысындай нәрсе.

Сол себепті де, екпін атымен жоқ қазақ тіліне біз «қазақ тілінде сөздің соңғы буынына екпін түседі» деген «екпінді» ереже шығардық. Ал әрбір қазақ сөзінің соңғы буынын екпіндетіп сөйлеп көріңізші: ауа жетпей тұншығып қаласыз. Бұл – өз тілімізге өгей тілдің заңдылығын тықпалаудың көрінісі. Сингормологияда акцентологиядағыдай екпін жоқ, мүмкін емес.

Тағы бір дертке назар аударайық. Қазақ тілінің жатып-тұруы бүгінде буынға байланып қалған. 1 сыныпқа келген қаршадай балаға буынды оқытып, басын қатырамыз: ашық буын, тұйық буын... Онымен қоймай, әріпті енді таныған балаға буынға бөліп оқытамыз. Осылайша қаріп таныған бала бірден ежіктеп оқуға крісудің орнына буынтану қағидасымен басын қатырып, оқу тәжірибесі тежеледі, содан тілден безеді. Ау, буынсыз жерге пышақ ұрпай-ақ, әріппен танысып алып, ежіктеп оқуға неге кірісе бермейді? Сонда сөзді оқу үшін де оның қандай буыннан тұратынын, оны қалай бөлу керегін, қайтіп оқитынына бас қатыру қайдан келген талап?

Өз басым 1968 жылы 1 сыныпқа барғанда әліппемізде буын болған жоқ, бірден ежіктеуге көштік те, 1 айға жетпей жүргізіп оқып кеттік. Ал қазырғы бала буынға сүрініп оқи алмай, оқығасын ол сөздің не екенін тани алмай, ақыры оқуға деген ынтасы қашып, қазақ тілі дегенде азар да безер болатын жүгірмекке айналып, орыстанып жатыр...

Мысалы: астана деген сөзді бұрын а+ыс+ты+а+ны+а  - «АСТАНА» деп оқи салмаушы ма едік? Ал енді: ас+та+на деп буындатып барып оқытады. Бұл жерде балаға бірден мәтінді оқудың орнына екі процесті меңгеру талап етіледі.  Бірақ бұны зерек оқушы не дайындығы бар бала ғана оқи алады. Ал қаріпті енді таныған бала оқи алмайды.

Сонда не дегіміз келіп отыр?  Жоғарыда аталған еңбектегідей үндескіш дыбыстардың жүйесінен тұратын қазақ тілін қытайдың буыншыл дыбыс талданым амалы – тонологияға салып жібердік дегіміз келіп отыр!

Қазақ тілін айтып, жазуға буын тақырыбы керек пе? Жоқ, керек емес! Ашық-тұйық буындарды филологтар мен лингвистер оқи берсін, талдай берсін. Баланың басын қатырып керек емес. Оны теорияшылдар қарастыра берсін. «Сонда қалай? Тасымалды қайтеміз?» - деушілер міндетті түрде шығады. Тасымалға бас қатырып керек емес. Бүгінгі тілдерде тасымал мәселесі де, өзі де жоқ. Жұртты тілден жеркентетін теория мен ережеден, басы артық шектеудің болмағаны дұрыс!

Й МЕН У: ШЕШІЛМЕГЕН ШИЕЛЕНІС немесе ЖҰБАНОВ КӨРСЕТКЕН ЖОЛ

Қазақ жазуындағы ең үлкен түйткіл – Й мен У дыбыстары. Бұл мәселе бүкіл ХХ ғасырды көктей өтіп, біздің дәуірге жетіп отыр.

Содан бері:

  • Й бар ма, жоқ па?
  • У – дауысты ма, дауыссыз ба?
  • Қосар ма, дара ма?

деген сұрақтар әлі күнге жалғасып келеді. Бір ғасыр бойы шешілмеген мәселе – жүйенің қате екенін көрсетіп отыр.

Біздің мақсат - мәселені қоздату емес, қозғау да емес, шешуге үлес қосу. Шындығына келгенде Й мен У мәселесі бір ғасыр бойы акцентология талдам амалына сүйеніп қана зерделеніп келді, бірақ  бұл дыбыстардың табиғаты ақыры толық ашылмай қалды.

Құдайберген Жұбанов бұл түйткілді ерте түсінді. Ол Й мен У-дың  дара емес, қосар дыбыстар екенін ерте сезген бірден бір ғалым. «Қосар ма, дара ма?» («Қазақ тіл білімінің мәселелері» Қосар ма, дара ма?, 1935 ж.) деген мақаласы арқылы тіл білімінің тұңғыш профессоры алғаш рет қазақ тілінің дыбыс талдау амалы сингормология екеніне маңдай тіреген еді. Агглютинатив тілдерге арналған теорияның сол кезеңде мардымсыз болуынан ол мұны көсіліп шеше алмады, уақыты да болмады. Ерте атылып кетті.

Сингормологияға барынша дендеген Қ.Жұбанов әлгі даулы дыбыстарды дара емес, «қосар дыбыстар» атауы мәселені шешуге деген бір қадам болды. Сөйтіп ол акцентология тұрғысынан әр дыбысты дауысты-дауыссыз не жарты дауыс деген бағалардан арылтып, оларға сингормология тұрғысынан қарады.  Бұны Ә.Жүнісбектің «Сингормология» еңбегінің мазмұны бойынша бағаласақ: Й мен У дыбыстары – қосарлар, яғни сингемалар – үндескен әрі үйлескен, қосарласқан дыбыстар.

Бұл кірісім – қазақ жазуын үндестікке бейімдеудің алғашқы ғылыми қадамы еді. Бірақ ол толық жүзеге аспады да, бұл лингвистикалық принцип бұрмаланған күйі 1940 жылы «кирилшені» енгізу кезінде қазақ әліпбиін орыстандыруға пайдаланыпылып кетті. Нақтырақ айтсақ, кәзіргі 42 әріпті әліпбиде бұрмаланған сингемалар бар: Я – ыйа, ійә; Ю – ійу, ыйу, үйу, ұйу; И – ійй, ый, ій, ұй,үй; У – ұу, үу, іу, ыу.

Бұларды теориялық жағынан ашуға кәзіргі тілтаным құлықты емес, бірақ біз ашып көрейік:  Я мен Ю орыс тілінен енген сөздерді жазуға арналған әріптер сияқты болғанымен, бұл бүгінде қазақ сөздерін жазуға да қолданылатын заңдылыққа айналды, оны біз байқамай қалдық:

қоЯмын – қоЙАмын

қоЮ – қоЙҰУ

соЮ – соЙҰУ

қИрату – қЫЙратҰУ

жИнау – жЫЙнаҰУ

күлУ – күлҮУ

жылаУ – жылаЫУ.   Бұл бүгінде қазақ жазуын тиімдендіріп тұрған үлгі, бірақ бұл теория тұрғысынан емес, тіл табиғатының практикалық итермелеуінен мәжбүр етілген емле. Өйткені, бүгінгі ережелер неліктен бұлай жазу керегін түсіндіре алмайды, бар болғаны жазуды тиімді, ықшам ету үшін деген осал интерпретация береді.

Әрине аталған әріптер орыс дыбыстарын сол күйінде жазып, айту үшін де еніп кетті. Әуелгі басты мақсат сол болатын, бірақ жанама түрде әлдебір құдырет бізге жасырын түрде сингармологиялық жазымды кіргізіп жіберген.

СИНГОРМОЛОГИЯ: ТІЛДІҢ ШЫН ТАБИҒАТЫ

Қазақ тілін өз табиғатымен түсіндіруге тырысқан ілім – сингормология. Бұл теория бойынша:

  • тілдің негізі – жеке дыбыс емес, үндесім;
  • дыбыстар үйлесіп, сингема құрайды;
  • жазу сол үндесімді бейнелеуі керек.

Яғни қазақ тілін акцентология амалымен «фонема» арқылы емес, сингормология амалын қолданып «сингема» арқылы түсіну, тұшыну қажет.

Қазақ тілінің сингормологиялық бірлігі – фонема емес, сингема, яғни үйлескен, үндескен, қосақталған дыбыстар.

Агглютинатив тілдерде буын — морфемалық ұйымдасуға жақын;
флектив тілдерде буын мен морфема ажыраңқы.

Сингормология тұрғысынан қарағанда, қазақ тіліндегі негізгі ұйымдастырушы бірлік — жеке фонема емес, үндескен буындық кешен. Сондықтан Ә.Жүнісбек буынды жай ғана фонетикалық бөлшек емес, үндесімнің тұтушысы/носителі ретінде қарайды. Сингормологияда буын дыбыстардың механикалық қосындысы емес, үндесімнің іске асу формасы. Сол себепті қазақ тілінде: буын — тек дыбыстық құрылым емес; ол сингармонияның іске асу алаңы. Осы себептен дидактикада буынды шешуші элемент ретінде қарастыру артық.

Сингевит идеясының түбінде де осы жатыр:
- жазу жеке дыбысты емес,
- үндескен буындық-сингемалық құрылымды таңбалауы керек.

Дәлірек айтсақ: Қазақ тілінде буын — фонетика мен морфологияның арасындағы үндесімдік көпір, сингеманың іске асу формасы. Сондықтан қазақ тілінің жазу жүйесі фонемаға емес, буындық-үндесімдік құрылымға сүйенуге бейім.

Мәселенің түбі — «дауыстыны міндетті түрде толық таңбалау керек пе?» дегенге тіреледі. Сингемаға сүйенген буындық жазуда дауысты дыбыстарды толық әрі даралап таңбалау міндетті емес. Өйткені агглютинатив қазақ тілінде дауысты көбіне жеке өмір сүрмейді, ол үндесім арқылы алдын ала болжанып тұрады.

Мысалы: б+л+н → «бүлін», «бүлүн», «білін» емес, контекст пен үндестік бір нұсқаны өзі таңдайды;

қ+з+қ → қазақ;

ж+р+к → жүрөк/жүрек типтес үндестікпен оқылады. Мұнда басты ақпаратты дауыссыз қаңқа мен сингема береді.

Бұл — жаңа нәрсе емес. Көне түркі руникалық жазуында да дауыстылар толық таңбаланбаған. Арап графикасында да солай. Төте жазуда да сол құбылыс бар. Себебі үндестік заңы бар тілдерде дауыстыны толық жазбай-ақ тануға мүмкіндік мол.

Сингевиттің идеясы: дыбысты емес, үндесімді жазу.

Сондықтан: дауыстыны «жасыру» емес, оны сингеманың ішінде беру көзделеді. Мысалы қазіргі «су» сөзін алайық.

Флектив талдау: с + у

Сингормологиялық талдау: сұу деген үндес комплекс, бірақ оны толық жазу міндетті емес, өйткені С сингемасы мен сөздің үндестік өрісі қалғанын анықтайды.

Сол себепті сингевит логикасында: әр дыбысты жіпке тізгендей бөлек таңбалау артық; жазу буындық-үндесімдік моделге сүйенеді.

Бірақ мұнда өте маңызды мәселе бар: дауыстыны мүлде алып тастауға болмайды. Өйткені қазақ тілінде дауысты:

  • буын құрайды;
  • үндестікті басқарады;
  • морфемалық айырманы ажыратады.

Сондықтан сингевиттің логикасы: дауыстыны толық жою емес; тек болжанатын, сингармониямен анықталатын позицияларда ықшамдау.

Мәселен:

  • шығарылым → шығарлм/шғарлм
  • тәуелсіз → тәуелсз
  • бүліну → бүлну.

Бірақ: тіл / тұл / төл секілді омонимдік қауіп туса, немесе үндестік бұзылса, онда дауысты міндетті түрде жазылады. Сондықтан сингевит таза «дауыссыз жазу» емес. Ол: үндестікке сенетін жазу. Дәлірек айтсақ: фонемалық жазудан сингемалық жазуға көшуге мәжбүрлейді. Ал мұнда буын: тек айтым емес, ақпарат тасушы үндес құрылымға айналады.

Сайып келгенде, біз тарихтың шөгіндісіне айналған ұрын/руна жазудың қағидатын тірілтіп отырмыз. Бірақ ол бүгінге толық іске асады деген сөз емес, бүгінгі дәуірге икемдеп, лайықтап, ережелеп пайдалансақ – біз өз тіліміздің төл табиғатын алтын адамның киіміндей жарқыратып шыға келеміз.

СИНГЕВИТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

Ә.Жүнісбек сингармо жазу жүйесінің барлық терминдерін қалыптастырып кетті, тек сингевит жазу жүйесін «алфавит» күйінде қалдырған. Бірақ акцентологияның алфавиті жазу жүйе ретінде сингармологияға жарамайды, оның өзіне тән СИНГЕВИТ жазу жүйесі бар. Соны мойындауымыз керек. Оның кестеге түскен түры мынау, бірақ бұндағы қосар дыбыстарды жаттап, бас қатырудың керегі жоқ, бұлар күнделікті ауыздан шыққан сөздерде айтылып жүр. Бар болғаны Тілдің төл табиғатын түсініп алсақ – болғаны. Қазақ тіліндегі бірлік фонема емес, сингема, осы сингемалар басқа дауысты-дауыссыз қосарын жасақтап, Құдайберген Жұбановша айтқанда «қосар» дыбыстар, оны ғылымда аллосингемаларды тудырады. Біз қазыр батыстың флектив тілдеріне бағынып, аллофонемаларды қолданып жүрміз. Ал буындарды қытай тілі секілді тонологияға бағынған аллотонемаларға айналдырып жібердік.

ҚАЗАҚ СИНГЕВИТІ (АГГЛЮТИНАТИВ ЖАЗУ ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША)

*Бұл дауыссыз аллосингемалар саны Ә.Жүнісбекте – 66, біз оған 56 үнше қостық, дауыссыз үншелер саны барлығы – 122; дауысты үншелерді қосқанда, аллосингемалардың жалпы саны - 131. Бұларды сәйкесінше 28 таңбамен жазу мүмкіндігі бар.

Қазақ тіліне арналған төл жаңа жазу жүйесі 9 дауысты аллосингема (3 сингема), дауыссыз 122 аллосингемадан (17 сингема) тұратын агглютинатив тілге арналған түркі тілдері арасында тұңғыш фонография жүйесі болып табылады. Аталмыш фонография жүйесін алфавит емес, сингевит атап отырмыз. Өйткені, бұндағы жазу бірлігі әріптер емес, синготаңбалар болып табылады. Алфавитте әріптер фонемаларды таңбалайды, ал сингвеитте сингемаларды әріппен жазып, оқу қиын.

Қазіргі емле – қайшылықтар жидасы. Бүгінгі жазуда орфография мен орфоэпия бір-біріне қарсы тұр. Мысалы: «бүліну» деп жазамыз, бірақ «бүлүнүу» деп айтамыз,  «қиюластыруы» деп жазамыз, бірақ «қыйұуластырұуұ» деп дыбыстаймыз.

Мұндай қайшылықтар жүздеп кездеседі. Бұл – жазудың тіл заңына бағынбай отырғанының айқын дәлелі. Сол себепті флектив жазымнан сингожазымға көшу еріккеннің ермегі емес болмаса жазу көлемін ықшамдауды мақсат еткендіктен емес, орфографияны тиімді әрі тілдің төл табиғатына қайтарудан туындаған мұрат.

СИНГЕВИТ: ЖАЗУДЫҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ

Сингевит – агглютинатив тілдерге арналған жазу жүйесі. Оның негізі: бір дыбыс емес, бір үндесім (сингема) – бір таңба.

Бұл жүйе:

  • үндестік заңын толық пайдаланады;
  • артық әріптерді қысқартады;
  • жазуды ықшамдайды;
  • айтым мен жазымды жақындатады.

Бұл көріністер мына кестеде айқын байқалады.

21-жолдағы сөз сингевит жазуы бойынша ерекше ережені талап етеді.

Сингармо жазу жүйесі үнемдеу үшін емес, тіл табиғатын сақтау үшін және тұтушыға сингормологияның қызығын көру үшін қажет. Негізгі түйін мынада жатыр: қазақ тілі фонемамен емес, үндесіммен ұйымдасады. Сондықтан классикалық еуропалық: «әр дыбысқа жеке таңба»
қағидаты қазақ тіліне толық келе бермейді. Сингормологияның ең мықты жері де — осыны аңғартуы.

Мысалы, кәдімгі фонологиялық моделде: дыбыс → негізгі бірлік.

Ал сингормологияда:

  • үндес кешен,
  • сингема,
  • буындық үндесім негізгі рөлге шығады.

Сондықтан «буынды дауыстыдан айырып жазуға болмай ма?»
деген сұрақ өзекті. Өйткені бұл жерде мәселе: «дауыстыны жазу-жазбауда» емес, «тілдегі ақпараттың қай қабатта сақталатынында».

Қазақ тілінде ақпараттың едәуір бөлігі:

  • үндестікте,
  • буын құрылымында,
  • сингемалық өрісте сақталады.

Сол үшін көне түркі жазуы да, төте жазу да, тіпті қазіргі қазақ емлесінің өзі де жасырын түрде сингевиттік элементтерді қолданып жүр.

Мысалы:

су → сұу

ми → мый

қою → қойу

үю → үйу

Бұлар — кәдімгі фонемалық жазуға сыймайтын құбылыстар. Ең маңызды нәрсе: қазақ жазуы іс жүзінде әлдеқашан жартылай сингевит болып кеткен. Тек теориясы толық орнықпаған. Сондықтан қазіргі қазақ емлесі:

  • жартылай фонемалық,
  • жартылай буындық,
  • жартылай сингармо,
  • жартылай флектив
    гибрид күйде тұр. Міне, барлық дау осыдан шығады.

ТАРИХИ ДӘЛЕЛ

Сингевит – ойдан шығарылған жүйе емес. Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуында: бір таңба бірнеше дыбысты қамтыды. ХХ ғасыр басындағы жазбаларда сингармо жазу қазақ тәжірибесінде бұрыннан бар -  Е.Маралбектің «Қазақ емле ережелерінің қалыптасу тарихы» мақаласында ережелердің нақты сипатын көрсету үшін түп нұсқаға дәлме-дәл транскрипция жасалған мына сөздердің сол кездегі жазылуына мән берелік:

  • даусты – дауысты
  • ноқатсз – ноқатсыз
  • қойылб – қойылып
  • бұунда – буында
  • жазлмайды – жазылмайды
  • бұун – буын
  • ашқ – ашық
  • сөздң – сөздің
  • соңнда – соңында
  • астнда – астында
  • болмағандқтан – болмағандықтан
  • әзрге – әзірге
  • ұтрлы - ұтырлы
  • тк – тік
  • әлпбійінен – әліпбиінен
  • мұнң – мұның
  • үшкл – үшкіл
  • қалбты – қалыпты
  • бұуыннда – буынында.

Сингевит емле көктен түскен жоқ, бұл «елес» түрінде үнемі көрініс табумен келеді. Дәл осы көрініске жатқызуға болатын жайттарды филология ғылымдарының докторы, профессор,   Бағдан Момынованың
(«Қазақ» газетіндегі емле, аударма және грамматикалық ерекшеліктер, tilalemi.kz/kz порталы. https://tilalemi.kz/kz/news/qazaq-gazetindegi-emle-audarma-jane-grammatykaliq-erekshelikter.html)  мақаласынан табамыз:

«... қазіргі Қытай Халық Республикасында тұратын диаспора жазуын жаңа төте деп шартты түрде алдық – Б.М.) дыбыстардың таңбалануындағы ерекшеліктер мыналар:

  1. Бірінші буында және екінші буында,да а дыбысы жазылмайды: хбр – хабар.
  2. Сөз басында ы, і анық естілетін сөздерде бұл дыбыстар түсіріліп жазылады: нтымақ – ынтымақ, с – іс, т.б.
  3. Бір буынды сөздердегі ы анық естілсе де, жазылмаған: жл.
  4. Сөздің бірінші буынында анық естілетін ы, і түсіріліп жазылған: қлады – қылады, жлқы – жылқы, мрза – мырза.
  5. Сөз ортасындағы і, ы дыбыстары анық естілетін болса да, аталған дыбыстар түсіріліп жазылған: бөлм – бөлім, қатн – қатын, алғс – алғыс, орсча – орысча, жгтдер – жігітдер, т.б.
  6. Сөздің соңғы буынында анық естілсе де, ы, і дыбыстары таңбаланбаған: ұрлқ-зорлқ – ұрлық-зорлық, болс – болыс, т.б.
  7. Сөздің соңындағы ы, і дыбыстары таңбаланған: түрлі, мамдары – имамдары, т.б.
  8. Қосымшалар құрамында ы, і дыбыстары болса, түсіріліп жазылған: жәрдемнң – жәрдемнің, көрсетб – көрсетіб, жатр – жатыр, иеснде – иесінде, т.б.
  9. Сөз басында и естілетін жердеде и түсіріліп жазылған: мамдары – имамдары.
  10. Сөз басында ө естілетін сөздерде ө жазылмайды, егер сөз жіңішке айтылатын сөз болса, сөз басына дәйекше қойылады: зі – өзі.
  11. Қазіргі кезде уағда түрінде дыбысталып, айтылатын сөздер оғда түрінде жазылған. О дыбысы сөздің бірінші буынында отр сияқты сөздерде де жазылады.
  12. Жіңішке айтылуы тиіс сөздердің алдына дәйекші қойылған, мысалы: «бр» (дәйекшемен), «брн брі», «тлі» (алдында дәйекше қойылған), «үчн» (дәйекшелі), «мсілесі» сөзінде «ы»-ның үстінде дәйекше қойылғандықтан, жіңішке болып оқылады, соңындағы «ы» да «і» болып оқылады». Әрине, аталмыш мақалада келтірілген мысалдың бәрі де сингевит жүйесіне сәйкеспейтінін атап кетеміз...»

ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУ – ШЕШІМ ЕМЕС

Бүгінгі қоғамдағы басты әліпби дауы – кирил ме, латын ба деген мәселе. Бірақ бұл – мәселенің сыртқы қабаты ғана. Егер біз:

  • сол баяғы «бір дыбыс – бір таңба» қағидасынан шықпасақ,
  • тілдің үндестік табиғатын ескермесек,

онда кез келген әліпби – сол баяғы қатенің арнасынан шықпайды, тіпті тілдің ахуалын күрделі жағдайға әкеп соқтырады. Өйткені, қайшы ережелер мен басы артық шектемелер тіл тұтынушыны әбден ығыр қылып, оны тіл табиғатынан қашырады.

Біз бір ғасыр бойы әліпби ауыстырумен айналыстық. Бірақ негізгі мәселені айналып өттік. Енді таңдау анық:  Біз тағы да әріпті ауыстырамыз ба?
Әлде жазу жүйесін өзгертеміз бе?

Қазақ тіліне:

  • жаңа таңба емес,
  • жаңа көзқарас керек.

Сол көзқарас – сингормология. Ал оның жазудағы көрінісі – сингевит.

Бұл – реформа емес.
Бұл – тілдің өз
болмысына оралуы. 

Серік Ерғали, сингвеит жазу жүйесінің авторы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3137
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2223