Қазақ неге Тәуелсіз ұлт бола алмай отыр?
Біз Тәуелсіздік пен Азаттықты, Ұлт пен Халықты шатастырып отырған жұртпыз. Осыдан келіп, «біз - бейшарамыз» деген күйгелек ұғым мәдени элитаның бойына сіңіп барады.
Бейшара халықтар тарих сахнасынан кетті, кетіп жатыр... Бізге ондай қатер төнді деуге келмес.
Азаттық деген не? Бодандықтың бұғауын үзіп, болмаса үзіліп түскен, көзін ашып, мемлекет құрам деп кіріскен күн – Азаттық күні. Оның бізде екеуі бар: 25 қазан 1990 жыл және 16 желтоқсан 1991 жыл. Иә екі мәрте ұмтылып барып, орнымыздан түрегелген халықпыз. Өйткені, тарихымыз бен тағдырымыз соған лайық...
Ал Тәуелсіздік деген не? Бұл – Азаттықты баянды етіп, айналасымен терезесін теңестірген, соған жетеқабыл жағдайдағы ұлт. Біздің 35 жылымыз текке кетпесе де, далбасалаған жылдар. Ол үшін бір адамды кінәлап құтыла алмаспыз...
Азаттық – саяси элитаның мұраты, Тәуелсіздік – мәдени элитаның, яғни зиялы қауымның мұраты/миссиясы. Соңғысы алдыңғысының қолбаласы болған күннен бастап, Азаттықтан мәні кетеді, Тәуелсіздік тәрк етіледі...
Негізі Ұлт ұлтсыздана бастағанда тәуелсіздіктен айрылады. Біздің айрылғанымызға кемі 3 ғасыр. Бірақ біз Азаттықтың субъектісі/иесі болуға толық мүмкіндігі бар халықпыз.
Халық тәуелсіздікті алғаннан кейін ғана ҰЛТқа айналады. Кәзір ұлт емеспіз, құлдыраған жоқпыз, жай ғана халықпыз.
Азаттық алдық, Тәуелсіздікті алу жолындамыз.
Тәуелсіздік үшін халықтың әлеуеті/мәдени элитасы жұмылуы керек. Саптыаяқтан қарауыл қарап, түшкіріп-пысқырып отырмауы қажет.
Жаңа жағдайға төтеп беретін ЖАҢА ЭЛИТА керек. Ол баяу болса да қалыптасуда. Оның саудасы әрі кеткенде - 5 жыл. Оған дейін ұры-қарылар мен сатқындар, қырттар Азаттықты талғажау етіп, уақыт кетіреді. Кетірмесін дегендер Халықты Ұлтқа айналдыратын күреске шығуы қажет.
Бүгінгі азды деп жүргеніміз - бодандықтың бодауы. Содан құтылу үстіндеміз. Халықты 1 пайыз бастап, 10 пайызы ҰЛТ қылады. Сол 1 пайызды жасақтауға қатысыңдар!
Әлем қажыды, адасты. Адамзат мәңгүрттенді, жалған өркениетке сенді, алданды, азды...
Осындай сәтте ылғи да адамзатты құтқаратын оның Аталық негізі - Атты мәдениет! Соның өкілдері сахнаға шығады. Кәзір соның толық белгісі бар. Бірақ сол мәдениеттің кіндігі болған Қазақтың зиялысы, мәдени элитасы жаңа дәуірге бейімделе алмай отыр. Өз мұратын өзі танымай отыр.
Ендігі дәме – жас ұрпақта ғана. Бірақ соны ертетін де кекілдей топ керек!
Елсерік
Abai.kz