Дүйсенбі, 25 Мамыр 2026
Білгенге маржан 105 0 пікір 25 Мамыр, 2026 сағат 13:24

Өңірлік рәміздер: Құқықтық форма ма, әлде иллюзия ма?

Суреттер: egemen.kz, kazislam.kz сайттарынан алынды.

Қазақстанда өңірлік рәміздерге (заң мәтінінде – нышан) қатысты қабылданған жаңа қағида сырт қарағанда тәртіпке келтірілген, рәсімдері айқын, кезеңдері нақты көрсетілген құжат ретінде ұсынылған. Алайда оның ішкі құрылымына тереңірек үңілгенде мүлде өзге шындық байқалады: бұл – құқықтық тұрғыдан толық аяқталмаған, ғылыми негіздемесі әлсіз және терминологиялық тұрғыдан орнықпаған құжат. Басқаша айтқанда, бұл – жүйе қалыптастыруға емес, жүйесіздікті рәсімдеуге бейімделген нормативтік әрекет.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы №866 қаулысы аясында қабылданып, Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы №503-НҚ бұйрығымен бекітілген «Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидалары» формальды түрде заң талаптарына сүйенгенімен, оның мазмұндық сапасы күмән тудырады. Геральдикалық, құқықтық және терминологиялық сараптама аталмыш құжаттың бірқатар ережелері кәсіби стандарттарға толық сәйкес келмейтінін ашық көрсетті. Бұл – жекелеген қателік емес, жүйелік кемшілік.

Мәселенің өзегі бір ғана сұраққа келіп тіреледі: министрліктің геральдика саласына жауапты шенеуніктері өңірлік рәмізді қалай түсінеді? Егер ол тарихи-мәдени код әрі құқықтық-ұйымдастырушылық құрылым ретінде қарастырылса, онда оған қойылатын талаптар да қатаң, бірізді және ғылыми негізделген болуға тиіс. Ал егер ол жай ғана визуалды белгі деңгейінде қабылданса, онда ұсынылған қағидалар қазіргі күйінде-ақ жеткілікті деп танылар еді. Өкінішке қарай, құжаттың ішкі логикасы екінші тәсілге көбірек жақын екенін аңғартады.

Қағидада конкурс өткізу тәртібі бар, өтінім қабылдау механизмі бар, қоғамдық талқылау қарастырылған, сараптамалық кеңес енгізілген, соңында мәслихат бекітеді. Барлығы бар сияқты. Бірақ ең негізгі сұраққа жауап жоқ: өңірлік рәміз деген не? Оның геральдикалық табиғаты қандай? Қандай құрылымға сүйенуге тиіс? Қандай стандарттарға бағынады? Бұл сұрақтар жауапсыз қалған. Ал жауапсыз қалған жерде құқықтық норма емес, тек әкімшілік процедура ғана өмір сүреді.

Ең даулы және ең әлсіз тұс – терминологиялық жүйе. Құжатта «рәміз» ұғымы «нышан» сөзімен алмастырылған. Бұл жай ғана лексикалық таңдау емес, бұл – тұтас ұғымдық жүйеге негізсіз араласу. «Рәміз» – құқықтық тұрғыдан орныққан категория: оның мазмұны, құрылымы және қолданылу аясы нақты айқындалған. Ал «нышан» – көбіне әдеби-стилистикалық сипаттағы, құқықтық жүктемесі мен нормативтік айқындығы бекітілмеген ұғым. Мұндай алмастыру ұғымды нақтылаудың орнына, керісінше оның құқықтық түсінігін әлсіретіп, семантикалық шекарасын көмескілендіреді. Оның салдары бірізді терминологиялық жүйені ыдыратып, орнына екіұшты, тұрақсыз интерпретацияны орнықтырады. Осы сәттен бастап жүйе іштен күйрей бастайды. Норма әлсіреген жерде әркім өз түсінігін енгізеді. Әр өңір өз бетінше интерпретация жасайды: бір өңір «нышанды» логотип ретінде қабылдайды, екіншісі – көркем белгі ретінде, үшіншісі – туристік немесе коммерциялық бренд құралы ретінде қолданады. Нәтижесінде бірыңғай геральдикалық жүйе орнына бір-бірімен байланысы жоқ, мағынасы әртүрлі, сапасы әркелкі визуалды өнімдер жиынтығы пайда болады. Бұл – геральдика емес, бұл – дизайнерлік импровизация.

Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар: геральдикалық стандарттардың толық ескерілмеуі. Қалқан пішіні, тинктура жүйесі, композициялық иерархия – бұлардың ешқайсысы қағидада нақты бекітілмеген. Яғни құжат геральдиканы ғылым ретінде мойындамайды, тек сыртқы бейнені қабылдайды, еркін визуалды шешімдерді заңдастыруға жол ашады. Бұл – кәсіби деңгейдің төмендігі ғана емес, геральдикаға деген көзқарастың үстірттігін көрсетеді және «өңірлік нышан» ұғымын құқықтық категориядан гөрі кездейсоқ графикалық өнім деңгейіне түсіреді. Құжат құқықтық рәміз емес, визуалды белгі өндіруді ынталандырады. Халықаралық тәжірибе бұған мүлде қарама-қарсы. Еуропаның бірқатар елдерінде немесе Жапонияда өңірлік рәміздер – бұл тек сурет емес, құқықтық акт деңгейінде бекітілетін тарихи код. Онда әрбір элементтің мәні бар, әрбір өзгеріс қатаң бақылаудан өтеді, ал сараптама – міндетті кезең. Қазақстандағы модельде болса, сараптамалық кеңес тек кеңес береді, ал шешімді әкімшілік орган қабылдайды. Бұл ғылыми сараптаманы формальды рәсімге айналдырады. Яғни сараптаманың рөлін төмендетіп, басқарушылық еркіндікті шамадан тыс кеңейтеді. Ақырында кәсіби қорытынды екінші қатарға ысырылып, шешім сапасы күмәнді болады. Геральдикалық жүйеде мұндай тәсіл мүлде қабылданбайды, себебі ғылыми қорытынды – шешуші фактор болуға тиіс.

Құжаттағы қолданылу аясы да мәселені шешпейді. Онда «қайда қолдануға болады» деген сұраққа формалды жауап берілгенімен, «нақты не қолданылып отыр» деген түйінді мәселе толық ашылмаған күйде қалған. Құрылымдық негізі айқындалмаған жерде құқықтық мәртебе де орнықпайды. Мұндай жағдайда ұсынылған белгі рәміз деңгейіне көтерілмей, тек сыртқы көрінісі бар визуалды элемент ретінде шектеліп қалады. Бұл – мазмұндық өзегі әлсіз, жүйелік тұтастығы жоқ регламент.

Рулық-таңбалық элементтерге қатысты тыйым да біржақты сипат алған. Қазақтың тарихи таңба мәдениеті тұтас күйінде назардан тыс қалып, оның семантикалық және тарихи қабаты толық ескерілмеген. Ал таңба ұғымы – тек этнографиялық дерек емес, ұлттық жадының, ру-тайпалық құрылымның және көркемдік- рәміздік ойлаудың маңызды қабаты. Мұндай деңгейдегі мұраны түгелдей шектеу – тарихи контексті тұтас елемеу болып саналады. Бұл тұста теңгерімді құқықтық реттеу қажет еді, алайда ұсынылған қағидада ондай әдістемелік ұстаным байқалмайды. Дұрыс тәсіл толық тыйым салу емес, нақты құқықтық шектеу қою болуға тиіс: яғни қоғамдық тұтастыққа, мемлекеттік бірлікке және бөлінушілік қаупіне тікелей әсер ететін белгілерді регламенттеу. Ал қалған тарихи-мәдени таңбалық жүйе ғылыми-мәдени айналымда сақталуы керек. Қазіргі қалыптағы тәсіл мәдени сабақтастықты үзіп қана қоймай, тарихи рәміздік жүйенің табиғи эволюциясын да тежейді.

Субъектілерді шектеу де қисынсыз. Қағида тек облыс пен республикалық маңызы бар қалаларды қамтиды. Аудан, қала, ауылдық округ деңгейлері ескерілмеген. Бұл – геральдикалық иерархияны бұзу. Өңірлік рәміз көпдеңгейлі жүйе болуға тиіс, ал мұнда ол жасанды түрде қысқартылған.

Редакциялық қателіктер – бөлек мәселе. Құжатта грамматикалық («ескерілерді»), синтаксистік және стилистикалық қателер жүйелі түрде кездеседі. «Қалаланың» сияқты орфографиялық қателер нормативтік акт үшін өрескел кемшілік. «Әкімі басқаратын облыс» деген тіркес құқықтық тұрғыдан дұрыс емес – әкім облысты емес, әкімдікті басқарады. «Алқалы атқарушы орган» деген анықтама да дұрыс емес – әкімдік алқалы орган емес.

1-тармақ пен 9-тармақ арасындағы қайшылық ерекше назар аударады. Бір тармақта әкімшілік деңгейлер толық берілсе, келесі тармақта аудан деңгейі түсіп қалған. Бұл – жай сәйкессіздік емес, құқықтық иерархияның бұзылуы. Мұндай қайшылық норманы екіұшты түсіндіруге әкеледі.

Терминологиялық бұрмалаулар да айқын. «Эмблема» мен «рәміз» теңестірілген. Бұл – өрескел қате. Эмблема – ұйымның графикалық белгісі, ал рәміз – мемлекеттік-идеялық категория. Оларды теңестіру құқықтық мағынаны жояды.

Мәслихаттың рөлі қағаз жүзінде шешуші. Бірақ іс жүзінде ол дайын емес, ғылыми негізсіз жобаларды бекітуге мәжбүр болуы мүмкін. Себебі оның қарауына ұсынылатын жобалардың сапасы бастапқы кезеңде-ақ күмәнді.

Ең басты кемшілік – атаудың болмауы. Қағида өңірлік рәміздің нақты түрін анықтамайды: герб пе, эмблема ма, логотип пе – белгісіз. Бұл – құқықтық вакуум. Мұндай жағдайда конкурс талаптары түсініксіз болады, қолдану аясы даулы болады, құқықтық практика тұрақсыз болады. Салдары – құқықтық белгісіздік, әкімшілік түсінбеушілік, хаос.

Шешім түбегейлі және кейінге қалдыруға болмайтын сипатта болуы тиіс. Жартылай түзету, косметикалық редакция немесе термин ауыстыру бұл жерде ешқандай нәтиже бермейді, себебі мәселе мәтін деңгейінде емес, тұтас нормативтік логика деңгейінде жатыр.

Біріншіден, «өңірлік нышан» ұғымы құқықтық айналымнан толық шығарылуы қажет. Бұл термин ғылымилықтан жұрдай, құқықтық мазмұны жоқ, тек бейнелік сипаттағы жасанды конструкция. Оның орнына тек бір ғана нақты әрі геральдикалық тұрғыдан негізделген ұғым – «өңірлік төлтаңба» енгізілуі тиіс. Бұл атау ғана емес, тұтас жүйенің бағытын айқындайтын концептуалдық таңдау.

Екіншіден, геральдикалық стандарттар заң деңгейінде қатаң бекітілуі керек. Қалқан құрылымы, тинктура жүйесі, композициялық иерархия, рәміздік код – бұлардың ешқайсысы түсіндірме деңгейінде қалмауы тиіс. Егер олар нормативтік актімен бекітілмесе, жүйе болмайды, тек визуалды еркіндік қалады. Ал визуалды еркіндік құқықтық рәміз жүйесіне жатпайды.

Үшіншіден, сараптамалық кеңестің қорытындысы міндетті құқықтық күшке ие болуға тиіс. Қазіргі форматта ол тек кеңес беруші деңгейде қалып отыр, яғни ғылыми пікір шешімге әсер етпейді. Бұл – жүйелік қате. Ғылыми сараптама ұсыныс емес, сүзгі болуы керек. Егер ол міндетті болмаса, онда бүкіл сараптама институты формальды декорацияға айналады.

Осы үш түйіннің сыртында тұрған ең маңызды мәселе – қағиданың геральдиканы ғылым ретінде мүлде мойындамауы. Бұл кездейсоқ кемшілік емес, бұл – тұтас әдіснамалық вакуум. Құрылымдық стандарт жоқ, терминологиялық бірізділік жоқ, ғылыми сараптама міндетті емес. Мұндай жағдайда «жүйе» деп атауға болатын ештеңе қалмайды. Тек әкімшілік рәсімдердің жиынтығы ғана қалады.

Бұл жерде мәселе бір нормативтік актінің сапасында емес. Бұл – мемлекеттік деңгейдегі көзқарастың дағдарысы. Егер рәміз ғылыми-тарихи жүйе ретінде емес, тек визуалды безендіру элементі ретінде қабылданса, онда мемлекет өзінің ең негізгі қабатынан – тарихи-мәдени кодынан – біртіндеп ажырайды.

Рәміз – бұл сурет емес. Бұл – тарихи жадының құқықтық формасы, мемлекеттің өзін-өзі тану механизмі. Ал мұндай категорияны жеңілдету, бейнеге айналдыру немесе дизайн деңгейіне түсіру – оның мәнін жоюмен тең. Мән жойылған жерде символ да, жүйе де, бірізділік те қалмайды. Егер бұл жүйелік қателіктер бүгін түзетілмесе, ертең Қазақстан геральдикалық тұрғыдан біртұтас кеңістік емес, өзара байланысы жоқ, мағынасы үйлеспейтін, құқықтық мәртебесі күмәнді белгілердің бытыраңқы жиынтығына айналады. Бұл тек эстетикалық проблема емес. Бұл – мемлекеттік деңгейдегі мағыналық және институционалдық дағдарыс.

Осы барлық қайшылықтарды біріктіретін ортақ түйін біреу ғана: жүйелік ойлаудың толық жоқтығы. Құжатта ғылыми негіз жоқ, құқықтық дәлдік жоқ, терминологиялық тәртіп жоқ. Оның орнын рәсімдік құрылымдар мен бюрократиялық кезеңдер ғана басқан. Сондықтан бұл құжаттағы кемшіліктерді «олқылық» деп атау – шынайы жағдайды жұмсарту ғана. Нақтысында бұл – құқықтық ауытқулардың, терминологиялық бұрмалаулардың және ғылыми негізден түбегейлі ажыраудың жүйеленген көрінісі. Жекелеген қателіктер туралы сөз болып отырған жоқ. Сөз тұтас концепцияның дағдарысы туралы болып отыр.

Айдын Рысбекұлы, геральдист

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3138
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2223