Ролан Барт. Әдебиет және метатіл
Логика бізді объект-тіл мен метатілді өнімді түрде ажыратуға үйретеді. Объект-тіл – логикалық зерттеудің тікелей пәні болса, ал метатіл – осы зерттеу жүргізілетін, амалсыз қолданылатын жасанды тіл. Логикалық ойлаудың мәні де нақ осында жатыр: мен шынайы тілдің (объект-тілдің) қатынастары мен құрылымын таңбалар тілінде (метатілде) тұжырымдай аламын.
Біздің жазушыларымыз ғасырлар бойы әдебиетті (бұл сөздің өзі жақында ғана пайда болды) кез келген басқа тіл сияқты осындай логикалық жіктеуге жататын ерекше тіл ретінде қарастыруға болады деп ойламаған да еді. Әдебиет ешқашан өз-өзі туралы ойланған емес (кейде ол өз формалары туралы толғанғанымен, өз мәні туралы басые еш қатырмады), өзін бақылаушы және бақыланушы деп бөлмеді; қысқасы, ол сөйледі, бірақ өзі туралы жақ ашпады.
Алайда кейінірек – шамасы, буржуазиялық тоқмейілсудің іргесі шайқала бастаған сәттен бастап – әдебиет өз бойындағы екіұдайлықты сезіне бастады, өзінен бір мезетте пәнді де, сол пәнге бағытталған көзқарасты да, сөзді де және сол сөз туралы сөзді де, яғни объект-әдебиет пен метаәдебиетті көре білді. Бұл даму процесі, жалпы алғанда, мынадай кезеңдерден өтті: Бірінші кезең: Алдымен әдеби шебердің кәсіби өзіндік санасы қалыптасып, ол ауыр тиетін ұқыптылыққа, қол жетпес кемелдікке ұмтылған азапты талпынысқа ұласты (Флобер). Екінші кезең: Кейіннен әдебиет пен әдебиет туралы ойды жазудың біртұтас субстанциясына біріктірудің ерлікке толы әрекеті жасалды (Малларме). Үшінші кезең: Одан кейін әдебиеттің тавтологиялығын (өз-өзін қайталауын, таптауырындылығын) жою үміті туындады; бұл ретте әдебиеттің өзін «ертеңге» шексіз ысыра отырып, жазудың әлі алда екеніне қайта-қайта сендіру және әдебиеттің өзін дәл осы сендірулерден құрау әдісі қолданылды (Пруст). Төртінші кезең: Одан әрі әдебиеттің «мамыражай ар-ожданының» өзі сотқа тартылды: объект-сөзге саналы әрі жүйелі түрде сан алуан мағыналар телініп, олар шексіздікке дейін көбейтілді және бірде-бір тұрақты белгіленушіге біржола тоқтамау үрдісі белең алды (сюрреализм). Бесінші кезең: Ақырында, керісінше, әдеби тілді таза «осында-болуға» (être-là), өзіндік бір «ақ» (бірақ ешқандай да күнәсіз емес) жазуға айналдыру үшін мағыналық вакуум (бостық) жасауға әрекеттенді – мұнда мен Роб-Грийе шығармашылығын айтып отырмын.
Осы талпыныстардың арқасында біздің ғасырымыз (соңғы жүз жыл) әдебиеттің не екені туралы толғаныстар ғасыры деп аталуы мүмкін (Сартр бұл сұраққа сырттай жауап берді, оның әдеби ұстанымының екіұдайлығы да осыдан туындайды). Мұндай ізденістер сырттан емес, әдебиеттің өз ішінен, дәлірек айтсақ, оның нақ шекарасынан, яғни объект-тіл ретінде ыдырап, тек метатіл сапасында ғана сақталып, нөлге ұмтылатын аймағынан бой көрсеткендіктен және метатілді іздеудің өзі соңғы сәтте жаңа объект-тілге айналып кететіндіктен, біздің әдебиетіміздің ажалмен қауіпті ойын ойнап жатқанына, өз өлімін бастан кешіріп жатқандай күйде тұрғанына жүз жыл болғаны анықталады. Ол өз-өзін таныған сәтте өлетін, ал өз мәнін іздеумен өмір сүретін Расин трагедиясының кейіпкеріне («Ифигениядағы» Эрифилаға) ұқсайды.
Негізінде, оның трагедиялық сипаты да осымен айқындалады: қазіргі таңда тарихи тығырыққа тірелген біздің қоғамымыз әдебиетке тек эдиптік сипаттағы «Мен кіммін?» деген сұрақты ғана қалдырып, оған «Не істеу керек?» деген шынайы диалектикалық сұрақты қоюға тыйым салады. Әдебиетіміздің ақиқаты – іс-әрекет аясында емес, бірақ ол бұдан былай табиғат аясына да жатпайды: бұл – өзіне саусағымен нұсқап тұрған бетперде.
1959 жыл, «Phantomas» журналы.
Аудармада қолданылған қолданылған терминдер мен ұғымдарға түсініктеме
Бұл түсініктеме мәтіндегі философиялық, семиотикалық және әдебиеттанулық күрделі ұғымдардың мағынасын ашуға бағытталған.
Объект-тіл (Язык-объект) – зерттеудің немесе сипаттаудың тікелей нысаны ретінде алынған бастапқы тіл (мысалы, көркем шығарманың өз тілі).
Метатіл (Метаязык) – басқа бір тілдің (объект-тілдің) құрылымы мен заңдылықтарын сипаттауға, талдауға арналған екінші деңгейдегі арнайы тіл (мысалы, әдебиеттану немесе логика тілі).
Метаәдебиет / Металитература (Металитература) – әдебиеттің өз табиғаты, жазылу процесі, құрылымы мен мәні туралы өз ішінен рефлексия жасауы; «әдебиет туралы әдебиет».
Субстанция – құбылыстардың негізінде жатқан тұрақты, өзгермес мән, негізгі мәтер (мұнда: жазудың тікелей өмір сүру негізі мен мазмұны).
Тавтологиялық / Тавтологиялық сипат – бір нәрсенің өз-өзін қайталап, жаңа мағына тудырмайтын біркелкілік күйі; тұйық шеңберде қалу.
Белгіленуші (таңбалаушы//Означаемое) – семиотикадағы тілдік таңбаның мағыналық жағы, оның санадағы концептісі, бейнесі немесе мазмұны.
Осында-болу (Être-là) – экзистенциалдық философиядағы заттың немесе құбылыстың ешқандай қосымша мағынасыз немесе символикалық жүктемесіз, тек физикалық тұрғыда «бар болу» фактісі.
Диалектикалық – құбылыстарды олардың дамуы, ішкі қайшылықтары мен динамикалық өзара байланысы тұрғысынан қарастыратын танымдық әдіс.
Материалды дайындап ұсынған – Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz