Қазір бізді «қабір қазушылар мәдениеті» қоршап тұрғандай...
«Халықтарды біріктіре алатын бір ғана ұлы күш бар: мәдениет, мәдениет және тағы да мәдениет».– Хұсейн Жавид
Біз бұрын-соңды болмаған технологиялық мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Ата-бабаларымыз қиялдай алмаған білім мен ақпарат бүгінде алақанымыздағы ұялы телефонға сыйып тұр. Алайда адамзат осы шексіз мүмкіндікті көбіне мағынасыздыққа айырбастап барады. XXI ғасырдың ең үлкен парадоксы да осында: құралдарымыз ғаламат дамығанымен, рухани әлеміміз сол қарқынмен жетіле қойған жоқ.
Уругвайдың бұрынғы президенті Хосе Мухика бір сөзінде адамзаттың қазіргі күйін дәл сипаттап: «Біз бір-бірімен найзамен емес, автоматпен шайқасатын гориллаларға айналып бара жатқан сияқтымыз», – деген еді. Бұл әлсіздік өнерге деген көзқарасымыздан да анық көрінеді. Ішкі рухани қуыс ерте ме, кеш пе, адамды өмір шындығының алдында дәрменсіз қалдырады.
1971 жылы түсірілген Джон Хьюстонның Fat City фильмінде осы рухани әлсіздік бокс жаттықтырушысының жас спортшы Эрниге айтқан бір ауыз сөзінде жинақталған: «Сенің ішің босап кеткен» (You’re soft in the middle). Бұл сөз тек бір адамның емес, бүгінгі өркениеттің де бейнесіндей естіледі.
Егер біз жаһандық сын-қатерлердің алдында «іші бос» қоғамға айналғымыз келмесе, мәдениет пен өркениеттер арасындағы сұхбат ең қуатты қорғанымыз болып қала береді. Қырғыз халқының ұлы жазушысы, Испанияда да ерекше құрметке ие Шыңғыс Айтматов өнердің басты міндеті туралы қайта-қайта айтып кеткен еді: өнер адамның ар-ұжданын оятуға, батылдығы мен адамгершілігін күшейтуге, оның алдына тұтас әлемді ашуға тиіс; адам өзінің адам екенін ұмытпауы керек.
Алайда бұл асқақ мұраттар көбіне мекемелердің табалдырығынан аттаған сәтте-ақ көмескіленеді. Идеализмнің орнын құрғақ есеп пен рәсім басады. Мұны академиялық ортадан анық көруге болады: ғылыми мақалалар шынайы таным үшін емес, түйіндемені қалыңдату мен ұпай жинау үшін жаппай жарияланып жатады.
Неліктен қоғам терең ой мен тың жаңалық ұсынатын бір ғана еңбектің орнына жүздеген ортақол мәтінді артық көреді? Неліктен біз жеңісті нокаутпен емес, ұпай санымен ғана өлшеуге үйреніп барамыз?
Поляк ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Вислава Шимборска осы рухани бюрократияны ащы әжуаға айналдырып: «Бір нөлдің соңына тізілген нөлдерден гөрі, еркін жүрген нөлдерді жақсы көремін», – деп жазған болатын. Оның әйгілі «Түйіндеме жазу» өлеңінде қазіргі жүйенің адам өмірін қалай қағазға айналдыратыны суреттеледі. Кең жазиралар мекенжайға, көмескі естеліктер нақты даталарға айналады. Баға құндылықтан жоғары қойылады, лауазым мазмұннан маңыздырақ саналады. Тіпті түйіндемеге құлақ анық көрінетін сурет талап етіледі. Өйткені қоғамды адамның не еститіні емес, құлағының көрінуі ғана қызықтырады. Ал ол құлақ не естиді? Қағаз турайтын машиналардың тарсылын…
Мазмұнның сыртқы көрініске жеңілуі әлеуметтік желілер тудырған қазіргі бұқаралық құбылыстардан да байқалады. Мәселен, Испанияда соңғы жылдары Федор Достоевскийдің «Ақ түндер» повесіне деген қызығушылық күрт артты. Бұған негізінен әлеуметтік желідегі BookTok толқыны себеп болды. Мыңдаған жас кітапты сатып алып, оқып шықты. Бірақ жылдам тұтыну мәдениетінің арасында жазушының шынайы болмысы көбіне назардан тыс қалып қояды.
Ал Достоевский әдебиеттің басты міндетін адамгершілік тәрбиесі мен мейірімге қызмет ету деп түсінген қаламгер еді. Ол тұтас бір дәуірдің эстетикалық мәдениетіне жаңа ұғым енгізіп, XIX және XX ғасырлардағы әлем әдебиетінің бағытын өзгерткен тұлға болатын. Бүгінгі таңда бізді «қабір қазушылар мәдениеті» қоршап тұрғандай көрінеді. Яғни суреткердің қадірін ол өмірден өткен соң ғана түсіну әдетке айналған. Мысалы, бүгінде Клинт Иствудтың жаңа туындылары немесе оның кино өнеріндегі орны туралы мақалаларды сирек кездестіресіз. Бірақ ол дүние салған күні газеттердің беті мадаққа толатыны анық. Тіпті сол мақалалардың біразы редакция тартпаларында әлдеқашан дайын тұрған шығар; тек қайтыс болған күнін ғана енгізу қажет.
Біз ұлы тұлғаларды көбіне мерейтойларда немесе еске алу күндерінде ғана еске аламыз. Сөйтіп, жадының өзін сұр бюрократиялық рәсімге айналдырып жібереміз. Одан да сорақысы – өнерді сезінудің орнына оны көрсетуге тырысамыз. Кейде кафе үстеліндегі газет секілді: адам оны оқу үшін емес, өзін мәдениетті етіп көрсету үшін ғана жайып қояды. Осындай жағдайда мәдениет бізді «не істеп жатырмыз?» деген сұрақтан бұрын «оны қалай істеп жатырмыз?» деген сауалға жетелейді.
Университеттердің, кітаптардың, фильмдердің, картиналардың, музейлердің мәні неде, егер біз олардың ішкі мағынасын жоғалтып алсақ? Шынайы білім – диплом немесе атақ емес. Ол – болмысты терең сезіну қабілеті. Орыс жазушысы Николай Гоголь бір кездері мақтанышпен: «Өнерде менің жолым дұрыс», – деп жазған еді.
Бұл сөз шығармашылық еркіндіктің манифесіндей естіледі. Өнер әлемінде партиялық заңдар жоқ; онда тек жақсылық пен жамандық туралы адамзатқа ортақ түсінік қана бар. Ұлы әдебиет біздің жанарымызды жоғары көтеру үшін өмір сүреді. Уругвай жазушысы Эдуардо Галеано әңгімелеген оқиғадағы бала секілді. Ол теңізді алғаш көргенде үнсіз қалып, толқыған күйі әкесіне: «Маған қарауға көмектесші…» – дейді.
Өмірдің нағыз сабағы атаулардан емес, заттардың мәніне үңілуден басталады. Физик Ричард Фейнман да әкесінің өзін құстың әр тілдегі атауын жаттауға емес, оның қалай өмір сүретінін бақылауға үйреткенін еске алады. Өйткені атаулар әр халықта әртүрлі болғанымен, құстың табиғаты өзгермейді.
Осы ой жапон режиссері Акира Куросаваның фильмдерінің бірінде де көрініс табады. Бір адам суретшіден: «Осындай жақсы сурет салуды қай мектептен үйрендіңіз?» – деп сұрайды. Сонда суретші: «сурет салуды мектептен үйренуге болмайды. Махаббатты үйрену мүмкін болмағаны сияқты, – деп жауап береді.
Дәл осындай ескерту 1973 жылғы Emperor of the North фильмінде де айтылады. Теміржол кезбесі кейіпкері жас әрі үстірт ойлайтын серігіне қарап: «Сен керемет кезбе бола алар едің. Бірақ жүрегің жоқ. Бар да, өзіңе батылдық сатып ал!» дейді.
Бұл сөздер бүгінгі заманға да арналған үкім іспетті. Өйткені мәдениет бізге тек қана ақпарат бермейді, ең алдымен жүрек береді. Ал жүрексіз білімнің де, технологияның да, өркениеттің де болашағы жоқ.
Тинка Гарденги
Испаниядағы University of Valencia жанындағы заманауи тарих мамандығы бойынша PhD докторанты
Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz