Сейсенбі, 29 Қыркүйек 2026
Ақмылтық 456 0 пікір 28 Қыркүйек, 2026 сағат 12:37

Қазақстанның өз әскери доктринасы болуы тиіс!

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Әуелі ақпараттан бастайық: Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді. Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды!

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының жұмысын түбегейлі трансформациялау мәселесіне тоқталды.

– Жақында Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратымен өткен жиында әскери салада атқарылатын басым міндеттерді айқындадым. Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау, – деді Мемлекет басшысы.

Президент армияда цифрлық трансформация жүргізуді, мүмкіндігінше адамды технологиямен алмастыруды тапсырды.

– Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес, – деді Президент.

Қазақстан – өзінің әскери қуатын енді арттырып келе жатқан ел!

Каспий теңізіндегі әскери жаттығулар кезінде он төрт сарбаздың суға кетіп, соңы бүкілхалықтық қаралы күн жариялауға алып келген оқиғадан кейін ҚР Қорғаныс министрі қызметін атқарған Дәурен Қосановтың өз қызметінде қала беруі заңдық және моральдік тұрғыда мүмкін емес еді. Ашулы халық әскери басшылардың салғырттығынан орын алған қайғылы оқиғаны кешірмеді кінәлілерді қатаң жазаға тартуды, сонымен бірге, әскери салада түбегейлі реформалар жүргізуді талап етті. Күткендей, Қазақстанның Қорғаныс министрі ауысты. Бұл орынға Айдос Мырзахметов тағайындалды.

​Қоғамдағы орасан зор наразылыққа мемлекеттің назар аударып, оған тиісті реакция білдіруі өте маңызды – министр орнынан кетті. Алайда мәселе тек министрдің отставкасында емес. Бұдан әлдеқайда күрделі мәселемен ұштасып жатыр. Ол — Қазақстан армиясын басқару жүйесіне, ең алдымен, кадрлар мен әскери білімге деген көзқарас.

Мысалы, бұрынғы министрдің әскери білімі Ресейде қалыптасқанын көреміз: Армавир жоғары әскери авиация училищесі, Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясы және Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясы. Мәселе осында сияқты, себебі, бүгінде Ресей армиясының сарбаз өміріне деген көзқарасын Украинадағы төрт жылға созылған соғыс барысында әлем көріп отыр. Жеке жауынгердің өмірін адам өмірінің құндылығы тұрғысынан бағаламайтын, сарбазды жүйенің жай ғана ресурсы ретінде қабылдайтын көзқарастың қаншалықты қауіпті екені анық байқалды. Мұндай тәсіл қай жағынан алсақ та – өткен ғасырдағы әскери доктрина екені белгілі.

Қазақстан – өзінің әскери қуатын енді арттырып келе жатқан ел. Сондықтан, біздің армиямызда мұндай ескірген әскери доктрина қалыбында қала беруге болмайды. Өйткені, қазіргі заманғы армияға тек қару-жарақ немесе әскери тәртіп жеткіліксіз. Оған ең алдымен адамды, оның өмірін, қабілетін және кәсіби әлеуетін бағалайтын жаңа басқару мәдениеті қажет.

Осы жағынан қарасақ, біздегі әскери кадрлық саясатта олқы жағдайлар жеткілікті. Мысалы, Қазақстаннан әлемдегі ең беделді әскери оқу орындарының бірі саналатын Вест-Пойнтты баржоғы сегіз адам ғана бітірген. Олардың арасында екі қыз бар. Екеуі де бизнесте табысты мансап жасады. Неге олар армияда емес, бизнесте жүр?

Себебі Қазақстанда олардың алған білімі мен тәжірибесі өз деңгейінде қажет болмады. Олар Вест-Пойнтты бітіріп, Қазақстанға келгенде, Қорғаныс министрлігінде қызмет табылмаған.

Қазақстан өз әскерін НАТО үлгісіне көшіруге біртіндеп аяқ басып келеді. Бірақ, әскер түптамырымен ресейлік әскери жүйенің көшірмесі болып қалуда: бізде де Ресейдегідей «дедовщина» (әлімжеттік) бар, біздің қаружарақтарымыз түгелдей дерлік Ресейден алынған, әскерді басқару тәсілдері де, тәртіп те соған жақын.

Қазіргі озық үлгідегі армиялар бұрынғы басқару тәртібінен бас тартып, өзге тәртіппен әрекет етуде. Жаңа тәртіп бойынша, жоғарыдан қатып қалған бұйрық емес, сарбаздармен қоянқолтық шайқасып жатқан әрбір дала командиріне жағдайға байланысты жалпыстратегиядан ауыспай, тактикалық шешім шығаруына рұқсат етілген. Тіптен, ол жағдайға қарай сарбаздарының өмірін мейлінше қорғау үшін сондай нақты әрі дәл шешім қабылдауға міндетті.

Мысалы, Біздің Бауыржан Момышұлы атамыз соғыста бес рет қоршауда қалып, әскери уставқа қарамай, ешкімнен нұсқау күтпей, өзі оңтайлы шешім қабылдап, қоршаудан батальонын шығынсыз алып шыққан нағыз ақылды парасатты командир болған ғой неге одан үлгі алмасқа!

​Қазақстанда Түркияның Gendarmerie and Coast Guard Academy-сін, Германияның Bundeswehr Command and Staff College-ін бітірген офицерлер де бар. Олар — кәсіби әскери мамандар және қазір армия қатарында қызмет етіп жүр. Демек, Қазақстанда жаңа буынға, жаңа әскери білімге және заманауи басқару тәжірибесіне ие кадрлар бар. Басты мәселе — сол әскерилерге мүмкіндік беру. Сондықтан бүгінгі таңда біздің армияға ең алдымен екі нәрсе қажет деп ойлаймын: жаппай цифрландыру және жаңа кадрлық серпін.

Мәселе тек министрдің ауысуында емес. Мәселе — сарбаздың өмірі мен қауіпсіздігін ең жоғары құндылық ретінде қабылдайтын, кәсібилікке сүйенетін, технологиялық тұрғыдан заманауи және жауапкершілігі жоғары армия құруда. Соңғы бес жылда 270 сарбаздың қаза болуы туралы айтылатын көрсеткіштің өзі бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайдан кейін армияны бұрынғы тәртіппен басқаруды жалғастыруға болмайды. Бізге жай ғана жаңа министр емес, жаңа әскери басқару мәдениеті, «қазақстандық әскери доктрина» қажет.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1567
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3182
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1175
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1089