Дүйсенбі, 15 Маусым 2026
Абай.tv 2532 0 пікір 13 Маусым, 2026 сағат 14:53

«Тұрсын Жұртбай кім еді?» деп жүрмеңіздер...

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

«Тұрсын Жұртбай кім еді?» деп жүрмеңіздер. Ондай да болған. Естеріңізде болса, бір кездері қазақ ғылымының қайсар тұлғасы, осы Тұрсын ағаның ұстазы Қайым Мұхамедхановтың есімі экс-президент тарапынан жекіп айтылып, жақтырмауынан Астанадан бір көше бұйырмай қала жаздап еді-ау! Уақыт өте келе оның ұлылығы мен ұлт алдындағы еңбегі бәрібір мойындалды. Сол сияқты ертеңгі күні «Тұрсын Жұртбай кім еді?» деп сұрап жүрмесін деген ниетпен осы ой-толғамдарды ұсынып отырмыз. Қадіріне жетіп, бағасын келешек емес, бүгін бере алсақ қана ұтылмаймыз. Мархабат!

Қоңыр даланың жыршысы

Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық жолы асыл өлеңмен және көркем сөзбен басталған. Оның көркем ойларының өзегі – қазақтың қоңыр даласы. Ұлы Әуезов бедерлегендей, «Туған жерім Бөрілі, мұңлы, қоңыр» Т. Жұртбайдың кіндік кескен қасиетті өлкесінен тыс емес еді. «Бір уыс жусан», «Түйешінің қызы», «Қар астындағы көбелек» туындыларында адам мен табиғаттың үндестігі, туған жерге деген сағыныш, ұлттық мінез ерекше шынайылықпен суреттеледі. Оның кейіпкерлері қарапайым болғанымен, рухани әлемі бай, ойы терең жандар ретінде көрінеді.

Ерте оянған азамат

Тұрсын аға Алаш идеясын қаршадайынан жүрегіне сіңіріп өскен оқушы болыпты. Әкесі Жұртбай баласы Құдакелді жігіт жасында-ақ Садық Аманжоловтан хат алып, соны Ахмет Байтұрсынұлына жеткізіп берген дала серісі еді. Екіншіден, Абай мен Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті Шыңғыстау өңірінде өскен Тұрсын аға мектеп қабырғасында «Абай шыңы – Мұхтар шыңы» атты шығарма жазып, әдебиетке ерте ден қойды. Сондықтан оның бүкіл шығармашылығының өзегінде ұлттың тарихи жадын жаңғырту, Абай мен Алаш аманатын ұрпақ санасына сіңіру мұраты жатыр.

Арналы абайтанушы

Қаламгер қайраткердің шығармашылық өміріндегі ең ірі бағыттардың бірі – абайтану. «Құнанбай», «Абай», «Күйесің, жүрек... сүйесің!..» еңбектерінде, Биылғы Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатқан «Толық адам» екі томдық кітабы Абай тұлғасын тарихи, философиялық және рухани тұрғыдан жаңаша пайымдады. Ол ақынның дүниетанымын саяси, экономикалық, діни көзқарастарын, шығыс, батыс және түркі өркениеттерімен сабақтастыра қарастырды. Нәтижесінде абайтану ғылымының мазмұнын жаңа деректер мен тың көзқарастармен байытты.

Әуезов әлемінің шежірешісі

Тұрсын Жұртбай – Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге ғұмырын арнаған санаулы ғалымдардың бірі, бүгінде бірегейі. «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ұмытпа!..», «Бейуақ», «Талқы» еңбектерінде ұлы жазушының шығармашылық зертханасын, өмір жолын және тарихи ортасын тың деректер негізінде саралап берді. Ол ғылыми айналымға бұрын белгісіз болып келген көптеген архив құжаттарын енгізді. Сөйтіп әуезовтану ғылымының жаңа белесін қалыптастырды.

Алаш ақиқатының ақтаңгері

Профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық зерттеуін бөлек атауға керек. Өзі түрме әфсаналары деп атаған өзгеше туынды ұлттық руханияттағы айтулы оқиға болды. Бұл еңбекте Алаш қайраткерлерінің (нақты саны 71 тұлға) тергеу істері мен архив құжаттары негізінде советтік жазалау саясатының шынайы келбеті ашылды. Зұлым тоталитарлық жүйенің ұлтқа қарсы жүргізген саясатын нақты деректер арқылы дәлелдеді.

Көне заманның білгірі

Кезінде Жәнібек досының алқауымен Сұңқар ұлын алдына алып, соған әңгімелеп берем деп дүниелері бір кітапқа жүк болып, оны «Дулыға» атапты. Есте жоқ ескі замандағы бабаларымыздан тартып Байбарысқа дейінгі тарихты түгендеп жазды. Оқыған адам үлкен бір экраннан көркем фильм көргендей немесе бір кең полотнолы суретті тамашалағандай әсерге бөленеді. Сақ-скиф арасынан шығып, эллада елінде өскен Анақарыстың айтатын бір сөзі әлі есімде: «– Мына ғажапты қараңыз: Элладада билер келесіне жайсаңдар мен жампоздар түседі де, төрелігін қайдағы бір тоғышарлар айтады екен, – депті».

Әдеби сынның сардары

Тұрсын Жұртбай қазақ әдеби сынының дамуына да елеулі еңбек сіңірді. Оның сын мақалалары мен әдеби эсселерінде тарихи шындық, көркемдік шешім, авторлық ұстаным сияқты күрделі мәселелер терең талданады. Қазақ әдебиетінің ұлы жазушыларынан бастап замандас, қатарлас достарына дейінгі тұтас бірнеше буынның шығармашылық өмірі мен шеберліктері хақындағы сыни эсселер жазды. Онысы «Жансусар» деген атпен екі том болып жарық көрді. Шетел жазушыларының шығармашылық лабораториясы туралы еңбегі «Бейнет сусыны» деп аталады. Сыншы әдеби шығармаға тек эстетикалық тұрғыдан емес, кең тарапта рухани-тарихи құбылыс ретіндегі көркемдік жүйе деп қарады. Сол себепті оның сыни еңбектері бүгінгі әдебиеттану үшін де маңызды ғылыми мұра болып саналады.

Деректі прозаның дарабозы

Деректі прозаны көркем әдебиеттен төмен қойып, оны тек дерек тізбегі ретінде қабылдайтын көзқарас әлі де кездеседі. Соның салдарынан әйгілі документалист марқұм Медеу Сәрсеке атамыз тиісті сыйлығын ала алмай кетті... Тұрсын Жұртбайдың «Кетбұқа», «Құнанбай», «Қалибек Қуанышбаев» сияқты ғұмырнамалық туындылары мұндай түсініктің үстірт екенін дәлелдейді. Бұл шығармаларда тарихи тұлғаның өмір жолы құрғақ баяндалмайды, керісінше, заман шындығы, адам тағдыры, ұлттық рух пен тарихи сана көркемдік таным арқылы терең ашылады.

Ұлттық мұраны ұлықтаушы

Қайраткердің бастамасымен «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрылып, ұлттық жазба мұраларды сақтау мен зерттеудің ірі орталығына айналды. Бұл оның елу және жетпіс бес жылдық ғұмырын алған кезең болды. Оның жетекшілігімен 35 мыңға тарта сирек қолжазба мен кітаптар жинақталып, ғылыми айналымға енгізілді. Көне түркі жазба ескерткіштері мен тарихи деректерді жариялау ісіне де белсенді атсалысты. Бір кездері ұлттық руханияттың қара шаңырағы болуға тиіс, Үкімет қаулысымен құрылған іргелі ғылыми орталық дербес құрылым ретінде жұмыс істеп, жүздеген ғалым қызмет етуі керек еді. Алайда суық қолдардың кесірінен («Бес қатынның хикаясы») қаржысы аударылмай, кең сарайдай ғимараттан айырылып, штаты қысқарып, ақыры қуықтай бір бөлмеге қамалды. Бұл енді басқа әңгіменің ауаны... «Отырар кітапханасының» бодауына кеткен жылдар қайраткер өмірінің өкініш пен күрсініске толы ауыр кезеңі болатын.

Қазақ руханиятының қайраткері

Осының бәрін түйіндей айтқанда, Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай – жазушы, ғалым, ұстаз және қоғам қайраткері ретінде ұлттық руханияттың дамуына ерекше еңбек сіңірген тұлға. Оның өмірі мен педагогикалық, көркем-ғылыми шығармашылық, қоғамдық қызметтерін тоғыз толғам емес, тоқсан тоғыз толғауға ұластырсақ та тауыса алмаспыз. Автордың қаламынан туған 60-тан астам кітап, 1000-нан астам мақала, 16 монография және өзге де қыруар еңбектер қазақ халқының тарихи санасын, рухани тәуелсіздігін нығайтуға қызмет етсе, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, ұлттық әдебиет пен ғылымның жаңа буынының қалыптасуына ықпал етті. Ал ұлттың территориялық тұтастығы мен қауіпсіздігіне сына қағылып, ел тағдыры таразыға түскен сындарлы кезеңдердегі азаматтық ұстанымы мен қайраткерлік әрекеттерін түгел тарқатсақ, сөз тым ұзап кетер еді. Сондықтан осы тұстан тізгінді тартып, тоқтайық. Түсінетін жанға айтылған ойлардың өзі жеткілікті.

Осыншама ауқымды еңбекті бір ғана адамның жалғыз атқаруының өзі – таңғаларлық құбылыс. Бір өзі – мектеп, бір өзі – институт, бір өзі – академия іспетті Тұрсын Жұртбайдың алпыс жылға жуық руханиятқа сіңірген еңбегі лайықты бағалануға тиіс. Халық әлдеқашан мойындаған жазушы-ғалымға мемлекет тарапынан тиісті марапаттардың берілуі – әділеттің көрінісі әрі ұлттық құндылыққа көрсетілген құрмет болар еді.

Заңғар Кәрімхан, 

әдебиет тарихшысы, сыншы, алаштанушы

Abai.kz

0 пікір