Сейсенбі, 21 Шілде 2026
Жаңалықтар 238 0 пікір 21 Шілде, 2026 сағат 14:25

Жетісудағы Алакөлде су көліктерін пайдалану тәртібін бұзғандарға қатаң шара қолданылуда

Фотосуреттерді Жетісу облыстық ТЖД және ДП ұсынды.

Жетісудағы Алакөл жағалауында жазғы маусым басталғаны бері шағын көлемді кемелерді пайдалану ережесі талаптарын бұзған азаматтарға қатысты 109 әкімшілік жаза қолданылды. Бұл қабылданған шаралар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

-  Биылғы жылдың 15 мамырынан бері ТЖД қызметкерлері басқа да жауапты органдармен бірлесіп 90 күндізгі және 62 түнгі рейд ұйымдастырылды. Су көліктерін тексеру өкілеттігі берілген сәттен бастап шағын кемелерді пайдалану талаптарын бұзу фактісі қатысты 109 хаттама толтырылып, 1 млн 654 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Атап айтқанда, кеменің борт нөмірлерінің болмауы, белгіленген шамадан тыс артық жолаушы алып жүру, өзінің құжаты жоқ немесе кеме билеті жоқ болған жағдайлар, навигациялық белгілер талаптарын сақтамау, құтқару жилетінің болмауы сияқты заңбұзушылықтарға шара қолданылды. Шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік талаптарын бұзған тұлғаларға заңнамаға сәйкес қатаң әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады, - деді Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері тарапынан жағалауда жүргізілген құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатындағы рейдтік шаралары барысында 1755 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды, 3,5 мың теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды. Соның ішінде ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, абаттандыру қағидаларын бұзу, жолда жүру ережелерін бұзу фактілері бар.

Бұл ретте Алакөл көлінде демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалау аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Бұл жұмыстарға 14 құтқарушы, 11 моторлы қайық жұмылдырылған. Оған қоса қосымша облыстық ТЖД мамандары алдын алу шараларына тұрақты түрде тартылуда. Сонымен қатар биылғы шомылу маусымында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 50 полиция қызметкері, 16 қызметтік автокөлік және 5 ұшқышсыз дрон тартылған. Сондай-ақ, су көліктеріне арналған айып тұрағы бар.

Сонымен қатар жағалау бойында 40 құтқару мұнарасы орнатылып, 13 шақырымға буй сызықтары тартылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полияның Жедел басқару жүйесіне қосылған 39 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.

Еске салсақ, өткен жылы Алакөлдегі шағын жүзу құралдарының қозғалысын реттеу мақсатында Жетісу облысында ортақ су пайдалану және су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бекітілді. Аталған қағидаларда су айдындарындағы қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді, оларды сақтамағаны үшін жауапкершілік белгіленді.

Жүргізіліп жатқан профилактикалық және бақылау-қадағалау жұмыстары азаматтардың су айдындарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ шомылу маусымы кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендетуге бағытталған.

Abai.kz

0 пікір