Мектептерде тәлімгерлікті ұйымдастыру - маңызды іс!
Қазіргі білім беру жүйесінде жас мамандардың кәсіби бейімделуі мен педагогикалық шеберлігін дамыту – мектеп жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыда тәлімгерлік жүйесін тиімді ұйымдастыру педагог кадрлардың сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.
Мен, Темірханова Әлия Темірханқызы – Қонаев қаласындағы №2 орта мектеп КММ мұғалімімін. «Өрлеу» БАҰО» АҚ Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты ұйымдастырған «Қазіргі мектепте тәлімгерлікті ұйымдастыру» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсынан өтудемін. Бізге курс тренері Аблесенова Сайлыгүл Ғаппарқызы тәжірибелі маман ретінде тәлімгерліктің заманауи бағыттарын терең әрі жүйелі түрде түсіндіруде.
Қазіргі таңда мектептегі тәлімгерлік тек бақылау немесе кеңес беру қызметімен шектелмейді. Ол – жас маманның кәсіби дамуын қолдауға бағытталған жүйелі, мақсатты және серіктестік негіздегі үдеріс. Тәлімгер мен жас маман арасындағы өзара әрекет сенімге, ашық қарым-қатынасқа және үздіксіз кері байланысқа негізделуі тиіс.
Курс барысында тәлімгерліктің бірнеше тиімді модельдері қарастырылған. Атап айтқанда: классикалық, серіктестік және топтық тәлімгерлік. Әсіресе, серіктестік модель жас маманның өз бетінше шешім қабылдау қабілетін дамытып, кәсіби сенімділігін арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Ал топтық тәлімгерлік – тәжірибе алмасу мен ұжымдық кәсіби дамуға жол ашады.
Тәлімгерлікті тиімді ұйымдастыруда келесі қағидалар маңызды:
*жүйелілік және жоспарлылық;
*жас маманның жеке қажеттіліктерін ескеру;
*әдістемелік және психологиялық қолдау көрсету;
*үздіксіз кері байланыс пен рефлексия.
Сонымен қатар, тәлімгерлік үдеріс тек сабаққа қатысумен шектелмей, сабақ жоспарын бірлесіп талдау, коучинг өткізу, әдістемелік көмек көрсету сияқты кешенді жұмыстарды қамтуы қажет.
Қорытындылай келе, қазіргі мектептегі тәлімгерлік – жас педагогтың кәсіби қалыптасуы мен дамуына ықпал ететін маңызды жүйе. Дұрыс ұйымдастырылған тәлімгерлік білім беру сапасын арттырып қана қоймай, педагогикалық ұжымның кәсіби мәдениетін де жетілдіреді.
Темірханова Әлия Темірханқызы,
Қонаев қаласы, №2 орта мектеп КММ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Abai.kz