Дүйсенбі, 29 Маусым 2026
Әдебиет 122 0 пікір 29 Маусым, 2026 сағат 16:34

Мо Яньның табысқа жетуінің құпиясы

Суреттер википедиядан алынды

(Лю Зайфу Қытайдың әйгілі әдебиет білгірі. Оның өткен ғасырдың 80-жылдарында жариялаған "Әдебеттің субъектиптілігі", "Адам характерінің алуан қырлылығы" еңбектері қытай қоғамында зор аңыс қозғаған. Мо Янь оған "ұстазым" деп үлкен құрмет білдірген).

2005 жылы Гонконг Университеті Мо Яньға «құрметті доктор» атағын берді. Жеті жылдан кейін Мо Ян әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. Уақыт біздің университеттің көрегендігін көп өтпей-ақ дәлелдеді. Мо Янның университетімізге қайта келуіне дәл осы талғампаз көзқарас пен сенім себеп болды. Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы сияқты беделді жүлдені алу өте қиын. Бүкіл әлем екі нәрсені мұқият бақылап отыр: біріншісі ол шығармашылықты жалғастыра ала ма, екіншісі рухани әлемі қай деңгейде деген сұрақ. Мо Янның біздің университетке сапары оның берік адалдығы мен жоғары адамгершілік қасиетін көрсетеді.

Екі жыл бұрын Швеция академиясы Мо Янға әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын берді. Бұл уақтылы көмек емес, керісінше қосымша бонус болды. Мо Ян бұрын да керемет жазушы еді. Ол табиғи талант әрі сенім туын биік көтеруші болатын. Дегенмен, оның марапаты қытай әдебиетіне үлкен даңқ әкелді әрі бізді ойлануға итермеледі: Мо Ян неге соншалықты табысқа жетті? Оның табысқа жетуінің құпиясы неде? Бүгін мен осы мүмкіндікті пайдаланып, университетіміздің мерейтойлық салтанаты сахнасында Мо Янның табысқа жету құпиясының үш түрлі екенін айтқым келеді: біріншіден, жер ананың берген нәрі; екіншіден, тәңірлік рух пен магиялық жазу тәсілін шебер үйлестірген «тәңірлік-магиялық жазу стилы»; үшіншіден, киттің рухы, яғни киттей ақыл-ойының кеңдігі және киттей батылдығы.

Біріншіден, көптеген ұлы жазушылар туа біткен талант пен кітап оқу арқылы табысқа жетеді. Мо Янь өзінің табиғи таланты мен кітаптардың нәріне де сүйенеді, бірақ ол жердің күтімімен толысты. Жердің табиғи сұлулығы мен рухани энергиясы оның қиялын байытты. Ең бастысы, оның әкелген ерекше азабы Мо Янды ерте есейтіп, терең әрі құштарлыққа толы ар-ұждан берді. Мо Янь бала кезінен бастап аштық пен қиындыққа төтеп берді, қарапайым адамдардың бейнеті мен төменгі таптардың дәрменсіздігін көріп өсті. Оның туған қаласы Шаньдундағы Гаоми солтүстік-шығыс қалашығында орын алған және бүкіл Қытайды шарпыған тәртіпсіздіктер, қытай халқының табанды күресі оған ұмытылмас естеліктер қалдырды және оған таусылмас рухани ресурстар берді. Жерананың перзенті ретінде ол одан нәр алды, сол нәр оны жеңілмейтін етті. Мо Яньның әдеби шығармашылығының өзгелерден бәсі жоғары, себебі оның аштық пен тартқан азабы көпшіліктің басынан кешкендерінен әлде қайда асып түседі.

Мо Янның табысқа жетуінің екінші құпиясы оның «құдайлық және жындық үйлесімінен», оның шайтандық жазу стилінен басталады. Бір ғасыр бұрын Қытайдың ең ұлы жазушыларының бірі Лу Сюнь «Моро поэзиясының күші туралы» еңбегін жариялап: «Қытай әдебиетінде де Милтон, Байрон және Шелли сияқты дәстүрлі ережелерді, ескі үлгілерді, барлық догмаларды бұзуға батылдық танытатын таланттар шығуы керек» деді. Бір ғасырдан кейін Қытай ақыры Мо Янь есімді «Моро романшысын» дүниеге әкелді. Ол «Әдебиет-Құдайдың алтын тостағанына сару» деп мәлімдеген Байрон стиліндегі батыл тұлға болды. Мо Яньның революциялық және түс тақылеттес жазуы, сиқыршыдай үнемі өзгеріп отыратын стилі, ресми тарих пен орташа ережелерді бұзатын бас асаулығы – бұл Лу Сюнь мырза бір ғасыр бұрын армандаған «шайтани қаламгерлік» еді. Дәл осы ерекше жазу стиліне байланысты көптеген адамдар оны түсіне алмайды. Мо Янның шайтандық жазу стилі оның тек шығармашылық әдісі екенін баса айтуым керек. Бұл әдістің ішінде құдайлық жүрек – «үлкен мейірімділік» те жатыр.

Оның өзі «үлкен мейірімділіктің» нені білдіретінін салтанатты түрде түсіндірді. Үлкен мейірімділік тек «жақсы адамдарға» ғана емес, сонымен бірге «жаман адамдарға» да жанашырлық танытуды; тек «басқаларға» ғана емес, сонымен қатар өзіңе де аяушылықпен қарауды білдіреді. Оның пікірінше, «жақсы» немесе «жаман», «басқалар» немесе «өзің» болсын, бәрі аянышты. Басқаша айтқанда, әдебиет тек жақсылық пен жамандықты бағалаудың утилитарлық саласынан ғана емес, дұрыс пен бұрысты бағалаудың моральдық саласынан да асып түседі; ол шексіз мейірімділік пен жанашырлықтың биік деңгейінде болады. Мо Янның ойы Толстой мен Достоевскийдің ойымен толығымен үйлеседі. Бұл екі әдеби алып әдебиеттің жоғарыдағы сипатталған шыңына жетті. Сондықтан олар зайырлы мағынада «күнәкарлар» (жаман) деп аталатындарға ғана емес, сонымен қатар күнәнің артында жасырынған «тазалыққа» (жақсылыққа) да назар салды, осылайша «жанның тереңдігін» ашты (Лу Сюнь айтқандай).

Соңында, мен Мо Янның кит тәрізді ұлылығы туралы айтқым келеді. 1996 жылы мен Мо Янға осы ниетімді білдірдім, оның әдебиет мұхитында китке айналатынына үміттендім. Кит бейнесі Горькийдің Толстой туралы эссесінен алынған, онда Горький «Толстой мұхитта өмір сүрсе, сөзсіз кит болар еді» дейді. Бүгінде бізді ең қуантатын нәрсе – қытай иероглифтері мен әлем әдебиеті мұхитында шынымен де үлкен кит пайда болды. Дегенмен, оның аты Вермеердің «Моби-Дик» шығармасындағы Моби Дик емес, Мо Ян. Киттің ерекшелігі - оның көлемі; ол кең мұхитта үлкен толқындарын жұтып дем шығарады, осылайша әрқашан өмірдің ұлылығы мен сән-салтанатын көрсетеді. Мо Янның әдеби шығармашылығы оның жан-жақты ұлылығымен және шеберлікпен сипатталады. Кейбіреулер оны «тек баяндаушы» деп мазақ етеді, бірақ оның ұлы көзқарас, ұлы әдебиет және ұлы өнер туралы әңгімелер айтатынын білмейді. Гао Синцзянь (Нобель сыйлығының иегері) бірде маған «Мо Янның әңгімелері ұлы әңгіме – ұлы әңгімелеу өнері» деген еді. Мұхитта ең танымал екі ірі балық бар: киттер мен акулалар. Акулалар өткір тістері мен тырнақтарына сүйенеді; олар агрессивті және жойқын тіршілік иелері. Киттер, керісінше, жасампаз және өнімді. Тағы бір айырмашылығы, акулалар әрқашан топ болып үйірімен жүреді, ал киттер мұхиттарда өз денсаулығы мен күшіне сүйеніп, жалғыз кезеді. Мо Янь өзінің романдар сериясының алғысөзінде киттерді былай сипаттаған: «Киттер терең теңізде жалғыз жүзіп, қатты және ауыр тыныс алып, толқындардың арасында жұптасып, ағынды суда қан шығарып, акулалар тобынан жеткілікті қашықтықты сақтайды».

Мо Яньның шығармашылығы көкте самғаған пырақ сияқты, әрі теңізден секіріп өткен кит сияқты – кең тынысты, өнімді және жасампаздыққа, даралыққа ие. Ол әлемдік рухтың биігіне көтеріліп, әлемдік даналық мұхитының тереңіне енеді. Оны жарқын жетістіктерімен құттықтап, отбасына бақыт тілейміз!

2014-жыл, Ганконг

Лю Зайфу 

Abai.kz

0 пікір