Сенбі, 11 Шілде 2026
Алашорда 419 0 пікір 10 Шілде, 2026 сағат 15:18

Тағы да Жүргенов хақында бірер сөз...

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Бұмаланған дерек пен нақты архивтік шыңдық!

Кейде бір адамның өмірбаяндық дерегінің бұрмалануы тұтас тарихи шыңдықтың көмескіленуіне себеп болады. Осы мақалада белгілі бір мемлекет және қоғам қайраткері, тау тұлғаның туған жеріне қатысты қате мәлеметтерді нақты архивтік деректер негізінде саралап, нақты деректер арқылы оның шынайы туған жерін анықтап көрсетеміз. Бұл тарихи зерттеуіміз әділдікті қалпына келтіруге және құжатпен дәлелденген ақиқатты оқырман назарына ұсынуға бағытталған.

Басықарадан басталған ғұмыр

Жүргенов Темірбек Қараұлы 1898 жылы 1 қазанда қазіргі Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы территориясындағы (бұрын 1971 жылға дейін Ырғыз ауданы қарамағында болған) Басықара қопасы деген жерде туған. Өз анасы Жаңшы келбетті кісі болған. Бірақ Темірбектің екі жасында ауыр сырқаттан қайтыс болады. Әкесі Қара екінші рет Кәмпит деген кісімен отбасы құрып кішкентай екі жастағы баланы сол кісі бар мейірімен тәрбиелеп шығады. Темірбектің балалық шағы бақуатты ортада өтті. Қара Жүргенұлы пысық, ауқатты, ел ұстаған адам болған көрінеді. Жүргеннің бір ұрпағы, Темірбектің немере ағайыны Нұржан Жұдырықұлының бұл дерегі де айтылған пікірлердің, келтірлген мәліметтердің ақиқаттығын одан әрі бекітіп тұр. Оның баяндауынша, аталары жазда Басықара қопасы, Тышқанбай (қазіргі Аққұм ауылы) саласын, Жантай деген жерді жайлап, Қарақұмды қыстаған.

Қуаң Әленұлы 6 мыңдай жылқы, 40 мыңдай қой біткен аса дәулетті кісі болыпты.

Қуаңнан – Жүрген, Тұрған, Дәгір.

Жүргеннен – Жұдырық (шын есімі-Ақсақал.), Сырлыбай (Қара), Қазыбай, Дүйсенбай, Еңсебай.

Ақсақалдың бойы шағын болғасын, халық – Жұдырық атап кеткен. Сырлыбайды бір сыншы кісі «адамның ақ-қара бастысы екен. Мұның қорқытпайтыны болмас» дегенін естіп, халық «Қара» деп атап кеткен дейді. Қазіргі Жабасақ ауылдық округіне қарасты Шілікті жайлауын кейін жұрт «Басықара қопасы» деп атап кетіпті. Ертеде Кенжеқара болысына қараған.

Ал қыстауы Тышқанбай (қазіргі Аққұм ауылы) мен қазіргі Тұмабұлақ ауылдық округі  ортасында. Ол жерді жергілікті жұрт «Қараның қыстауы» деп атап кеткен. Қазір қыстаудың орындары жатыр.

Темірбектің тұлғалық қалыптасуы

Темірбек Жүргенов 1920 жылы КПСС мүшелігіне қабылданады. Орыс-қазақ бастауыш мектебін(1913), Перовскідегі Суханский атындағы орыс-қазақ училищесін(1917), Орынбор жұмысшы факультетін (1923), Орта Азия мемлекеттік университетін (1927) бітірді. 1918 жылы Торғайда шығатын «Қазақ мұңы» газетінде жұмыс істейді. Советтердің Торғай облыстық съезін дайындап, өткізуге ат салысты. 1919 жылы Ырғызды ақ гвардияшылар мен алашордашылардан азат етуге және уезде болған бай-кулак көтерілісін басуға қатысты. Кенжеғара болыстық ревком хатшысы, 1920-1921 жылдары Ырғыз уездік равком хатшысының орынбасары және оның хатшысы, Ырғыз уездік атком хатшысы. 1924-26 жылдары ҚАССР-нің Түркістан республикасындағы толық праволы өкілі, Қазақстан мен Түркістан ОАК мүшесі. Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік жағынан бөліну ісіне белсене қатысты. 1926-29 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1929-33 жылдары Тәжік ССР-інің қаржы халкомы, Өзбек ССР халық ағарту комиссары. 1933-37 жылдары ҚАССР халық ағарту комиссары. БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің және оның бюросының мүшесі (1933-37).

Жүргенов – маркизм-ленинизм шығармаларын қазақ тіліне тұңғыш аударушылардың бірі. Орта Азия мен Қазақстандағы мәдени құрылыстың тарихына да көңіл бөлген. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

Жарияланған шығармалары: «КСРО мен Қазақстанды әкімшілк-шаруашылық жағынан аудандарға бөлу мәселесі», Қызылорда, 1927; «Орта Азия мен Қазақстанда мәдени революциясы», А., 1935; «Қазақстанда сауатсыздықты жою жұмысы туралы» А., 1936 (Қараңыз: Қазақ совет энциклопедиясы, 4-том, 531-бет; Ақтөбе энциклопедиясы. 441-бет).

Туған жері туралы талас: ақиқат пен жаңсақ пікір

Темірбек Жүргеновтің туған жері турасындағы анық деректер бұрмаланып жүр. Кейінгі жылдары оны Қызылорда облысында дүниеге келді деушілер шықты. Архив деректерді ешкім жоққа шығара алмайды. 2018 жылы Сарыарқа баспасынан шыққан А.Алматов пен Б.Мырзабайдың «Темірбек Жүргенов» атты кітапқа енгізілген  тарихи құжаттар мұны жоққа шығарады (қараңыз:325, 328-329, 334-335, 341-342, 355, 382-беттерінде), Солардың бір қатарын атап өтейік:

1)Моя автография;

2)Личной листок по учету кадров;

3)Анкета арестованного;

4) Определение №4 н – 921021/ 16 Военная коллегия Верхного суда СССР;

5) Дәметкен Ермекованың(Жүргенова) – Тыныштыққа жазған хаты;

6)Темірбек Жүргеновтің паспорты.

Аталған бұл құжаттардың қай-қайсысы да «Темірбек Жүргенов 1898 жылы Ырғыз ауданында туған» деп «Қызылорда жақта дүниеге келген» деген дәлелсіз сөздерді теріске шығарып тұр.

1986 жылы Дәметкен Жүргенова(Ермекова) Ырғыз ауданына келгені, сосын туған жеріндегі Жабасақ ауылындағы Т.Жүргеновтің 1934 жылы салғызған мектебін көруге барғаны, «бұл өңір Темкенің туған жері» деп айтқан сөзі тарих бетінде қалды.

Оған қоса 1972-1978 жылдары 12 томдық Қазақ КСР ғылым академиясы құрастырған «Қазақ совет энцеклопедиясы» шықты. Ол энцеклопедияның бас редакторы – Мұхаметжан Қожасұлы Қаратаев. Қартаевтан басқа көрнекті ғылым қайраткерлері – академиктер: У.М. Ахмедсафин, О.А. Байқоңыров, С.Б. Бәйішов, Т.Б. Дарқанбаев, Ә.Х. Марғұлан, т.б. ғалымдар мақалалар жазған. Сол Қазақ совет энциклопедиясының 1974 жылы жарық көрген 4-томы, 531-бетінде «Ырғыз ауданы, Басықара қопасында туған» деп тұр. 2020 жылы Әйтеке би ауданының орталығы – бұрынғы Комсомол(тарихи атауы - Бөгеткөл) ауылы «Темірбек Жүргенов ауылы» деп жоғарғы министрлік комиссияның шешімімен өзгертілді. Оған үлес қосқан Ақансері Ермағамбетов, Егемберлі Әбдіраимов, Шара Бекназароваларды атап айтсақ болады. Ал кейін Жаңаталап ауылы да өзгертуге ұсыныс тастап көріп еді, министрлік мақұлдамады. Өйткені Темірбек Жүргенов нақты дерек көзі Әйтеке би ауданының территориясында туғанын аңғартып тұр.

Архивтік деректер айғақтың көзі

Моя автография(Менің өмірбаяным)

Мен 1898 жылы Орталық Қазақстанның Қарақұм құмдарында Орталық Қазақстанда(Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының шекарасы) дүниеге келдім.

Личной листок по учету кадров(Кадрлық есепке алу жөніндегі жеке парақ)

Тегі: ЖҮРГЕНОВ

Аты: Темірбек

Әкесінің аты: (көрсетілмеген)

Жынысы: ер

Туған жылы, күні және айы:1898ж.1 қазан

Туған жері:Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы

Партиялылығы: ВКП(б) мүшесі, партиялық өтілі 1920ж. Парбилет № 1573310

Анкета арестованного(Қамауға алынған адамның сауалнамасы)

Жауаптары:

Тегі: Жүргенов

Аты: Темірбек

Әкесінің аты: (көрсетілмеген)

Туған жылы:1898ж.

Туған жері:Ақтөбе облысы

Р-н: Ырғыз ауданы

Ұлты мен азаматтығы: қазақ, КСРО

Определение № 4Н – 921021/ 16 Военная коллегия Верхного суда СССР(КСРО Жоғарғы соты Ұйғарым № 4Н-021/56)

Құрамы: Төрағалық етуші: әділет генерал-полковнигі Чуршинский және мүшелері: Зубаев және Бордов

1957 жылғы 18 сәуірдегі Кеңес Әскерінің Бас Прокурорының бұрынғы Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы және ВКП(б) ОК БК мүшесі болған Жүргенов Темірбектің 1898 жылы туған, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының тумасы, 1938 жылы 25 ақпанда КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасымен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2, 58-8, 58-9 және 58-11 баптары бойынша ату жазасына кесілу туралы істің қортындысын және мүлкін тәркілеуді қарап, қорғаушының адвокаты Бутовтың және қорытындысын кеңес әскерінің Бас Прокурының орынбасары әділет генерал-полковнигі Зубковты тыңдады.

Темірбек Жүргеновтің жұбайы Дәметкен Жүргенованың(Ермекова) 1989 жылы 1 қазанда жазған Тыныштық – деген алғыс хатында былай дейді «Темірбек Жүргеновтің фотосуретін маған жібергеніңіз үшін маған көптен көп рақмет. Сурет өте жақсы шыққан. Сіздің хатыңыздан оның туған жері Ырғыз ауданында, райком мен совхоздың 134 мектеп пен кітапхана үшін, бәрін жасап жатқанын оқыдым. Сіз жас кезіңізде Темірбекті жеке танығаңызбен, оның ақылдылығы мен еңбекқорлығы туралы білетініңіз, бұл біздің халықтың дара туған ұлының істеріне қаншалықты көңіл бөліп, өз туған жерінде – Жүргеновті жоғары бағалап, есіңде сақтайтынын көрсетеді» - деп баяндалған.

Паспорт(Темірбек Жүргеновтің паспорты)

Тегі, аты, әкесінің аты: Жүргенов Темірбек

Туған жылы және туған жері: 1898 жыл. Ақтөбе облысы

Ұлт: қазақ

Әлеуметтік жағдайы: қызметкер

Тұрақты тұрғылықты мекенжайы: Алма-Ата қаласы

Қолы: Т.Жүргенов

№ АЕ 229728

Осы архивтік деректер Темірбек Жүргеновтің Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында туғанын тайға таңба басқандай растап тұр. 1928 жылы 3 қазанда қаулысымен Ақтөбе облысы бойынша комиссия құрылып, Ырғыз ауданындағы ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеу көзделді. Нәтижесінде 1928 жылғы 25 қазандағы аудандық тәрркілеу комиссиясының мәлеметі бойынша Қара Жүргенұлының 175 1/3 бас малы тәркіленді(Б.Құлжаев пен Т.Әбдірахмановтың 2020 жылы «Ақтөбе» баспасынан шыққан «Тағзым» атты кітабының 29-б. Ақтөбе облыстық архивіндегі құжат). Оған қоса Темірбектің атасы Жүргеннің туған бауыры Дәгір Ырғыздың Жайсаңбайында қайтыс болғаны, бейітінің басына белгі қойғаны анықталып «Ырғыз ауданында» деген деректерді бекітіп, үстемелеп тұр.

Темірбектің туған жері – Басықара қопасы!

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Жабасақ ауылдық округіне қарасты территориясында Жүрген әулетіне қатысты жер-су атаулары, белгілер күні бүгінге дейін сақталған. Атап айтсақ, Басықараның қопасы делінетін жер, соған тақау орналасқан Темірбектің арғы атасы Жәрімбеттен тарайтын Сарықасқалар қорымы. Бұған Шөмекейдің осы аталығына жататын Үдербай есімді кісінің Бибібатима атты қызынан туған, Жүргеновтерге жиен болып келетін аққұмдық Байниязов Айдархан ақсақалдың (1929-2022) мына сөзі де: «Темірбектің бабасы Қуаңның бәйбішесінің мүрдесі Толыбай сайы мен Қызылжар сайының қиылысқан тұсындағы Ақсу деген үлкен төбенің басында, ол жер «Бәйбіше қорымы» аталады», – деп тағы бір айғақты беріп тұр (Қараңыз: Кәртен Б. Қас үлектен туған кәтепті...// 27.11. 2014. aqtobegazeti.kz). «Темірбек Жүргенов» атты кітаптағы ғалым Р.Сүлейменовтың, М.Кенжебаевтың, Б.Мырзабаевтың т.б. зерттеушілердің еңбектерінде Темірбек Жүргеновтің 1898 жылы Ырғыз уезіне қарасты Басықара қопасы деген қоныста дүниеге келгендігі анық жазылған. Атап айтсақ Қазақстан, Ресей архивтеріндегі құжаттар негізінде нақтылап баяндалған. Ол деректерді жоғарғыда ашық айтып, анықтап көрсеткен болатынбыз. Тіпті Алмат Тобабергенұлының туған шөбересі, Төремұраттың немересі қазақтың тұңғыш скрипкашысы, аққұмдық Ғалымжан Әбдісаламовтың(қараңыз:Н.Сүйін - Скрипка тағдыр. Аққұмда аунап өскен бала...//16.01.2026. aqshamgazeti, Ыстамбұлда Әлім Алмат есімді қазақ сарбазы тұрады.., Тәлкеке түскен тағдыр...//2016. Қазақстан Ұлттық телеарнасы) естелігінде 6-7 жасында атасы Төремұрат Қарақайдан Басықара қопасын жайлаған ұлы нағышысының Қара ұлы нағышысының ауылына барғаның айтқан болатын. Сол естелігінде Темірбек Ташкенттегі оқуынан келіп жатқан кезі екен(қараңыз:Ильясова, К.М. Әлім Алмат: Өмірі мен өнері, 16-17 бет.). Осы деректерді Рахмет Жақыпов есімді ақсақалда(1902 ж.т.) естеліктері бекіте түседі.

Жалпы сарығасқалар Сыр бойыменен Ырғыз уезінің территориясында орналасқан. Қазіргі Әйтеке би ауданына қарасты Басықара қопасы, Шілікті, Қарақайдың бойы, Былқылдақ деген өңірлерді жайлаған.

Тағыда қайталап өтейік.

Басықара қопасы – Ақтөбе облысындағы тарихи жер атауы. Ілкіде Кенжеқара, бұрын 1971 жылға дейін Ырғыз ауданына, қазір Әйтеке би ауданындағы тарихы терең сарығасқалардың құтты мекені болған. Сол жерде төрт аталы Шөмекейдің Бозғұл тармағынан тарайтын сарығасқалардың бәйіттері көптеп кездеседі. Солтүстігі –Шілікті, солтүсік-шығысы Жантай(Толыбай жақ), оңтүстігі – Қарақай(Аққұм), оңтүстік-шығысы Ащысай, шығысы – Шілібөгет, солтүстік батысы – Жабасақ, оңтүстік-батысы Курайлысор, Шағыр қыстауы, батысы – Қодар.

Мемлекет және қоғам қайраткері, тау тұлға – Темірбек Жүргенов Ақтөбе облысы, қазіргі Әйтеке би ауданы, Аққұмнан 25 шақырым жердегі Басықара қопасында туғаны анық. Қазақстан және Ресейдегі 6 архивтік құжат пен 2018 жылы Сарыарқа баспасынан жарыққа шыққан «Темірбек Жүргенов» еңбектегі мәлеметтер нақты айғақ. 2018 жылы Ақтөбе баспасынан шыққан «Әлім Алмат: Өмірі мен өнері» атты еңбектің 16-17 беттеріндегі мәлеметтер.  Көптеген ғылыми мақалалар, атап айтсақ 2014 жылы 27 қарашадағы Бөрібай Кәртеннің «Қас үлектен туған кәтепті» мақаласы, 1974 жылы жарық көрген Қазақ Совет энцеклопедиясының 4-томының 531-бетіндегі мәлімет, Ырғыз ауданы энциклопедиясы 185-бетіндегі, Әйтеке би энцеклопедиясының 168-бетіндегі мәлметтер Басықара қопасын үстемелеп аңғартып тұр.

Жабасақтағы «Қызыл мектебтің» тарихы

Т. Жүргеновтің нұсқауымен 1934 жылы “1000 мектеп бағдарламасы” аясында Жабасақта салынған мектептің жобасы Ленинградта жасалынып бекітілген дейді. Бастауышқа жобаланған мектеп еді. Қостанайдың Аманқарағай аталатын орманды жерінен бөренелерді тасып әкелген. Құрылысқа елдің адамдары да жұмылдырылған. Пішіні «П» әріпіне ұқсас. Қабырғасының қалыңдығы – 1 метр, биіктігі – 4 метр. Төбесі қызыл қаңылтырмен жабылған. Мектеп құрылысын халық арасынан шыққан атақты Досжан, Ермекбай, Серікбай, Өксікбай, Досмағанбет деген шеберлер жүргізген.

Мектеп алғашқы директоры – Нұралы Қашқынбаев. 1953 жылы мұғалімдер саны 18ге жеткен. Талай дарын өсіп, жетілген. Мектептен түлеп ұшқан республикаға танымал жандардың ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Тұрар Әліпбаев, Мәдениет қайраткері – Рысжан Ілясова, Әйтеке би ауданы құрметті азаматы, Білім беру саласының үздігі, белгілі сазгер, ардагер ұстаз – Алтынбаев Қуаныш, Әйтеке би ауданы құрметті азаматы, Білім беру саласының үздігі, ардагер ұстаз – Байниязов Айдархан, Республикаға танымал палуан, ҚР Спорт шебері, Халықаралық спорт шебері, талай жарыста атой салып жүрген – Снадинов Шыңбай, Желтоқсан ардагері – Шара Бекназарова т.б. көптеген шәкірттер білім алған. Бұл мектеп жайында ағымдағы 2026 жылдың 7 шілдесінде Еуразия бірінші арнасындағы Басты жаңалықтарында шұғыл түрде реставрация жасалмаса, қайта-қалпына келітрмесе мектеп түбегейлі жойылып кетуі мүмкін деп дабыл қаққанбыз(Жүргенов садырған мектеп жермен-жексен болуы мүмкін...// 07.07. 2026. https://1tv..kz).

Мақалада Темірбек Жүргеновтің туған жеріне қатысты біраз архивтік деректерді, ғылыми еңбектердегі мәлеметтерді талдап, таза бұлтартас шыңдықты көрсетуге тырыстық. Барлық құжаттарда Темірбек Жүргеновтің Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданындағы Басықара қопасы(бұрынғы Ырғыз ауданы) деген жерде дүниеге келгендігін нақтылап, Қызылорда жақта дүниеге келмегендігін толық жеткіздік деп ойлаймыз. Түркі жұртына ортақ тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, үш мемлекетте министр болған Темірбек Жүргенов есімі мәңгі бақи еліміздің төрінде ұлт мақтанышы ретінде қалатыны сөзсіз. Тарихты бұрмалау – кешегі өткен күнімізгді жоққа шығарып, түп тамырымызға балта шабу деп есептейміз.

Асқар Рахымжанұлы, тарихшы

Abai.kz

0 пікір