Озаттардың қатарында тұруға олар да қақылы
Кім бауыры еті баласын қатарынан қалдырғысы келеді дейсіз? Өмірде жолдан тайып, ішкілікке салынған, бұзылған, жүйкесі тозған біреулер болмаса, дені сау, дерті жоқ, ой-санасы түзу ата-ана жарық дүниеге әкелген ұлы мен қызын әлпештеп-ақ өсіргісі келеді ғой.
Қатардан қалмаудың бұл заманда түрі мен түсі, бәсекесі көп. Мысалы, біреу баласын үлде мен бүлдеге орап, қаршадайынан қалтасына ақша басып, қолына қымбат ұялы телефон ұстатып еліктіреді. Енді біреу жеткіншегін мектепке жетелеп апаратын жеке көлік жүргізушісі мен оққағар жалдайды. Бұл бізде ғана емес, әлемдегі бар шындық. Әлеуметтік жіктелу үлкендер түгіл, жасөсіпірім балалардың арасында қазір осылай көрініп, көзге ұрып тұр.
Ал, асқақтап, аспанға қарап алайғандардан аулақ жүретін қоңырқай тіршілікті қоңыр адамдар болса, балаларының оқып, ер жетуін, тегін білім алауын тілейді. Десе де, біз білетін Бағиланың тілегі тіпті зор тілек еді. Ол іштен туғанда мүгедек боп туған ұлын бөбекжайдағы бөпелердің қасында томпаңдап, ойнап жүрсе екен деп тіледі. Кейін балабақшадағы сәбилермен бірге ойыншық мәшинелерге құм тиеп ойнап жүргенін көргісі келді. Жоқ, оның бірі де болмады. Бөбекжай мен балабақшаны былай қойыңыз, бала бала болып үйде де ойнауды білмейтін еді. Сұлық түсіп жатады. Арқасына жастық қойып, тіктеп отырғызса, сәл отырған болады да, аунап, құлай кетеді. Кіші дәреті мен үлкен дәретін төсегіне жібереді. Ал, бойы болса.., бойы созылып өсіп барады.
Туа науқас, мүгедек баланы үйдегілер аса ұнатпайтын. «Мынау тағы да төсегін бүлдіріп қойған ба?» – деп төніп келген үлкенге ол өзінің кінәсін мойындағандай жәутеңдеп қарайтын-ды. Бала әлжуаз, мүгедек болғанымен, тым сүйкімді еді... Сондай сүйкімді ұлды кемтар етіп туғанына іштей қан жылайтын Бағила, бірақ, алдағы күндерінен бір үміт сәулесін сезінгендей үнемі шарқ ұрып, ізденуімен болды. Жөнді білетін адамдардың сөзіне құлақ түрді, туа мүгедек баламен қалай жұмыс істеп, оңалтуға болатыны жөнінде кеңес беретін нұсқаулықтармен танысты. Сөйтіп жүріп Үкіметтің мүмкіндігі шектеулі адамдарға оның ішінде балаларға әлеуметтік жәрдемақы төлеп тұратынын, ол жәрдемақының көлемі ай сайын 200 мың теңге екенін (туа мүгедек балаларға берілетін жәрдемақының көлемін айтамыз), өтініш беріп сұрасаңыз мүгедектерге қоларба, есту аппараты, дене қимылдарын жасауға көмектесетін құрал-жабдықтар алуға болатынын біліп алды. Оның сыртында Оңалту орталықтарының жұмыс істейтінін, ол орталықтарда білікті мамандардың көп екендігін де ойына түйіп үлгерген. Сөйтіп, жанталасып ұлын Оңалту орталығының біріне апарып келіп жүрді. Күнде массаж жасатады. Дене қимылдарына икемдейді. Баламен үзбей сөйлеседі. Дәрумендер береді. Баланың күнделікті ішер асы да реттелді. Сондай күтемнің арақасында ма бала бір күні былдырлап сөйлеп, сосын басын көтеріп отыратын жағдайға жетті. Жарты жыл, бір жылдың ширегінде аяғынан тұрып, қаз басып жүре алатын да болды. Бағиланың ендігі арманы – ұлын оқыту еді. Әйтсе де ішінен: «Кеш жетілген, әлі де тілі анық шыға қоймаған, аяғын апыл-тапыл ғана басатын баланы кім оқытсын, оны қай мектеп шәкірттер қатарына қабылдай қойсын?» – деп уайымдайтын. Сөйтсе, онысы бекер екен. Елімізде барлық адамға, барлық балаға тең мүмкіндіктер қарастырылыпты. Оқу да сол тең мүмкіндіктердің бірінен саналады екен. Өзінен екі-үш жас кіші балалармен бірге бірінші сыныпқа барған Бағиланың ұлы – Абдолкәрім бұл күндері топ балаға ілесіп, кәдімгідей оқып жүр. Абдолдың әкесі де қазір баласына бұрынғыдай жат, суық емес, үйріліп тұратын болған (әкенің балаға суық болғанын біз жоғарыда жұқалап айтып кеткен болатынбыз). Мүмкіндігі шектеулі әрі ерекеше білім беруді қажет ететін баланы басында тосырқай қабылдаған мектеп ұжымы мен оқушылар да оған әбден үйреніп алған.
Ресми деректерге сүйнесек, Қазақстанда Абдолкәрім сияқты ерекше білім беруді қажетсінетін 235 мың бала бар екен. Аталған салада 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олар: 110 ПМПК, 230 КППК, 99 арнайы мектеп, 45 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 13 оңалту орталығы және 11 аутизм орталығы.
Инклюзивті білім беруді кеңейту үшін елімізде әрбір білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері құрылған. Яғни, ерекше білім беруді қажет ететін салада 29 мыңнан астам маман қызмет көрсетіп, мыңнан аса инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. «Жалпы, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту деңгейі Қазақстанда 85 пайызға жетті» дейді мамандар.
«Оқыған ел – озады». Оқу-білімге ерекше мән беретін, өзі де әлемнің озық оқу орындарында оқыған, бірнеше тілде еркін сөйлейтін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі еске салып отыратын сөз – бұл. Біз жоғарыда тұрмыстық-әлеуметтік қабаттар арасындағы «қатардан қалмау» ұғымының бірнеше түрі мен түсін атап өттік. Иә, жасыратыны жоқ, ел болған соң, көп болған соң әртүрлі адамдар болады. Байқасаңыз, біз сол көптің ішінде қоғамдағы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың, яғни балалардың да бар екендігіне көбірек тоқталыппыз. Өйткені олар да қазақ қоғамының тең құқылы азаматтары. Олардың да озаттардың қатарында тұруға толық қақысы бар.
Зухра Шәлімбай
Abai.kz