Сейсенбі, 14 Шілде 2026
Ел іші... 327 0 пікір 14 Шілде, 2026 сағат 15:29

Парламенттің ең соңғы хаты...

Сурет: Қ.Исаның жеке мұрағатынан алынды.

Қарапайым халықтың құрметі - жұмысыма берілген ең жоғары баға!

Бізге, парламентке, менің атыма күніге қаптаған хаттар толастамай, кейде тіпті 50 хатқа дейін келетін болған соң, көмекшім Жасұлан Иса екеуміздің суретке түсуге уақытымыз болмайтын! Енді 2026 жылдың 30 маусымы күні, кешкі сағат 18:00-де парламенттегі ең соңғы хатқа жауапты жіберіп, үлгеріп болғасын ғана, уақыт тауыппыз.

Бұл Тәуелсіздігіне 35 жыл болған Қазақ мемлекетінде 30 жыл бес ай жұмыс істеген Парламенттің ең алғашқы хатын кім жолдағанын білмеймін, ал Парламенттің ең соңғы хатын мен жолдадым.

Ол хаттың кімнен келгенін, кімнің үстінен арыз айтып келгенін, ол арызға байланысты депутаттық сауалхат қандай тиісті органға, кімнің атына кеткенін енді екі айдан кейін айтатын шығармын… Егер сол кезде сұрағандар болса…

Өткен аптада Kursiv.Media сайты зерттеу жасап, 2026 жылғы 20 мамырға дейінгі депутаттар сауалын санап шығыпты, біз өзіміз білмейміз, санап жүрген жоқпыз…

Иә, парламенттегі ең көп депутаттық сауал жасап, үкімет пен құзыретті органдарға тыным бермеген депутаттардың ең алдында үш жылда 321 депутаттық сауал жасаған біздің атымызды атапты.

Ең белсенді депутаттар қатарында үшінші орында тұрған депутат Таңсәуле Серіков 249 сауал жолдаған.

“Ақ жол” партиясы фракциясының 70 пайызы, яғни, 6 депутаттың 4-еуі алғашқы орындарға, серке сегіздікке кіріпті.

6-орындағы Азат Перуашев 226, 7-орындағы Дания Еспаева 217, 8-орындағы Ерлан Барлыбаев 215 депутаттық сауал жасаған.

Басқа қызметке ауысып немесе өкілеттігі тоқтап депутаттық мерзімді соңына дейін жеткізе алмаса да үздіктер қатарына енген экс-депутаттар да бар. Айталық, 2026 жылғы 11 ақпанда Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісі болып ауысқан Елнұр Бейсенбаев 243 сауал жолдап үлгерген екен.

Жалпы, 200-ден көп сауал жолдаған депутаттар саны – 12. Оларды шартты түрде ең белсенді топ деуге болады. Ал 100-ден жоғары сауал жібергендер саны – 40.

Редакция сонымен қатар сауал жасауда ең төмен көрсеткіш көрсеткен депутаттар қатарында кімдер бар екенін көрсетіп, оларды «Үндеместер» деп атапты.

Сол жасаған сауалдарымыздың басым бөлігі халықтың мұң-мұқтажын өтеп, мәселесін шешіп жатқанын көргенде, көңілің өсіп, қанаттанып қаласың. Шешілмей қалған мәселелер ширықтыра түседі.

Қош бол, парламент!

Құрылтайға Ақ жол!

ТАКСИСТІҢ ҚҰРМЕТІ ТӘНТІ ЕТТІ

“Жұмысыңа бағаны таксистер беріпті!

4 шілде күні Алматыда ұшақ әдеттегідей өз уақытында ұшпай, Астанаға кешігіп келіп, түнгі 12-лерде әуежайдан шыққасын сыртта көлік күтіп біраз тұрып қалдым.

Жасы алпысты алқымдаған, ұқыпты киіннен мосқал кісі келіп амандасып, жағдайымды сұрады.

"Сізге ризамын Қазеке! Үнемі сіздің сауалдарыңызды тыңдаймын, риза болып отырамын", -  деді.

Рахмет айтып, ілтипат білдірдім.

- Көлігіңіз кешігіп жатыр ма? Жүріңіз мен-ақ жеткізіп салайын сізді?

- Ой, рахмет сізге. Қазір 15 минутта келу керек.

Шын ризашылығымды білдіріп жатырмын.

Ол көлігіне қарай жүріп кетті де, 5-10 минутта қайта айналып келді.

- Әлі келмеді ме көлігіңіз? Жүріңіз мен-ақ апарып тастайын. Өзіңіздей қазақтың сөзін сөйлеп жүрген депутатқа бір ризалығымды білдіргенім болсын, тегін жеткізіп саламын! - дейді.

Таксист тағы да жік-жапар болып жатыр.

Мен ыңғайзызданып, қысылып бара жатырмын. Көлігі құрғыр да келе қоймайды...

"Көп рахмет сізге! Ықыласыңызға ырзамын. Мені тасығанда бәрібір уақытыңыз кетеді ғой, одан да оның орнына бұл уақытқа басқаларды тасып, ақша тапқаныңыз пайдалы ғой", - дедім.

"Азар болса, 5-6 мың теңге кем тапқанда тұрған ештеңе жоқ, сізге риза болғандықтан қызмет етейін деп тұрмын", - дейді.

Таксистің құрметіне риза болып, біраз сөйлесіп қалдық. Аты Шардарбек, оңтүстік өңірден, 60 жаста көрінеді. 2000 жылдан бері Астанада тұрады екен. Өзінің мамандығы тарих пәні мұғалімі. 5-6 жыл мектепте мұғалім болған. Астанадағы "Регион" компаниясынан 2021 жылы арендаға "Киа рио" маркалы көлік алып, жолаушылар тасымалдап жүр. Құдай қаласа, қыркүйекте мерзімі бітіп, көлік өзінікі болады

Күнделікті жоспары 13 мың теңге. Түнде шығады таксиге. Әуежайда жолаушылардың айтқанына келісіп кете береді.

Түнде жұмыс істегеннің бір жақсысы кептеліс жоқ! Әрі, таскистердің клиенттерінің көбісін тартып алған "Тарлан" жеңіл рельсті транспорты да тоқтайды.

- Онда сізбен суретке түсіп алайық.

Екеуміз суретке түстік. Айналамызда суретке түсіруге ыңғайлы адам бола қоймады да, селфи жасадық.

Сол арада көлігім де келіп, жылы қоштасып кеттік.

Қарапайым халықтың осындай риясыз ықыласын көргенде риза болып, қанаттанып қаласың. Оның үстіне парламент тарап кеткесін, уақытша жұмыссыз атанып, мәртебеміз өзімен бірдей болып тұрғанда көрсеткен құрмет тіпті күшті әсер етеді екен.

Парламентте бес жыл босқа жүрмеген екенбіз ғой деп, көңілім көтеріліп шыға келді.

2021 жылы үш партия болған парламенттің 7 шақырылымында да және 2023 жылы 100-дей депутат ( 6 партияның 69 депутаты мен бір мандатты 29 депутат) бас қосқан 8 шақырылымда да қатарынан екі екі рет “Жылдың үздік депутаты” атанғанымыз бос емес екен ғой деп, марқайып қалдым.

Сол арада “Жақсы жеттің бе?” - деп, ауылдан хабарласып қалған бір қадірлі ағамызға әуежайдағы әңгімені айтып беріп едім, “Парламенттегі жұмысыңа бағаны таксистер беріпті!

"Қарапайым халықтың құрметі - ең жоғары баға", - деп көңілімді одан әрі көтеріп тастады.

Алда тағы аламан сайлау! Құрылтайдың дүбірі басталып кетті!?. Алла жар болсын! Ақ жол!

Қазыбек Иса

Abai.kz

0 пікір