Халық саяси «халтурадан» шаршады!
Басқаны білмеймін, көп бөстекі әңгімеде шаруам да шамалы. Білетінім, осындай сайқымазақ саясатты тоқтату керек еді, негізі. Осы таптаурын болған «саяси технологияларың» үкілі үмітпен отырған қара халыққа дым қызық болмай қалды, төрде отырған төрелер. Егер осыны да «технология» деп ойласаңдар, онда сендерге жедел түрде технолог ауыстыруға тура келеді. Онсыз ендігі жерде алға жылжуың қиын: мұның шын аты тоспа су — тихий омут! Білсеңдер, кейбіреулер театрдағы әртістің тірлігінен де төмен әрекет жасап отыр.
Ұлтыңа әлсін-әлсін шаптүрткі жасап, шыдамын тексергенде сендер не табамын дейсіңдер, осы? Қазір уақыт да, деңгей де, таным да, тіпті, мемлекеттің ұстанған бағыт-бағдары да өзгерген. Иә, егер айтылып жатқан уәлі сөздері мен беріліп жатқан уәделері шикі болмай, рас болса, біз — қарапайым халық, солай деп ойлаймыз.
Біз Қазақстан деген Мемлекеттің, оның бірінші тұлғасы Президенттің жүргізіп отырған саясатына сенеміз, сенгіміз келеді, сенгесін де алдымыздағы жақсылықтардан үміт етеміз. Әйтпесе, халық халтурадан шаршады! Бәлкім байқамайтын да шығарсыңдар, сендердің мына тірліктерің жаппай үмітсіздікке алып келе жатыр. Айтыңдаршы, осы бізде — қарапайым хплықта не кінә, қандай жазық бар? Неге осы сендер елді, жұртты тым «төмен» деп ойлауға дағды алдырып, әбден мейманаларың тасып, эголарыңды өсіріп алғансыңдар? Сендерді және бұл қатардағыларды білмедім, мен білетін мақсат пен міндет біреу: қалай да ел болуымыз керек! Бұл — осы байтақты жасаған байырғы ата-баларымыздың асыл арманы.
Өз еркімізбен бола алмаймыз ба, ол кезде мұның ақыры жақсы болмайды, түптің түбінде қылша мойныңа ажырғы байлап тынасың. Біз емес, соны тындыратын сендер. Ол кезде мына қызыл тілі салақтаған қол «бұлбұлдарыңның» қай-қайсысы да далақтап, далада қалады. Сондай-ақ, егер мына бізді «нан танымас надан» деп насихаттап жатқан «масқарапаздарың» Құрылтайдың төрінде отыратын болса, сөзім жоқ, ел бола алмайсың, Қазақия. Бұлай болғанда біз де Құрылтайға ұмтылатын едік қой, ең болмаса баяғы «Б» корпусына тест тапсырған тәжірибеміз бар, ауызымызда асыл сөз, кәлламызда ізгі ой һәм ұлтына, мемлекетіне деген жанашырлығын айтпағанда, тоғыз заңды жатқа білетін қабілет-қарымымыз бар бойымызда. Біз ойладық қой, Ұлттық деп дәріптелген, дабыралатқан жерге енді кілең шекесінен миы ағып тұрған ығай мен сығайлар легі келеді екен деп. Мыналарың болмады, жолдастар! Мен өз ойымды айттым, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Бар десеңдер де ендігісін өздерің білерсіңдер. Ізіме ит қосып, қара машинамен іздей қалсаңдар, мына Алматы облының іргесінде жатқан «Іргелі» деген шағын ауылдан табарсыңдар. Сөзімнен жалтарып қашпаймын, қара шабаданымды жинап, дайын отырамын. Болмай ма, Құрылтайдың төріне, биік мінберге ең құрығанда біз сияқтыларды шығар. Айтамыз, айту керек болған жерінде, шегелеп, жетпей жүрген жетелерге жеткізіп, елге керек әңгімені, мерзім-мөлшерімен, бүйректен сирақ шығармай-ақ. Заңына да, ішкі-сыртқы саясатына да араласамыз, қолдан келгенше. Өйткені, отыз жыл бойы түрлі саладан білім мен тәжірибені сол үшін жыйдық. Есесіне, «құда да тиыш, құдағи да!» Әйтпесе, әзірге мыналарың жарамай тұр, тіпті, ұят болған сияқты.
Берік Жүсіпов
Abai.kz