Бейсенбі, 16 Шілде 2026
Саңлақ 361 0 пікір 15 Шілде, 2026 сағат 13:56

Доп додасы: 8 – 5: Жүлдеге қол созым қалғанда...

Суреттер: championat.com сайтынан алынды.

Әлемдік футбол чемпионатында шешуші төрт ойын ғана қалды. Жартылай финалда бүгін, яғни 14 шілдеде Франция мен Испания, ал ертең Англия мен Аргентина ойнайды. Біз бүгін ширек финалда сүрінген командалар туралы сөз қозғаймыз.

7-8-орындар. МАРОККО (11 ұпай, доп айырмасы 10:6) және ШВЕЙЦАРИЯ (11 ұпай, 10:6)

Марокко құрамасы осыдан төрт бұрынғы табысын қайталауға шақ қалды. Қатарда олар жартылай финалға дейін жеткен болатын. «Атлас арыстандарының» финалға шығудан үмітін француздар үзген еді. Бұл жолы да солтүстік африкалықтарды Франция ғана тоқтата алды.

2022 жылы, жанкүйер қауымның жадында болса, марокколықтар мығым қорғанысқа көп көңіл бөліп, сосын жай оғындай жалт етіп қарымта шабуылға шыға қоятын тактикасымен ерекше көзге түскен еді. Биыл жаңа бас бапкер Мохамед Уахби команданың бойына сол нығыз қорғаныспен қатар, кез келген қарсыластан қаймықпай ойнайтын батылдық пен допты ұзақ ұстап, матч тізгінін уысынан шығармауға ұмтылатын еркіндікті егуге тырысқан екен. Марокко футболшылары кез келген кездесуде (тіпті Бразилиямен, Нидерландпен де!) «бірінші номермен» ойнаудан тайсалмады, алаң ортасында допты ұршықша үйіріп, азулы қарсыластарына біраз уақыт тіпті доп бермей, салпақтатып та қойды.

Өкініштісі, Мароккода бапкер сенім артар үздік 11 ойыншыдан өзгесі қажет кезде соларды еш кемшіліксіз алмастыра алмайтыны аңғарылып қалды. Исмаил Сайбари, Азеддин Унаи, Шади Риад секілді негізгі құрам жігіттері жарақатқа байланысты, т.б себептерге орай алаңға шыға алмаса, олардың орнын жымын білдірмей баса қоятын шебер ойыншының қат екені сезілді. Әлем чемпионаты секілді айдан астам уақытқа созылатын қиын турнирде қосалқы құрамның мықтылығы да сынға түседі. Дегенмен екі дода қатарынан топтан озып, жүлдеге қол созым қалғанда ғана тоқтаған, үздіктермен үзеңгі қағыса шеберлік көрсеткен Марокко құрамасы қандай мақтауға ла дайық.

Осындай сөзді олармен бірдей нәтижеге жеткен Швейцария құрамасына арнасақ та болады. Жарысты сәтсіз бастаған (Қатарды ірі есеппен ойсырата ұтуға мүмкіндігі бола тұра, соңғы секундтарда гол жіберіп алып, 1:1 тең ойнады) олар кейінгі ойындарын жинақы өткізіп, қатарынан үш рет жеңіске жетті. 1/8 финалда өзімен деңгейлес Колумбиямен 120 бойы тіресті. Ойын 0:0 боп аяқталды, ал пенальти сериясында швейцариялық қақпашы Грегори Кобель бір соққыны қайтарып (тағы бірі қақпа маңдашасынан кері серпілді), командасын келесі кезеңге алып шықты.  Ширек финалда да Швейцария футболшылары Аргентинаға лайықты қарсылас бола білді. Шабуылшы Брель Эмболоның «артистік шеберлікке» шектен тыс сенім артуы салдарынан азшылықта қалса да, ақырына дейін айқасты. Қосымша уақытта ғана қазіргі әлем чемпионы басымдық байқатты.

Ширек финал – Швейцария құрамасының сонау 1954 жылдан кейінгі бірінші жетістігі. Ол кезде топтан шықсаң болды – ширек финал-тұғын. Қазір бұл табысқа плей-оффтың екі сатысынан сытылып өтіп барып әрең жетесің. Сол себепті Мұрат Якин баптаған ұжымның бұл жетістігін жақсы нәтиже деп бағалау керек. Жалпы, кейінгі жылдары Швейцария ірі турнирлерде тәуір ойнап жүр. 2014, 2018, 2022 жылдары 1/8 финалдан аса алмады. Еуропа додасында 2016 жылы – 1/8 финалға, 2021 және 2024 жылдары – ширек финалға жетті. Ел футболының даму қарқыны жаман емес екенін, міне, биыл да дәлелдеп отыр.

6-орын. БЕЛЬГИЯ (11 ұпай, 16:7)

Турнирді аса сәтті бастай қойған жоқ. Египетті де, Иранды да ұта алмады. Үшінші турда ғана Жаңа Зеландия құрамасынан айқын басым түсті (5:1). Плей-оффтың бірінші сатысында Сенегалдан ұтылып қала жаздады. 86-минутқа дейін 0:2 боп жеңіліп тұрған команда жеңіске жетеді деп ешкім де ойламаған шығар. Алайда айналдырған үш минуттың ішінде Ромелу Лукаку мен Юри Тилеманс қос доп соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Матч овертаймға ұласты. Қосымша отыз минут та түгесілер шақта, төреші африкалықтардың қақпасына 11 метрлік белгілеп, Тилеманс жеңіс голын соқты. 1/8 финалда Бельгияның шабуылына АҚШ құрамасы да төтеп бере алмады. Руди Гарсияның командасын тек испандықтар ғана тоқтатты.

Бельгияны өз мүмкіндігін толық ашып көрсете алмаған команда деп сипаттасақ болады. Енді Ромелу Лукаку, Кевин де Брейне, Аксель Витсель секілді ардагер футболшылар құрамамен қош айтысуы мүмкін. Олардың орнын басар жастардың жалпы деңгейі туралы айтуға әлі ертерек.

5-орын. НОРВЕГИЯ (12 ұпай, 13:11)

Өз тарихында тұңғыш рет ширек финалға жетті. Осының өзі – зор табыс. Командалық ойын, допты ұйымдаса тартып алу, қысқа пастар мен алысқа доп асыру тәсілдерін қатар қолданып, қарсы қақпаға жиі қауіп төндіру, стандартты жағдайларды тиімді пайдалану... қай жағынан да озық футбол көрсетті. Алғы шептегі алып Эрлинг Холанд нағыз сұрмерген екенін танытты. Норвегтер тіпті Бразилияның өзін тықсырып, допты олардан әлдеқайда басым да еркін ұстап, Винисиус бастаған қарсыластарын біраз уақыт допсыз құр сабылтты. Чемпиондар лигасында ел чемпионы «Буде-Глимт» командасы мықтыларды қалай сүріндірсе, ұлттық құрама да ешкімнен сескенбей ойнап, сес көрсетті. Бұдан былайғы доп додалары да Норвегиясыз өтпейтініне сенім ұялатқандай болды. Ал олардың «отыра қалып ескек есетін» жанкүйерлерінің қызу қолдауы – футбол мәдениетіне қосылған тың тәсіл, тосын мәнер.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір