Ватикан мен Қытайдан қандай құжаттар табылды?
Қазақстан тарихы қайта жазылып жатыр ма, әлде біз осы уақытқа дейін өз өткеніміздің тек «шет-жағасымен» ғана таныс болдық па?
Мемлекеттік кеңесші (Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары) Ерлан Қарин Қазақстан тарихына арналған жаңа академиялық көптомдықтың дайындық жұмыстарына қатысты сенсациялық мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл еңбек ғылыми айналымға осыған дейін еш жерде жарияланбаған, мүлдем беймәлім құжаттар тасқынын алып келмек!
Бұл не қылған құжаттар?
- География ауқымы таңғалдырады: Академиялық басылымды дайындау үшін 90 мұрағат пен мұражайдың материалдары зерттелген. Оның 35-і — шетелдік архивтер!
- Сандар сөйлейді: Ғалымдар 5 мыңнан астам мұрағаттық деректерді індете зерттеп шыққан.
- Басты интрига: Ерлан Карин атап өткендей, мүлдем жаңа, бұрын-соңды ешкімнің қолы тимеген бірегей материалдар Ватикан мен Қытайдың жабық архивтерінен табылған!
Бұл дегеніміз — біздің мемлекеттілігіміз бен дала өркениетіміздің тарихындағы көптеген ақтаңдақтар мен жұмбақ сұрақтардың жауабы табылды деген сөз. Рим папаларының хаттары мен Қытай императорларының құпия жазбаларында қазақ даласы туралы не айтылған? Бізді алда қандай тарихи жаңалықтар күтіп тұр?
Көптомдықты әзірлеу жөніндегі редакциялық алқаның соңғы, 14-ші отырысы өтіп, негізгі ғылыми кезең аяқталды. Ендігі кезек — мәтінді әдеби өңдеу, карталар мен иллюстрацияларды цифрлық форматқа өткізу және кітапты басу жұмыстары. Тезірек оқырманға жол тартса екен дейміз!
Abai.kz