Жұма, 17 Шілде 2026
Белес 156 0 пікір 17 Шілде, 2026 сағат 13:23

Қазақстанның Орталық Азиядағы салмағы

Сурет: Ақорда сайтынан алынды

Қазақстан экономикасының өңірдегі орны туралы шетел сараптамалары жиі шығып тұрады. Оның кейбірін елейміз, кейбірін елемейміз. Қытай тақырыбына маманданған All China Review халықаралық басылымы 16 шілдеде Қазақстанның экономикалық артықшылықтарына арналған көлемді мақала жариялады. Материалдың негізгі тұжырымы анық: Қазақстанның өңірдегі басымдығы тек экономика көлемімен шектелмейді. Оның артында әртараптандырылған өндіріс, дамыған қаржы жүйесі, инвестициялық тартымдылық және Еуропа мен Азияны жалғайтын стратегиялық география тұр.

Басылымның дерегінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі 306 млрд долларға жеткен. Бұл бүкіл Орталық Азия экономикасының 53,7 пайызы. Басқаша айтқанда, өңірде өндірілетін экономикалық өнімнің жартысынан астамы бір ғана Қазақстанның үлесіне тиеді.

Салыстыру үшін айтсақ, өңірдегі екінші ірі экономика саналатын Өзбекстанның ЖІӨ-сі 147,1 млрд доллар болған. Түрікменстанның экономикасы 77,4 млрд долларға, Қырғызстанның экономикасы 21,6 млрд долларға, ал Тәжікстанның ЖІӨ-сі 17,5 млрд долларға бағаланған. Демек, Қазақстан экономикасының ауқымы Өзбекстаннан екі еседен астам, ал Қырғызстан мен Тәжікстаннан бірнеше есе үлкен.

Алайда экономиканың нақты қуаты тек жалпы көлеммен өлшенбейді. Жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші елдің өндірген құнының халық санына арақатынасын және еңбек өнімділігінің деңгейін жақсырақ көрсетеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 15 мың долларды құраған. Түрікменстанда — 11,6 мың доллар, Өзбекстанда — 3,8 мың доллар, Қырғызстанда — 3 мың доллар, ал Тәжікстанда небәрі 1,7 мың доллар болған. Бұл айырмашылық Қазақстан экономикасының тек көлемді емес, салыстырмалы түрде өнімдірек екенін де аңғартады.

Шетелдік басылым Қазақстанның артықшылығын мұнай мен металға ғана байлап қоймайды. Елдегі жалпы қосылған құнның 20 пайызға жуығын сауда саласы, 13 пайызын өңдеуші өнеркәсіп, ал 11,9 пайызын тау-кен өндірісі қалыптастырады. Яғни Қазақстан әлі де шикізаттық мемлекет болғанымен, оның экономикалық құрылымы біртіндеп күрделеніп келеді. Сауда, өндіріс, жылжымайтын мүлік, қаржы, логистика және цифрлық қызметтердің үлесі ұлғаюда.

Бұл өте маңызды өзгеріс. Өйткені экономика неғұрлым көп салаға сүйенсе, сыртқы дағдарыстарға соғұрлым төзімді болады. Мұнай бағасы түссе өңдеу өнеркәсібі, логистика немесе қызмет көрсету саласы өсімді ұстап тұруы тиіс. Металл нарығы әлсіресе сауда, құрылыс, цифрлық экономика және қаржы секторы іскерлік белсенділікті қолдауы керек. Нағыз экономикалық тұрақтылық дегеніміз бір шикізатқа тәуелді болмауды білдіреді.

Қазақстанның тағы бір маңызды артықшылығы бар. Ол - қаржы жүйесінің ауқымы. 2026 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздің банк секторының активтері 140 млрд долларға жеткен. Бұл Өзбекстан банктерінің активтерінен 80 пайыздан астам көп және Тәжікстандағы көрсеткіштен шамамен 24 есе жоғары. Қазақстан банктеріндегі депозиттер көлемі де 96,4 млрд долларды құраған. Бұл Өзбекстанның депозиттік базасынан үш есеге жуық артық. Үлкен депозиттік база банктерге тұрақты қаржыландыру көзі болып, бизнеске несие беруге және ұзақмерзімді жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сондықтан басылым Қазақстанды Орталық Азияның негізгі қаржы орталығы ретінде сипаттайды.

Инвестиция бойынша да арадағы алшақтық айқын. UNCTAD дерегіне сүйенген мақалада Орталық Азия елдерінде жинақталған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 220,5 млрд доллар болғаны көрсетілген. Соның 151,3 млрд доллары немесе 68,6 пайызы Қазақстанға тиесілі. Яғни Орталық Азияға салынған әрбір үш доллардың екеуіне жуығы Қазақстан экономикасында шоғырланған.

Түрікменстанда жинақталған шетелдік инвестициялар көлемі 44,6 млрд доллар болса, Өзбекстанда 16,7 млрд долларды құраған. Қырғызстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш шамамен 4 млрд доллардан айналады.

Бұл капитал бір күнде келген жоқ. Қазақстанның қазіргі инвестициялық позициясы отыз жыл бойы қалыптасқан өндірістік базаға, мұнай-газ және тау-кен жобаларына, салыстырмалы түрде дамыған инфрақұрылымға, қаржы жүйесіне және халықаралық компаниялармен жұмыс істеу тәжірибесіне сүйенеді.

Бірақ бұрынғы инвестициялармен шексіз мақтана беру жеткіліксіз. Капитал өткен жетістіктерге емес, болашақтағы табыс пен тұрақтылыққа қарайды. Сондықтан Қазақстан үшін ендігі негізгі міндет - құқықтық болжамдылықты күшейту, инвесторлардың мүлкін қорғау, бюрократиялық кедергілерді азайту және экономикалық саясаттың бірізділігін сақтау.

Мақалада Қазақстанның Қытай үшін де Орталық Азиядағы басты экономикалық әріптеске айналғаны көрсетілген. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық 48 млрд долларға жеткен. Қазақстан мен Қытай бұл көлемді 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. 2025 жылдың ортасына қарай Қытайдың Қазақстан экономикасына салған жинақталған тікелей инвестициялары шамамен 11,4 млрд долларды құраған. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш әрі Қытайдың өңірге салған капиталының үштен біріне жуығы.

Алайда Қазақстанның Қытай үшін маңызы инвестициямен ғана өлшенбейді. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жүк тасымалының 85 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. 2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалы 35,6 млн тоннаға жетіп, бір жылда 11 пайыз өскен. Соңғы жеті жылда Қазақстан көлік және транзит инфрақұрылымына 35 млрд доллардан астам қаржы салған. Ақтаудағы контейнерлік хаб, Қытайдың Сиань қаласындағы құрғақ порт және Достық – Мойынты теміржолының екінші жолы Қазақстанның транзиттік әлеуетін нақты экономикалық активке айналдырып келеді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы өндірістік кооперация да тереңдеп жатыр. Жалпы құны 8,7 млрд доллар болатын 62 бірлескен жоба іске қосылып, шамамен 11 мың жұмыс орны ашылған. Тағы 13,5 млрд долларлық 55 жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Ал болашақ портфельге енгізілген 220-дан астам жобаның жалпы құны 60 млрд доллардан асады.

Мұның барлығы Қазақстанның географиялық орналасуын табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді. Бұрын Қазақстан әлем картасында теңізге тікелей шыға алмайтын құрлықтық мемлекет ретінде қарастырылса, бүгінде дәл сол география Қытай, Еуропа, Ресей, Кавказ және Таяу Шығыс арасындағы көлік дәліздерінің торабында орналасқан артықшылыққа айналып отыр.

Халықаралық рейтингтер де Қазақстанның өңірлік басымдығын растайды. Басылым келтірген болжамға сәйкес, 2026 жылы Қазақстан экономикасының көлемі 360,4 млрд долларға жетіп, әлемде 49-орынға шығуы мүмкін. Экономикалық күрделілік индексінде еліміз 55-орында, ал экономикалық еркіндік индексінде 68-орында тұр. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның өндірістік құзыреті, нарықтық институттары және технологиялық өнім шығару мүмкіндігі көршілерден жоғары екенін көрсетеді.

Әрине, бұл көрсеткіштердің барлығы еліміздегі проблемалар толық шешілді деген сөз емес. Қазақстан экономикасында инфляция, өңірлер арасындағы теңсіздік, еңбек өнімділігінің баяу өсуі, квазимемлекеттік сектордың үлесі, импортқа тәуелділік және шикізат экспортының басымдығы сақталып отыр.

Бірақ шетелдік басылымның мақаласы бір маңызды шындықты көрсетеді: Қазақстанның қолында Орталық Азияның басты экономикалық орталығы болып қалуға жеткілікті бастапқы капитал бар.

Ол капитал табиғи ресурс қана емес.

Ол - экономиканың көлемі, қалыптасқан қаржы жүйесі, халықаралық инвесторлармен жұмыс тәжірибесі, өндірістік база, Қытай мен Еуропаның арасындағы география және салыстырмалы түрде күрделі экономикалық құрылым.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір